
Атырау — Астрахан тас жолының қала аумағындағы бөлігі қайта жаңғыртылуда
Қазір Атырау қаласының аумағындағы маңызды көлік бағыттарының бірі – Атырау — Астрахан тас жолының 6,4 шақырымдық бөлігі қайта жаңғыртылуда. Жөндеу жұмыстары Исатай Тайманов көшесіндегі айналма жолдан бастап Сарыөзек көпіріне дейінгі аралықты қамтиды. Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құрылыс жұмыстарын мердігер – «Каздорстрой» мекемесі атқаруда. Қазіргі уақытта жобаға 34 жұмысшы және 55-тен астам арнайы техника қамтылған. Олардың қатарында 2 бульдозер, 7 тиегіш, 6 экскаватор, 23 жүкаударғыш, 4 автогрейдер, 8 каток, 4 су шашатын машина және 1 фреза бар.
Жоба аясында жол жамылғысы толық ауыстырылып, бұрынғы 2 жолақты жол 4 жолаққа кеңейтіледі. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы, аялдамалар мен заманауи жарық шамдары орнатылады.
Қайта жаңғырту жұмыстары күнделікті кесте бойынша қарқынды жүргізілуде. Бұл тек жол емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалып жатқан маңызды инфрақұрылымдық қадам.