Жарнама
Ғибрат

Ұмытылмас тұлғаға – құрмет

Бүгін Астана қаласындағы Мәжіліс үйінде көрнекті мемлекет және партия қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, КОКП Орталық Комитетінің мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Саттар Имашевтің туғанына 100 толуына арналған конференция өтті. Оған қайраткердің ұрпақтары, көзін көрген ізбасарлары, ғалымдар, жазушы-журналистер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің бұрынғы және қазіргі депутаттары қатысты.

Парламент Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Айдос Сарым конференция жұмысын ашып, көрнекті қайраткер Саттар Имашевтің өмір жолына тоқталды. Бұдан соң сөз алған ХІ-ХІІІ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Маркен Шәйжүнісов, Алтыншаш Жағанова, Биғали Қайыпов, Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, Мәжілістің бұрынғы депутаты Ирак Елекеев, журналист Махат Садықтар Саттар Нұрмашұлының қайраткерлік және адами қырларына тоқталып, туған елдің өсіп-өркендеуіне қосқан адал әрі кіршіксіз таза еңбегін атап көрсетті.

Саттар Нұрмашұлының өмірбаяны – дәуір айнасы. Ол индустрияландыру және соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіруден, ауыл шаруашылығы саласын дамытудан, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту тәрізді күрделі ауыр өмір жолынан өтті. Кеңестік Қазақстанның дамуына, одан кейін тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға зор үлес қосты.

Оның Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасын басқарған кезде ел үшін өлшеусіз мол тер төккенін ерекше атап өткен жөн. Осы жоғары қызметте ол өзін көрнекті ұйымдастырушы, терең мәдениетті, халық мүддесіне адал, адал адам ретінде көрсете білді. Қазақстандықтардың өмірін жақсартып, ұлтаралық келісімді қолдауға, мәдениет пен ұлттық бірегейлікті дамытуға бағытталған заңнамалық бастамаларды әзірлеуге қатысты.

Саттар Имашев қашанда халыққа жақын болды. Әділдіктің, адалдық пен еңбек адамына деген құрметтің құдіретіне сенген ол мұны өз қызметімен бір емес, бірнеше рет дәлелдеп берді. Әлеуметтік әділеттілік пен қарапайым адамға көңіл бөлмей, қуатты мемлекет құру мүмкін емес екенін түсінді.

Конференцияға қатысқан Элеонора Имашева әкесінің азаматтық келбеті мен қайраткерлік іс-әрекетін жоғары бағалап, арнайы шара өткізген мемлекет басшылығы мен Парламент Мәжілісінің құрамына шынайы ризашылығын білдірді.

Мерейтойлық шараға қатысушылар Саттар Нұрмашұлының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ұсыныс-пікірлерін айтып, шара қорытындысында арнайы қарар қабылдады. Онда көрнекті мемлекет қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, бірнеше ордендер мен медальдардың иегері, тарих ғылымдарының кандидаты Саттар Имашевтің Қазақстанның мемлекеттігін қалыптастырып-дамытудағы тарихи ролі атап көрсетілген.

Соның бәрін ескере келіп, қарарда республика Үкіметіне С.Имашевтің есімін есте қалдыру үшін ғылыми және саяси мұрасын зерделеп, насихаттауды жалғастыру, ол туралы ғылыми еңбектер, естеліктер және мұрағаттық құжаттар жинағын шығару, Қазақстан тарихы бойынша білім беру бағдарламаларына оның қызметі туралы материалдарды енгізу, Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Бірлік ауылын Саттар Имашев ауылы болып қайта атау, Астана, Алматы қалаларындағы көшеге және мектепке оның есімін беру, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеттері тарих факультеттерінің студенттеріне С.Имашев атындағы мемлекеттік стипендияларды тағайындау, Алматы қаласындағы тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнату жөнінде ұсыныстар берді.

Есімі күллі қазақ жеріне Дінмұхамед Қонаевтай кемеңгер тұлғалармен қатар аталып, қай жерде, қандай қызмет атқарса да, жауапкершілігімен адамгершілік, парасаттылық қасиеттерімен тарихта өзіндік із қалдырған Саттар Имашевтың туғанына 100 жыл толуына орай біз де газет бетінде белгілі қаламгерлер Алтыншаш Жағанова, Ақұштап Бақтыгереева және Зәкір Асабаевтың көлемді мақалаларын жарияланған еді. Ол да осындай маңызды ұсыныстардың берілуіне түрткі болғандай.

Қашан да ел өз ұлдарының есімін лайықты құрметтеп жүргені абзал.

Қуандық ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button