Жарнама
Ғибрат

Ұлағатты ұстаз мерейі

Биыл еліміздің қобыз өнерінің және музыка мәдениетінің өркендеуіне зор шығармашылық үлесін қосқан атыраулық қобызшы, ардагер ұстаз Оңайша Шотқарақызы Қарашева мерейлі 70 жасқа толып отыр. Айналасына мейірімді, талапшыл, еңбекқор жан ретінде танымал тұлғаның жемісті еңбек жолына да жарты ғасыр толыпты.

Тұлғаның өмірі мен еңбек жолы Атырау топырағында қалыптасып қарқынды дамыған қобызда орындаушылық өнерімен тығыз байланысты.

Республикамыздағы қобыз аспабының насихатталуы өткен ғасырдың 30-шы жылдарында қайта жаңарып, жетіліп, жаңа формаға түсіп, жеке орындауда да, оркестрде де қолға алынғаны мәлім. Қобыз аспабының қажеттілігі әсіресе оркестр ұжымдарының ұйысуымен арта түскен еді. Өткен ғасырдың ортасында барлық облыстарда жергілікті қазақ ұлт аспаптар оркестрлері құрыла бастады. Солардың бірі 1957 жылы құрылған Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі еді.

Осы кезеңде Атырау жеріндегі қобызда кәсіби орындаушылықтың негізін қалаушы тұлға дарынды музыкант әрі педагог Раушан Нұрпейісова болды. Жолдасы домбырашы, дирижер Сейілхан Құсайынов екеуі жас бола тұра, ұстаздары Ахмет Жұбановтың кеңесімен Гурьевте оркестр ұйымдастыруға, өңірдің мәдениетінің дамуына атсалысуға көшіп келеді. 

Өлкеге келген алғашқы прима-қобызшы орындаушылық қызметімен қатар қаладағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінде тұңғыш рет қобыз класын ашты. Осы кезеңнен бастап біртіндеп жергілікті жас қобызшылар тәрбиелене бастады. 1958 жылы ашылған музыка училищесінде алғашқы шәкірттері білім ала бастады.

Көп ұзамай 1960 жылы музыка училищесіне арнайы жолдамамен консерватория түлегі жас маман Нариман Сиражев келіп ұстаздық еңбек жолын бастайды. Оңайша Шотқарақызы осы «Атырау қобызының атасы» атанған Н.Сиражевтың өте қабілетті әрі еңбекқор шәкіртінің бірі болды.  

Республикамызға Атырауда еңбек еткен Р.Нұрпейісова мен Н.Сиражев, С.Қожантаевалар өз орындаушылық мәнері мен дыбыс тембрі бар дарынды шәкірттер легін тәрбиелеген ұстаздар ретінде танылды. Сондай-ақ Раушан Нұрпейісова жуырда бізге берген сұхбатында «Республикамызда Алматыдан кейін қобыздың мықты дамыған жері Атырау болды» деген еді. Бұл пікір жергілікті қобызшылар мектебінің басында тұрған аталмыш тұлғалардың ерен еңбегінің жемісі еді.

Алматыға арман қуып барған Нариманның өзіне беймәлім болған прима-қобызды таңдауына әкесіндей қамқорлық жасаған А.Жұбановтың: «Қазақты әу баста қобызда тек ер адамдар ғана ойнаған, сенің тұрқың да, келіс-келбетің, тіпті саусағыңның өзі осы мамандыққа келіп тұр. Атырауда маман қобызшы жоқ. Амандық болса, бес жылдан соң еліңе барып, талай-талай шәкірттер тәрбиелейтін боласың» деген сөзі әсер етеді. Айтқандай, консерваторияны профессор Фатима Балғаеваның класынан бітірген жас жігіт бүкіл күш-қайратын ұстаздық қызметке салды. Еңбегі де нәтижесіз болған жоқ. Білімдерін әрі қарай Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында жалғастырған көптеген шәкірттерінің арасында Оңайша Шотқарақызы Қарашеваның орны бөлек.

Оның осы мамандыққа оқудағы жолы жоғарыда аталған тұлғалармен тікелей байланысты. Оңайша Шотқарақызы қаладағы Ә.Жангелдин орта мектебінің 4 класында оқып жүргенде 1966 жылы ашылған Балықшы музыка мектебіне (қазіргі М.Қойшыбаев мектебі) қабылданып, осы мектептің алғашқы түлегінің бірі болды.

Оқушы скрипка немесе фортепианода оқимын деп келсе де, қобыздың тапшылығы болып және дыбыс ерекшелігі де әсер етіп осы аспапты таңдайды. Алғашқы жылдары Сұлухан апайының ойнаған қобызының дыбысы қатты әсер етіп: «Мен мынадай керемет дыбысты қашан ойнаймын деп армандадым. Бұл мен үшін ұмытылмас сәт болып қалды, содан қобызға бес жыл оқыдым», — дейді.

Кейінгі жылдары ҚР Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері атанған С.Қожантаева шәкіртін мақтанышпен былай еске алады: «Қобыз аспабын үйрену қиын болғанмен, Оңайша аспапты тез меңгерді. Оның есте сақтау қабілеті жоғары еді. Мектепішілік концерттерге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүретін. Талай белестерді бағындыра білген Оңайшаның ұстаздық жолындағы табыстары мен үшін үлкен мақтаныш».

Облысымыздағы ең алғашқы музыка мектебінде оқыған қобызшылар Оңайша Қарашева, Гүлжан Тәжмағанбетова, Роза Қойшиева С.Қожантаеваның класынан бітіріп, қаладағы музыка колледжінде оқуларын бірге жалғастырады.

1970-1974 ж.ж. Гурьев музыка училищесінде алдымен Р.Нұрпейісованың, кейіннен Н.Сиражевтың класында оқыды. 1974 жылы оқуын үздік аяқтап, сол оқу орнының сұранысымен оқытушы болып қызмет етуге қалдырылады.

«Біз консерваторияға оқуға түсуге барған кезде жоспар бойынша оқуға 5 адам қабылдайды екен, сол жолы комиссия біздерді, атыраулық үш қобызшыны бөлмейміз деп, алты адам қылып қабылдады. Дайындығымыз жоғары деңгейде еді, бізді тыңдаған талапкерлердің бірқатары құжаттарын алып кейін кетті. Өйткені біз 5 жыл мектептен соң училищені тәмамдап, 9 жыл оқып барған едік».

Консерваторияда өз ұстазы оқыған профессор Ф.Балғаева класында білім алады. «Әлі есімде, мемлекеттік емтиханды әйгілі музыкант, дирижер Фуат Мансуров қабылдады. Өз аспабымның дыбысы аздау, нашар болғасын ұстазымның қобызымен ойнадым. Бұл ұстағанда жеп-жеңіл, адамды жетелеп, шабыт беріп тұратын Романенко жасаған тарихи аспап еді. Мені «үздік» деп бағалағанда жылап жібергенім әлі есімде». Осы жылы бітірген түлектер республикадағы қобызда орындаушылыққа жаңа леп әкелген буын болды. Ұстаздықты таңдағандар өз алдына, мәселен, құрбысы ҚР еңбегі сіңген артисі Роза Қойшиева он бес жыл Құрманғазы оркестрінің концертмейстері болып қызмет істеді. Ал Гүлжан Тәжмағанбетова Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған арнайы музыка мектеп-интернатында ұстаздық қызмет атқарып, жемісті еңбек жолымен есте қалды.

Оңайша Шотқарақызы 1974-2024 жылдары өзі білім алған музыка училищесінде абыроймен еңбек етті. 1985-1987 жж. аралығында Гурьев қалалық атқару Кеңесіне депутат болып сайланып, суреті Білім министрлігінің «Құрмет тақтасына» ілінген болатын. 1989 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, оқу-әдістемелік жұмыстарға зор үлесін қосты. Басшылықта қызметте болған кезде ең алдымен ұстаздардың білімді болуына көңіл бөлді. Себебі білімді ұстаздан ғана сапалы шәкірт өседі. Осы облыстағы музыка мектептерімен жаңа деңгейде тығыз қарым-қатынас орнатып, біліктілікті арттыру жұмыстарын қолға алды. Қолынан келгенше ұжымға қызмет етті. 2004-2007 директор қызметінде болған уақытта колледжде «актер» және «музыка теориясы» мамандықтары ашылды.

Оның ұстаздығы мен кәсіби біліктілігін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры» Н.Сиражев былай бағалады: «Ол – ұлағатты ұстаз, тәлімді тәрбиеші, ойшыл әдіскер, шебер ұйымдастырушы. Училище табалдырығын студент болып аттап, осы колледждің директорлығына дейінгі шығармашылық жолды абыроймен игерген бірден-бір кәсіби білікті маман. Ұлттық тәрбие дәстүрін терең түсініп, өміріне өнеге еткен, өз жанұясының ұйытқысы».     

Барлық замандас, әріптес ұстаздардың  жиі айтатыны оның бойындағы адалдық, еңбекқорлық және адамгершілік қасиеттері. Ең алғашқы лауреат шәкірті Гүлайым Мырзағалиева болса, одан кейінгі жылдары бұл қатарға Г.Саметова, Л.Қуанышалиева, З.Алтыбаева, Ж.Аманиязова, А.Досқалиева, Ж.Қаюпова, Ж.Тұяқова, А.Орынғалиева, Қ.Пазылова, А.Сатыбаева, А.Нәбиева, Ә.Қазбековалар т.б. қосылды. 

Өз ісіне шын берілген, жауапкершілікті терең сезінетін ұстаз ретінде шәкірттерінің идеалына айналған тұлғаның класынан білім алған қобызшылар — К.Турешова, А.Орымбаева, Г.Бұлтақова, С.Дәуленова, Ж.Жексенова, Г.Қазиева, А.Нарымгенова, Д.Жарылғасова, А.Есқалиева, А.Аязбаева, Ә.Ұзақбаева, А.Жексен, Г.Аблаева, Н.Сайлау, Р.Қабдолова, Д.Мусаева, Т.Меңдігереева және басқа да көптеген түлектері онжылдықтар бойы өлкемізде еңбек етуде. Сондай-ақ шәкірттері консерватория мен Өнер университетінің түлектері республикамыздың өнер мен мәдениет және білім салаларында жемісті еңбек етіп келе жатқан қобызшылар қатарында. Олардың арасында республикалық деңгейдегі орындаушылар мен ұстаздар бар. Сондай-ақ Маңғыстау облысында жас қобызшыларды алғашқылардың бірі болып тәрбиелегендердің бірі А.Бақтығұлова, Н.Нұрмашеваның орны бір төбе. Олардың барлығы кәсібилік пен адамгершілік тәрбиені тең ұстап, абыройлы еңбек етуде. 

Соңғы жылдары О.Қарашеваның көпжылғы тәжірибемен жинаған оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді («Қобыз аспабында оқыту әдістемесі» пәніне арналған лекциялар жинағы», 2017). Ол ұстазы Н.Сиражевтың білім бағдарламасына қажетті екі томдық музыкалық шығармалары мен қобызға лайықталған өңдеулерін (2018), және де жылы лебізге толы «Бекзат болмыс» естеліктер жинағын жарыққа шығарды. 

Оңайша Шотқарақызының еңбек жолын қарағандылық әріптесі, ҚР еңбегі сіңірген қайраткер, қобызшы ұстаз Ғайни Болтаеваның сөзімен қорытындылағанды жөн көреміз: «Ол өз ісіне берілген педагог. Алдына келген талантты жастардың мүмкіндігін аша білетін, өнер көкжиегіндегі маңызды қабілеттерді үйрете білетін мықты маман. Оның Батыс аймағындағы қобыз мектебінің өркендеуі жолында атқарған салмақты еңбегі Қазақстанның кәсіби қобыз мектебі мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі болып табылады».

*   *   *

Оңайшаның бойындағы музыкалық қабілеті әкесі Шотқарадан дарыды. Алғабаста дүниеге келген әкесі екі бауырымен Тайпаң (1926 ж.т.) мен Жексен (1929 ж.т.) анасы Жұмағыздан ерте айырылып, отызыншы жылдың қилы кезеңінде қаладағы интернатта тәрбиеленеді. Тағдырдың қандай қиындығына тап келсе де олар өмірге деген сүйіспеншілігін, құлшынысын жоғалтпаған қайсар жандар болған. Әсемдіктен ләззат алып, әнмен айналасын әрлендірген бауырлар қолы қалт етіп босаған кезде қосылып ән салған. Ғаламат дауыс иелері тыңдаған жандарды тәнті еткен. Интернат қабырғасында көзге түсіп, оларға консерваторияға барып оқуға кеңес беріледі. Ойын-тойларда, туыстар болып бас қосқанда олар қазақ, орыс әндерін жиі орындаған. «Әкем баритон, Тайпан көкем бас дауысты, ал Жексен тәтем тенор болған екен. Оны мен кейін үш әкеміз қосылып ән салғанда түсіндім. Үшеуі қосылып Ш.Қалдаяқовтың «Ақсұңқар», «Бақыт құшағында», «Ана туралы» әндерін шырқағанда үйдің қабырғасын дірілдетіп, құлақтың құрышын қандыратын». 

Отбасылық музыкалық кештер дәстүрі Оңайша Шотқарақызының үйінде де жалғасты. Жолдасы Марат Медетов екеуінің тұңғышы Эльвираны музыка мектебіне фортепиано класында оқытты. Эльвира әрі қарай өз таңдауымен қаржыгер бухгалтер мамандығын игерді. Ал кенжесі Нұрсұлтан анасының жолымен музыка өнеріне бет бұрды. Дарынды скрипкашы ретінде оқушы кезінде-ақ бірнеше аймақтық, республикалық конкурстардың лауреаты болды. Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Медетов өзінің «Virtuozo» мектебін ашып, жас буынды кәсіби музыка өнеріне баулуда.

Қазіргі кезде Оңайша Шотқарақызы шағын қолөнер шеберханасын ашып, ұлттық оюларды пайдаланып тұрмыстық қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылдануда. Оның қолынан шыққан бұйымдар жоғары сұранысқа ие. Ол өз кәсібінен рухани қуат алып, айналасын қуанышқа бөлеуде.

Өмірі өнермен өрілген ұлағатты ұстаз «Ыбырай Алтынсарин», «Алаш ұстазы», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері Оңайша Шотқарақызы Қарашева мерейлі 70 жаста. Алған асулары биік, еңбегі адал, шәкірттерімен танымал тұлғаның өмірі мен өнері ұрпаққа үлгі.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

өнертану кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button