
«Атырау-Астрахан» тас жолында анықталған ақаулар жойылып жатыр
Атырау облысында қайта жаңғыртылып жатқан «Атырау-Астрахан» республикалық маңызы бар автожолы сапа бақылауынан өтіп, анықталған ақауларды түзету жұмыстары жүргізілуде.
Жоба «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау филиалының тұрақты бақылауында.

Жыл басынан бері филиал инженерлері нысанға бірнеше рет тексеріске шығып, жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдардан бірнеше сынама алынған.
Анықталған кемшіліктер жойылған.
Сонымен қатар жол жабындысының отыруы, сызаттардың және жарықтардың пайда болуы сияқты 9 ақау тіркелген. Осыған байланысты тапсырыс беруші мен мердігер мекемеге ескерту хат жолданды.

Қазір 616-648 шақырым аралығында анықталған ақауларды жою жұмыстары басталды. Мердігер «ЛЯНКЯРАН ЙОЛ ТИКИНТИ» ААҚ филиалы жолдың отырған учаскелері кесіліп алынып, орнына жаңа асфальтбетон қабаты төселуде.
Филиалдың бөлім бастығы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, барлық құрылыс процесі кезең-кезеңімен бақылауға алынған:
«Жол сапасына қатысты анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемеге нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда кемшіліктерді түзету жұмыстары жүріп жатыр. Біздің мамандар жолдың әр учаскесін бақылауда ұстайды».
“Атырау-Астрахан” тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Жоба толық аяқталған соң өңірдегі транзиттік тасымалдың сапасы артып, көлік қозғалысы жеңілдейді деп күтілуде.