
Ауылға ауыз су келді
Махамбет ауданында ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның бір жарқын көрінісі – жуырда Көздіқара мен Есмахан ауылдарына таза ауыз судың келуі. Ауыл халқы бұл күнді тарихи сәт ретінде бағалап отыр.
Салтанатты шараға Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев арнайы келіп қатысты. Ауыл халқы көптен күткен су жүйесінің іске қосылу рәсімі ауыл сыртындағы жаңа су тарату нүктесінде өтті. Ел ағалары ақ батасын беріп, су жүйесінің лентасы салтанатты түрде қиылды. Жиынға ауыл тұрғындары, ардагерлер мен жастар да қатысып, бұл қуанышты сәттің куәсі болды.

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев өз сөзінде бұл бастаманың маңызын атап өтті.
– Халықтың өмір сүру сапасын арттыру – біздің ең басты міндетіміз. Бұрын ауыз суды тасып ішіп келген ауыл тұрғындары енді үй іргесінен тіршілік нәрін тұтынатын болады. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қамқорлықтың нәтижесі, — деді аудан басшысы.
Аталған жоба облыстық және аудандық бюджет қаржысы есебінен қаржыландырылған. Құрылыс жұмыстары бірнеше ай ішінде аяқталып, Көздіқара мен Есмахан ауылдары таза, қауіпсіз әрі үздіксіз ауыз сумен қамтылды.
Жоба аясында жаңа су тарату желілері тартылып, су сорғы стансасы мен резервуарлар орнатылды. Әрбір үйге жеке-жеке су жеткізу мүмкіндігі жасалды. Бұл – тек осы екі елді мекеннің ғана емес, тұтас аудан жұртшылығының көптен күткен мәселесі болатын. Бұған дейін Ақтоғай және Бақсай ауылдық округтеріне қарасты алты елді мекенге ауыз су көлікпен жеткізіліп келген. Осы түйткілді шешу үшін аудан әкімдігі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сұраныс жолдап, нақты қадамдар жасалған. Соның нәтижесінде Есмахан, Көздіқара, Бала Ораз және Атамбаев ауылдарына ұзындығы 65 шақырым болатын су құбыры тартылды.

Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов бұл игілік елдің тұрмысына үлкен серпін беретінін атап өтті.
– Көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе оң шешімін тапты. Бұл – жай ғана инфрақұрылым емес, тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететін үлкен жетістік. Таза ауыз су – елдің әл-ауқатының басты көрсеткіші. Ел атынан алғысымыз шексіз, — деді округ әкімі.
Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан жасалған қолдауға ризашылық білдіріп, жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Бұл – ауыл өміріндегі жаңа белес, жарқын болашаққа бастар игілікті қадам.
Майра ЕРҒАЛИ
Махамбет ауданы