
Атырауда республикалық және жергілікті маңызы бар көпірлер диагностикаланады
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпірлерді диагностикалау мәселесі талқыланған жиын өтті. Басқосуға филиал және тапсырыс беруші, яғни жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық маңызы бар нысандардың қазіргі техникалық жағдайы сараланып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар пысықталды. Филиал директоры Аслан Дюсеновтың айтуынша, көпірлерді уақытылы диагностикалау — олардың техникалық ақауларын ерте кезеңде анықтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және көлік қозғалысының кедергісіз жүруіне мүмкіндік береді.
Бүгінде облыс аумағындағы республикалық маңызға ие жолдарда 57 көпір бар. Оның 30-ы «Атырау-Астрахан» тас жолы бойында орналасқан. Ең ескісі 1970 жылдары пайдалануға берілген көпірдің әрқайсысы өңірішілік және транзиттік көлік қозғалысы үшін маңызды нысан. Аталған жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде бұл көпірлердің барлығы қайтта жаңғыртылды. «Атырау-Орал» тас жолы бойындағы 19 көпір 2005 жылы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Ал, «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай Өтес-Ақтау» жолы бойындағы 8 көпірге 2008 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
Облыстық маңызға ие жолдарда 26 көпір, аудандық деңгейде 11 көпір бар.
Енді диагностика кезінде көпірлердің жол жабындысының беріктігі, тегістігі, геометриялық жағдайы тексеріледі, ілінісу коэффициенті мен көлік қарқындылығы және жолдағы сызаттар анықталады. Сонымен қатар, талдау жасау, жөндеу жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру, күтіп ұстау, жөндеумен айналысатын ұйымдарды оңтайлы қаржыландыру, және жол құрылысының жай-күйі бағаланады. Тозығы жеткен элементтерін дер кезінде ауыстыруға мүмкіндік береді.