Жарнама
Ғибрат

Тылдағы майданның тарланы

Ата-бабамыздан «Еңбек ширатады, өмір үйретеді» деген сөз қалған. Бұл ғибраттың астарында ғұмырлық терең мағына жатыр. Ықылым заманнан маңдай термен тапқан нанның дәмі таңдайға татитынын білген атам қазақ ешқашан өзгенің еңбегін жемей, адал жанның ақысына көз алартпай өтті. Әсіресе ел басына күн туып, еркек кіндікті атқа мінген шақта елдегі елең-алаңнан ел жатқанша тыным көрмеген еңбекқор жұрттың төккен тері ләйім айдалаға кеткен жоқ.

2024 жылдың 14 наурызында Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғыртудың маңызын атап көрсеткен еді. Оған қоса, екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алыпқашпа аңыз әңгімелер көбейе түскеніне, Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайтынына тоқталды. Әлбетте, сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда тек қанды ұрыс операцияларына қатысқан майдангерлер ғана емес, тылда уақытпен санаспай тер төккен азаматтардың еселі еңбегін де жоққа шығаруға болмас. Демек 2025 жылы әлемде кеңінен аталып өтетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығында тыл еңбеккерлерінің, әсіресе Атырау балықшыларының үлесін де ескерген абзал. Өйткені оларды Мемлекеттік Қорғаныс комитеті арнайы жарлықпен Армия қатарынан босатып, бронь белгіледі. Солардың санатында тыл еңбеккері, шаруашылық ұйымдастыру ісінің білгірі Қадим Тәжіғалиев те бар болатын.

Манаштың құмында 1911 жылы кіндік қаны тамған оның әкесі де теңізден «су маржанын» сүзген кәнігі балықшы еді. Атақты төңкерістен кейін жыл айналған соң әкесі қайтыс болып, ағасының асырауында болған Қадим он үш жасында Астрахан облысы Гурьев ауданының Манаш ауылдық кеңесіндегі Ақжол бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, оны төрт жылда тәмамдаған соң Новобогат ауданының Манаш ауыл кеңесіне қарасты «Қызыл балық» ұжымшарына мүшелікке өтіп, бірден 1929-1930 жылдары балықшылардың бригадирлігіне тағайындалған. Өте ауыр жылдар ғой, таудай толқынмен тайталаса тұрып, ау қайыруға жігіттің жігіті ғана шыдас беретін, оған қайық пен ау-құралы да төтеп беруі тиіс. Бригадирдің қажырлы қимылы сеп болғанмен, тұрмысы жұқарған елді түтін басына салынатын салық түрлері де титықтатып тұр еді. Балықшылардың күнкөрісі де жақсы емес, жоғарыдан келген өкіметтің нұсқауы да қатаңдап тұр, қай жағына жарыларын білмей жүрген сәтте жас бригадирді 1930 жылдың желтоқсанында күшіне мініп тұрған кеңес билігі сөзге келместен Манаш ауыл кеңесінің хатшылығына жұмсайды. 1932 жылы қыркүйекте Гурьевтегі кеңес-партия мектебінен курс бітіреді. Оны 1933 жылғы желтоқсанда бітірген Қадимді сол кездегі Гурьев ауданына қарасты №23 ауыл кеңестің хатшысы етіп жібереді. Бұл – қазіргі Талқайраң ауылы-тұғын…

Маман жетпей жатқан шақ болған соң өкімет Қадимді 1935 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін Манаш ауылдық кеңесінің есепшілігіне жұмысқа жіберіп, сосын Манаш орталау мектебіне шаруашылық ісінің меңгерушілігіне жұмсайды. Оған енді төселе бастағанда, 1936 жылғы шілде-тамыз айларында Бақсай ауданының Сарайшық ауылындағы оқытушылар білімін көтеретін курсты оқып бітірген жігітті қыркүйекте Жанбай ауылдық кеңесіне қарасты Тотыарал бастауыш мектебінің мұғалімдігіне жұмсайды. 1937 жылдың маусымынан 1941 жылғы қазанға дейін Манаш ауыл кеңесіндегі Андреев атындағы орта мектебіне оқытушылыққа ауыстырылған.

Осы жұмыста жүріп, 1940 жылғы қаңтарда партия мүшелігіне өтеді. Ал, 1941 жылдың қазанынан 1944 жылдың соңына дейін «Қызыл балық» ұжымшары партбюросының хатшысы болып жұмыс істеген Қ.Тәжіғалиев Жеңіс жылының қаңтарында оқуға Алматыға кетеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия қызметкерлерінің жарты жылдық курсын бітірген ол Новобогат аудандық партия комитетінің нұсқаушылығына тағайындалған. 1949 жылғы қаңтардан бастап жыл жарым бойы Забурын ауылдық кеңесіне қарасты «Социалистік жол» ұжымшары партия ұйымының хатшылығына, сосын сол шаруашылықтың басқарма төрағалығына сайланады. 1959 жылы өз өтінішіне сәйкес жұмыстан босатылған Қ.Тәжіғалиевтің өмірлік бай тәжірибесі ескеріліп, Балықшы ауданының Құрманғазы атындағы ұжымшарында егіс бригадирі, балықшы болып жұмыс істеп, 1963 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.

Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1980 жылғы 23 мамырдағы №101 санында жарық көрген Құрманғазы атындағы ұжымшардың аға экономисі Ізім Хамитовтың «Өсіп-өркендеу жолымен» атты мақаласына қарасақ, соғыс жылдары «Социалистік жол» ұжымшарының балықшылары Мемлекеттік қорғаныс қорына 90 462 центнер Каспий балығын аулап тапсырса, шаруашылықтың мал фермасында 10 мың қой, 1500 сиыр, 1500 жылқы, 500 түйе өсіріліп, оның өнімдерін өндіру мен дайындау көлемі ұлғайған. Тіпті, мал санының көбеюіне байланысты «Социалистік жолдан» жаңадан «Қара батыр» атты ұжымшар бөлініп шығады.

Ал, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру (1946-1950) жылдарында шаруашылық балықшылары қазынаға 133 851 центнер бағалы балық аулап тапсырып, бесжылдық жоспарды 105,5 пайызға орындаған.

Дейтұрғанмен, өткен ғасырдың 50-жылдарында Каспий теңізінің суы тартыла бастап, жағалаудағы Забурын, Манаш, Жанбай ауылдарындағы балық шаруашылықтарына қолайсыз әсер ете бастағаны белгілі. Ол кезде ауланған балық теңізде тұрған жүзбелі зауыттарға тапсырылатын. Осы жайт ескеріліп, жергілікті басқару органдарының ұсынысымен Новобогат ауданына қарасты төрт ұжымшар теңіз суы деңгейінің тартылуына байланысты Жайық өзенінің құяр сағасындағы Дамбы бойына қоныс тепті. Солардың бірі – «Социалистік жол» ұжымшарының басқарма төрағасы Қадим Тәжіғалиев шаруашылықтардың көшіп-қонуына қатысты барлық істің екі тізгін, бір шылбырын қолына алған белсенді ұйымдастырушылардың бірі болды. Теңізден балық аулау жұмысының тоқтауына байланысты ыдыстар, аулау құралдары мемлекетке тапсырылып, 1958 жылы Қ.Тәжіғалиевтің ұйымдастыруымен шаруашылықта қосымша егін өсіру жұмысы да қолға алынды.

Осы жұмыстармен бір мезгілде жаңа қоныста еңбекшілерге үйлер салына бастады. Жергілікті жерден құрылыс материалдарын дайындап, жоғын іздеп тауып, тез арада мектеп те салынды. «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы сол мектепте белгілі қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың мұғалімдік жолы басталғанын көрген куәгерлер де бар.

Еңбек жолын балықшылықтан бастаған Қадим ағаның ақ айдын төсіндегі ерлерге деген көзқарасы бөлек еді. Тіпті, өзінің еңбеккүніне тиесілі бір айлық азық-түлік паегын әуелі балықшыларға бөліп беріп, қалғанын ғана үйіне әкелетін сахи жомарттығын жұрт жыр қылып айтып жүрді. Басқарма болса да, қатардағы балықшылармен бірдей балық аулау және оны тапсыру жоспарын алып, міндеттемені көздеген межеден асыра орындап жүргенін бірге істеген майталмандар жақсы білетін. 1959 жылғы наурыз айынан бастап, моторлы балық аулау станциясы таратылып, оның өндіріс құралдары шаруашылықтың қарамағына беріледі. Сол кезде «Социалистік жол» ұжымшарының меншігінде 70 қайық, 15 жаға қайығы, 1 моторлы және 4 үлкен кеме, 6 құрма және бірнеше мың жай ау болды. Техника мен құрал-жабдық жетіспей жатқан ол кезде балық шаруашылығы меншігі бойынша бұл тым сирек қор еді. Соның бәрін ұйымдастырған алғыр да іскер басшы Қадим Тәжіғалиевтің адал еңбек, табан ақысының нәтижесі болғанын көзі көргендер бүгінде сиреп қалды.

Қажырлы еңбегі мен шебер ұйымдастырушылығының арқасында бірнеше мәрте еңбекшілер депутаттары аудандық, ауылдық Кеңестерінің депутаттығына сайланған Қадим Тәжіғалиұлы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», басқа да медальдармен, облыстық, аудандық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Зайыбы Рухия екеуі тәрбиелеп өсірген екі ұл, алты қыздан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым ел болды. Кейінгі ұрпақтары – шет мемлекеттерден білім алған білікті мамандар.

Әрине, жоғарыда біз келтірген мәліметтер – құрғақ деректер ғана. Ал, оның астарында қаншама маңдай тер, ұйқысыз түндер мен мазасыз күндер жатыр. Партияның тегеурінді темір тоқпағы төбеден төніп тұрған шақта күш-жігермен еңбек етіп, елдің ықылас-құрметіне бөлену оңай болмаған. Тылдағы тынымсыз күндерде тиісті тапсырманы мүлтіксіз орындай отырып, жоғары награда дәметпей өмір сүрген Қадим Тәжіғалиевтей тарландарды бүгінгі ұрпақ әркез мадақтай жүріп, есімін ұмытпауы тиіс. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, // Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп жыр құлагері Ілияс Жансүгіров жырлағандай, көзден кеткен кешегі қайраткерлерді көңілден де өшірсе салсақ, тарихтың алдында бүгінгі ұрпақтың өтелмеген парызы мен қарызы көбейе түспек. Ендеше, тылдағы майданның тарландары ешқашан естен шықпауы тиіс.

Айдар САБЫРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button