«Доссор–Құлсары» жолы бүгін ашылады
Жем өзенінің тасуы салдарынан «Доссор–Құлсары» тасжолының 101-шақырымында жол қозғалысы 4 сәуір күні тоқтаған болатын. Соның салдарынан Доссор кенті маңында 470 жүк көлігі тұрып қалды.
Кеше «Қазавтожол» компаниясы трассаның осы бөлігін қалпына келтіруге кірісті. 45 адам, 28 техника жұмылдырылған учаскеде су өткізетін 12 құбыр салынып жатыр.
Оның бетінен инертті материалдар төселіп, көліктердің уақытша жүріп-тұруына рұқсат беріледі.
«Доссордан Құлсары бағытына қарай көлік қозғалысын қамтамасыз ететін жол бойында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгін кешке дейін көлік қатынасы қайтадан қалпына келтіріледі. Жағдайға байланысты уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, сабырлылыққа шақырамын», — деді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Атырау облыстық филиалының директоры Мұрат Мықтыбаев.
Қуандық ШӘКІРОВ