Атыраудағы жағымсыз иістен қалай арыламыз?
Өзгелерімен салыстырғанда экологиялық ахуалы күрделілеу болып келетін өңірімізде шұғыл шешімін күткен өзекті мәселе бар. Ол – сарқынды суларды тазарту, оны техникалық мақсатта пайдалануға болатындай жағдайға жеткізу жұмыстары. Бұл ретте инженерлік инфрақұрылымдарды жетілдірудің де маңызы зор.
Атырау қаласында кәріздік суларды тазарту мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұдан бұрын облыс орталығында (сол жақ бөлігінде) жаңа кәріздік тазарту имараты қолданысқа берілгені белгілі. Жобалық құны 10 млрд. теңгеге бағаланған заманауи үлгідегі кешенде бас кәріздік айдау стансасы, ағынды суды тазалау қондырғысы, биотоған мен булану алаңдары бар. Оның тәуліктік қуаттылығы 70 мың текше метрді құрайды. Ал, оң жақ беттегі осындай нысанды қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуынша, қазіргі уақытқа дейін қаладағы жалпы ауданы 1336 гектарды құрайтын «Тухлая балка» кәріздік сулар булану алаңының 476 гектары (қалаға тиесілі бөлігінде «Павлодар өзен порты» ЖШС-нің күшімен) қалпына келтірілсе, қалған 860 га булану алаңы бөліктеріндегі жұмысты Атырау мұнай өңдеу зауыты атқарып келеді. Tazalyq жобасы шеңберінде булану алаңдарын рекультивациялау және нормативтік-тазартылған сарқынды су каналын реконструкциялау жұмыстарын қолға алды.
Бүгінгі таңда кәсіпорын бас кәріздік сорғы стансасы мен кәріздік тазарту стансасына ағынды суларды жіберуге арналған құбырларды жүргізу, сонымен қатар булану алаңдарының 1-2 секторын рекультивациялау жұмыстарын аяқтады. 3-4 секторларды құрғату және қалпына келтіру шаралары зауыттан шығатын ағынды суларды Атырау қаласының кәріздік тазарту стансасына жіберуге рұқсат алынғаннан кейін басталады. Бұл жұмыстар да 2025 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, оң жағалаудағы «Квадрат» сарқынды сулардың буландырғыш-тоғанын тазарту жұмыстарын осымен шамалас мерзімде бітіру межеленіпті. Ал, Құрманғазы, Махамбет және Жылыой аудандарында кәріздік-тазарту нысандары құрылысы жоспарланып, жобасы әзірленуде.
Аталған жұмыстардың барлығы толығымен іске асырылған жағдайда, яғни 2025 жылы қаланың атмосферасына таралатын газдар мен жағымсыз иістердің, жерүсті суларына ауадан түсетін салмақтың және жерасты суларының зиянды заттармен ластану мөлшері азайып, деңгейі айтарлықтай төмендейді, — деді басқарма басшысы.
Қатты тұрмыстық қалдықтан да құтыламыз
Тұрғындарды толғандырған мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтардың шамадан тыс жинақталып, шоғырлануы болып отыр. Қала сыртындағы полигондар жағымсыз иіс пен өртелген қалдықтардың түтіні тынысты тарылтып, қолқаны қабады. Осы полигондарды қалпына келтіріп, тиісті талапқа сәйкестендіру 2024-2025 жылдарға жоспарланыпты. Сөйтіп, алдағы жылдың аяғына таман облыс орталығы мен аудандардан кем дегенде оншақты сондай полигон салынып, пайдалануға берілмекші екен.
Нұрлан Жантоқовтың сөзінше, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге қаражат бөлініп, ангарлар мен сұрыптау кешендерін, контейнерлер сатып алу және оларды орналастыратын алаңшалар салу жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен бірге, облыстағы қалдықтарды басқару саласында қордаланған проблемаларды шешу, үшін басқарманың көмегімен «Жасыл Даму» бағдарламасын іске асыру көзделген. Дәлірек айтқанда, аталған бағдарлама аясында қажетті техникалар мен құрал-жабдықтарды алуға кәсіпкерлік субъектілерімен келісім-шарт жасалған. Осы бағытта жүзеге асырылуы жоспарланып отырған төрт жобаның сметалық құны 3,6 млрд. теңгені құрайды.
«Таза Қазақстан» тазалыққа бастайды
Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өткізіледі. Дәстүрлі шара биыл да жалғасын тауып отыр. Алайда, өзге өңірлердегідей емес, біздің облыста төтенше жағдайдың жариялануына байланысты акция су тасқынының алдын алу, елді мекендер қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары, яғни, Жайық өзені жағалауына бөгеттер тұрғызу жұмыстарымен қатар жүргізілді.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет редакция мұрағатынан