Атырауда 750 мың шаршы метр үй пайдалануға берілмек
Осы жылға барлық қаржыландыру көздері есебінен 750 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Оның ішінде 181 мың шаршы метрі — бюджеттік үйлер. Бұл туралы Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов баспасөз брифингінде мәлім етті. Сонымен қатар, «NCOC» компаниясы арқылы әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы шеңберінде Махамбет, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат аудандарының орталықтарында 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілуде.
— Сондай-ақ өткен жылы облыс бойынша әлеуметтік осал топтарға арналған 262 пәтер сатып алынды. Нақтырақ айтсақ, Атырау қаласы бойынша — 132 пәтер, Индер ауданында — 10 пәтер, Құрманғазыда — 20 пәтер, Қызылқоғада — 64 пәтер, Мақатта -14 пәтер, Махамбетте — 22 пәтер. Бұдан бөлек былтыр жергілікті және республикалық бюджеттен пәтер сатып алуға бөлінген 6 миллирдқа жуық теңге толық игерілді, — деді Н.Құсайынов.
Жиын соңында басқарма басшысы кәсіпкерлер назарына «Тұрғын үй сатып алу» бағдарламасы туралы айтып өтті.
— Тұрғын үй сатып алу бойынша аудандарда және шалғай елді мекендерде әлеуметтік осал топтарға пәтер сатып алып беру үшін арнайы бағдарлама қарастырылған. Оны аудан әкімшіліктері қолданыстағы тұрғын үйлерді сатып алу арқылы жүзеге асырып жатыр. Егер өңірде осы жобаға қызығушылық танытып, өз қаражаты есебінен сол тұрғын үйлердің құрылысын салып, әкімшілік арқылы жүзеге асыруға осы жоба бойынша сатқысы келетін кәсіпкерлер болса, онда тікелей өздеріне тиесілі аудан әкімдерімен байланысқа шығуына болады. Қазіргі таңда аудандарда тұрғын үйлердің бір шаршы метрі – 200 мың теңгеден жоғары болса, Атырау қаласында 300 мың теңгеден жоғары деп бекітіліп отыр, — деді ол.
Сонымен қатар оның айтуынша, биыл қала, аудан әкімдерінің ұсыныстарына сәйкес 195 пәтер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар тағы да қосымша өтінімдер берілетін болады. Осыған орай республикалық бюджеттен 2 млрд 678 млн 400 мың теңге қаражат бөлінген.