
Көптен күткен күре жол ашылды
Ел осы жолдың құрылысының біткенін көп күтіп еді. Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысы осы аптада аяқталды. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы басшысының орынбасары Азамат Қабдығалиев компанияның өз уәдесін орындағанын жария етті. Тек біз емес, елдің бұқаралық ақпарат құралдары түгелге жуық жол құрылысының сағызша созылып, мерзімінен не себепті кешіктірілгенін көп жазды. Ақыры жауапты орган сөзіне жетті.
Атырау қаласынан Ресей шекарасына дейінгі жолдың ұзындығы – 272 шақырым. 2018 жылы басталған сол жолдың құрылысын Еуропа қайта құру және даму банкі несиелендіріп, қайта жаңартудан кейін жол ІІІ техникалық санаттан ІІ санатқа ауыстырылды. Әр бағытта ені 3,75 метрден тұратын екі жолақта көлік емін-еркін жүре алады. Жол бойында 6 көпір, 1 өткел, 60 су өткізгіш құбыр салынып, 10 демалыс алаңы абаттандырылған. Сондай-ақ 650 жарық бағаны орнатылып, көлік қозғалысы қауіпсіздендірілді.
Жол халықаралық стандартқа сай қайта жаңартылып, жобаны жүзеге асыруға отандық компаниялардан басқа Италия, Түркия мен Әзербайжан елдерінің компаниялары қатысты. Жыр болған жолды салуға 650 маман, 450 арнайы техника жұмылдырылған екен. Ақтөбе облысындағы Мұғалжар және Маңғыстаудың Шетпесінен теміржол арқылы 3,4 миллион тонна инертті материал жеткізілген.
Алайда, асфальтбетон төсеп, көпір салуды қоса алғанда, негізгі жұмыс жасалғанымен, жұмыстың бір бөлігі 2025 жылы жалғасады.
– Қазір Хамит Ерғалиев ауылының маңындағы Бақсай өзені арқылы өтетін көпір салынып бітеді. Жуырда тосқауыл және қоршау орнату жұмыстары толық аяқталмақшы. Әзірге ескі көпірмен жүріп жатқан көлік ағыны сол кезде жаңа көпірге бағытталады. Қайта жаңартылатын учаскенің 212 шақырымының 80 шақырымы, яғни Исатай кентінің маңындағы 753-833 шақырым аралығы да жуырда пайдалануға тапсырылады. Қалған 132 шақырым келесі жылы қолданысқа берілмек. Өйткені жол жиектерін нығайтып, жол белгілерін орнату және аумақты рекультивациялау жұмыстары әлі жасалмаған. Ал сапаны бақылауды мердігерлер зертханасы, техникалық қадағалау қызметі және белгіленген регламентке сәйкес құрылыс учаскелеріне үнемі баратын Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкерлері жүргізуі тиіс, — дейді А.Қабдығалиев.
Бұрын Атырау қаласынан Құрманғазы ауданындағы шекара бекетіне жету үшін бес сағат қажет болса, қазір бұл маршрутқа небары екі сағат жеткілікті. Жолды қайта жаңарту жұмысының аяқталуы тек жергілікті көлік инфрақұрылымын дамытуға әсер етіп қойған жоқ, көршілес елдердің байланысын күшейтіп, экономикасының нығаюына және халықаралық сауданың дамуына септігін тигізбек.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атырау облыстық әкімдігінің тапсырмасына сәйкес Құрманғазы ауданы мен облыс орталығының арасында күн сайын 53 орындық 3 автобус жүреді екен. Билет құны – 2000 теңге. Балаларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
– Атырау қаласындағы автобекеттен автобус таңертең 7.00-де, 12.00, 19.00-де, ал Құрманғазы ауылындағы «Қазақтелеком» ғимаратының алдынан таңғы сағат 6.00, 11.00 және 17.00-де жүреді. Жолаушылар тасымалына Akzhayik Avtopark ЖШС жауапты, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейісов.
Қоғамдық көліктердің Атырау қаласынан 16 желтоқсаннан, ал Құрманғазы ауданынан 17 желтоқсаннан бастап жүре бастағанын ескерген жөн. Жолаушылар билетті автобекет кассасынан және «Atyraubus.kz» сайтынан сатып алады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН