Жарнама
Инфрақұрылым

Ескі саябақтың жер телімі кімге бұйырады?

Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Атыраудың тарихи бөлігіндегі бос жер телімін әкімдік «Атырауинжстрой» ЖШС-не сатылғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда бүгінде қала билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып үлгерді. Олардың айтуынша, мұнда жаңа саябақ салу жоспарлануда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазір ескі саябақ аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ескі ғимараттар бұзылып, олардың орнында жаңа құрылыстар бой көтеруде. Олардың ішінде Пушкин – Жарбосынов – Балғымбаев – Шевченко көшелерінің қиылысындағы бос тұрған жерде бір кездері коммерциялық және әлеуметтік нысандары бар көп салалы әкімшілік-тұрғын үй кешенінің құрылысы басталғанға ұқсайды. Онда қадалар жерге қадаулы, ал қалғаны сол жерде жинаулы тұр. Ол маңнан жұмысшылар мен арнайы техниканы көре алмадық. Өйткені  кіреберістегі қақпаға құлып салулы. Сонымен қатар, нысанның төлқұжаты да байқалмады. Соған қарағанда құрылысы тоқтатылған сияқты. Сонымен, қала орталығындағы жер телімдері кімге тиесілі? Осы ретте AtyrauPress тілшісі қала әкімдігіне ресми ақпарат алу мақсатында хабарласты. 

«Әкімдік «Атырауинжстрой» ЖШС-не Пушкин – Жарбосынов – Шевченко көшелерінің аралығындағы «Central Park» тұрғын үй кешенінің құрылысына сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден бас тартты. Атырау қаласының ескі бөлігінде бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес бұл аумақта тұрғын үй кешендерін салу қарастырылмаған. Бұл аумақ жасыл аймаққа жатады. Қаланың ескі және жаңа Бас жоспары негізінде қалалық саябақ аумағының мақсаты өзгерген жоқ, ескі саябақ саябақ күйінде қалады», — делінген қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаевтың қолы қойылған ресми жауапта.

Сондай-ақ ресми жауапта  қаланың ескі бөлігінде саябақтар, скверлер, бульварлар салынып, аумақты ауқымды абаттандыру жоспарланғаны аталды. Ал Атырау облысының құрылыс басқармасы қалалық саябақтың жанынан 5,9 гектар аумақта тағы бір жаңа орталық саябақтың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген.

«AtyrauPress» редакциясы бұл мәселенің қалай шешілгенін соңына дейін бақылайды. Редакция «Атырауинжстрой» ЖШС-не ескі саябақтағы құрылысқа қатысты ресми сауал жіберіп, жауап күтіп отыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button