Жарнама
Инфрақұрылым

«Атырау-Астрахан» тас жолы жыл соңында пайдалануға беріледі

Бүгінде «Атырау-Астрахан» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстарының 85% аяқталып, жыл соңында халық игілігіне пайдалануға беріледі. 212 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан халықаралық маңызы бар жолға 111,3 млрд. теңге жұмсалған. Бұл туралы Атырауда Министр өкілдері бас қосқан семинарда айтылды. Атыраудан Астраханға дейін қатынайтын жол қайта жаңғыртудан соң екінші санатқа ауыстырылады.

«Атырау-Астрахан» тас жолы қолданысқа жыл соңына дейін толығымен тапсырылады. Жол пайдаланушылардан бөлек, еліміздің транзиттік әлеуетін жақсарту үшін де пайдаға асу қажет. Көлік қозғалысы артып, осы жерден өтетін шетелдің көлік құралдары жанар-жағармай алып, тамақтануы керек, түрлі қызметтер көруі керек» дейді ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев семинар барысында.

«Атырау-Астрахан» тас жолын қайта жаңғырту 2019 жылы басталды. “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” мекемесі атқарылып жатқан жұмыстар мен жол сапасы қалай тексерілетінін БАҚ өкілдеріне таныстыру үшін «Сапа керуені» баспасөз-турын ұйымдастырды. Тілшілер Исатай ауданындағы жол сапасынын қадағалайтын зертханада болып, тас жолын салу кезінде сынама қалай алынатынын көзбен көріп қайтты.
«Атырау-Астарахан» тасжолын салу барысында 2000-ға жуық жол құрылыс материалынан сынама алынды. 9% материалдың техникалық талапқа сай келмейтінін анықталды. Бүгінде анықталған ақауларды қалыпқа келтірілді. Жолдың сапасына бес жыл беріледі. Осы аралықта қандай да бір ақау табылса, мердігер мекеме жөндеп береді», дейді«ЖАСҰО» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Осыған дейін атыраулықтар бұл трассаның аяқталмай жатқанына бірнеше мәрте шағымданған болатын. Ұзаққа созылуының басты себебі: Атырау облысында шебіннің жоқтығы, басқа қаладан тасу уақытты қажет етеді. Бірақ мердігер мекеме өз тупигімізді теміржолға салып, жұмысты реттедік дейді:
«Біз 80 шақырым учаскені пайдалануға тапсырдық. 1 зауытымыз бар. 3 жылда жол құрылысына 120 техника, 200-ге жуық қызметкер жұмылдырылды. Соңғы участокта 250мың тонна асфальт салдық. Атырау облысында шебін болмағаннан кейін 22 мың вагон қиыршақтасты Ақтөбе облысынан тасып, 21 мың битум Маңғыстаудан жеткізілді» — дейді мердігер мекеме өкілі Ахмет Мудуроглы.

Атырау қаласынан төрт бағытқа шығатын республикалық жолдың бірін жаңғыртып, пайдалануға беру жергілікті тұрғындар мен жүк тасушыларға айтарлықтай қуанышты жаңалық болды.
«Бұрын жол ескі еді. Жол көлік апаты көп болды. Енді міне халық игілігіне жаңа жол беріліп жатыр. Өте ризамыз» дейді Құрманғазы ауданының тұрғыны Ержан Рысқалиев.

Ал, жүк көлік жүргізушісі болып 4 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан әзірбайжан азаматы жол жүру уақытының қысқарғанын айтты.
«Жол жүру кезінде көп жағдай орын алады. Солардың бір себебі: тас жолдың болмауы. Біз қазір Алматы қаласынан Әзербайжанға бағыт алдық. Бұрын осы трассамен 10 күндей жүретінбіз, қазір 6 күнде жетеміз. Жүргізушілер үшін бұл қуанышты жаңалық» дейді әзербайжандық жүк көлік жүргізушісі Русал Абдуллаев.

Айта кетейік, «Атырау-Астрахан» тас жол қозғалысының жылдамдығы 110 км/сағ. Аталмыш жолмен тәулігіне 5 мыңға жуық автокөлік өтеді. Толық пайдалануға берілгеннен кейін көлік ағыны 75%-ға артады.

Жалпы Атырау облысы бойынша 3052 шақырым жол бар. Оның 1926-сы облыстық, 1126-сы республикалық маңызы бар жол. Қазір облыс бойынша жолдың сапасы 76% құрайды.

Хұсни ХАМЗА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button