МЕККЕГЕ ЖАЯУ АТТАНҒАН ЖЕЛАЯҚ

Атыраулықтардың қолдауымен сапарын жалғастырмақ

Астана күні Елордадан шығып, Меккеге жаяу аттанған Дулат Иманқажының 25 шілде күні Атырауға келгені туралы бұған дейін де жазғанбыз. Алайда, үлкен құлшылық сапарының мұнайлы өлке төрінде аяқталуы әбден мүмкін еді. Мәселенің мәнісі «Жайық Ақпарат» баспасөз клубында арнайы өткізілген баспасөз мәслихаты барысында кеңінен айтылды.

«Жергілікті БАҚ өкілдерінің жазбаларына сай, біз марафоншының жайына қанықтық. Сосын өзіне телефон шалып, барлық жайтпен танысқан соң, жергілікті әкімдік арқылы мәселенің оңтайлы шешім табуына атсалыстық» дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохай. Шілде айының алтысында Астанадан аттанған сәтте желаяқ өзіне қаржылық қолдау білдіреміз деген жандардың сөзіне сенім артып, жолға шыққан көрінеді. Алайда, Атырауға келгенінде қажетті соманың шотына әлі түспегеніне алаңдаушылық танытыпты.

Осы орайда, аталған жайтпен танысқан Атырау облысы әкімдігі қолұшын созып, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен сауапты іске бет алған спортшыға қаржылық қолдау көрсетіп отыр. «Өз кезегімде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен осы іске араласып, маған көмек қолын созған жандарға үлкен алғысымды білдіремін» дейді Дулат Қанабекұлы.

Ата-бабалар дәстүріне сай, қасиетті Меккеге дейінгі жолды жүгіріп өтуге бел буған желаяққа ҚР Сыртқы істер министрлігі де қолдау көрсетпекші. Әзірбайжан, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы елдері арқылы өткен сәтте елшіліктер құжат рәсімдеу, виза толтыру сынды мәселелерге көмектесіп, медициналық тексерістен өту, кейінгі кезде кең етек алып келе жатқан вирустық инфекцияларға қарсы арнайы екпе алу шараларын да ұйымдастырмақ ниетте.

Баспасөз мәслихатына қатынасқан ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы     Батыржан Мансұров өз кезегінде «қажылыққа бару жағдайы жеткен адамдарға парыз саналады. Ал, біреудің қаржысына сенім артып діни сапарға шығуға шариғат қарсы емес пе?» деген журналистер сауалына орай, осындай ізгілікті іске атсалысқан жандардың да сауапқа кенелетіндігін айтты.

Сөз соңында марафоншы өзіне үлкен қолдау білдірген Атырау жұртшылығына деген құрметінің белгісі ретінде, қажылықтан қайтар сапарында Атырау қаласына арнайы ат басын тіреуге ниетті екендігін жеткізді.

Айта кетелік, 47 жастағы астаналық Дулат Иманқажы Елордадағы қатардағы мектеп-лицейдің бірінде шаңғы үйірмесіне жетекшілік етеді. Бірнеше спорт түрімен айналысқанымен, соңғы он жылға жуық уақыттан бері марафон саласына бет бұрған.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз