Биыл Атырауда 62 трансформатор ауыстырылды
«Атырау жарық» АҚ 32 трансформаторды жаңасына ауыстырды. Атап айтсақ, Жылыойда – 6, Махамбетте – 3, Исатайда – 3, Индерде – 3, Қызылқоғада – 4, Мақатта – 6, Құрманғазыда – 3, Атырауда – 4. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тарапынан 30 трансформатор жаңартылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Мекеме балансындағы 742,058 шақырым әуе, 1,745 шақырым кабель желісіне, 14 подстанцияға, 76 транформаторға күрделі жөндеу жасалды. Олардың қатарында қосалқы станция мен таратушы пункт бар. Сондай-ақ 2024 жылдың инвестициялық бағдарлама аясында бірнеше іс-шара атқарылды. Соған сәйкес Атырау қаласындағы тозығы жеткен желілерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ақжар селосы және Ш.Еркінов пен Алатау көшесінде трансформаторлық қосалқы станцияларына жаңа қондырғылар орнатылды, -деді Атырау Энергокешенінің баспасөз хатшысы Эльвира Рахымжанқызы.
2024-2029 жыл аралығында «Ынталандыру» жобасына сәйкес халықты сапалы, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы мақсатта келер жылы 473,271 шақырымға жуық әуе, 1,215 шақырым кабельді желі, 9 подстанция және 66 транформаторға, қосалқы станцияға және таратушы пункті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды.
Айта кету керек, «Атырау жарық» АҚ – өңірді жарықпен қамтып отырған энергокешен. Мәселен, қазан айына өндірген электр энергия көлемі сағатына 142 миллион 401 мың 881 кВт. Бүгінде онда 1454 адам еңбек етеді.
Қазіргі алалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің балансында 548 трансформатор бар. Оларды жаңғырту жұмысы жыл сайын кезең-кезеңімен жүруде .