
Тарих толқынындағы тұғырлы тұлға
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Имашевтің туғанына – 100 жыл. Жеке тұлғалар тарихы ешқашан халқынан бөлінген емес, керісінше, ұлтымыздың әйгілі қайраткерлерін тану арқылы тұтастай еліміздің тарихы жазылады. Өмірдің мәні де, сәні де ұрпақтар сабақтастығында, өзара байланыста жатыр.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Имашев 1925 жылдың 20 наурызында Гурьев облысы Теңіз ауданы Бірлік селосында дүниеге келген. 1943-1946 жылдары Қызыл әскер қатарында болды. 1944 жылы Рига әскери училищесін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан офицер. 1949 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Тарих ғылымдарның кандидаты. VІІІ, Х шақырылған КСРО Жоғары Кеңесінің, VІ-Х шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Ленин», «Октябрь революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған.

Саттар Нұрмашұлы 1961-1965 жылдары Тың өлкелік партия комитетінің хатшысы қызметінде болды. Тың игеру жылдарында кеңшарлар ерекше жоғары қарқынмен дамыды. Оларды салуға орасан көп күш пен қаржы жұмсалды. Шын мәнінде еліміздің тарихында қысқа мерзім ішінде осыншама көп ірі шаруашылық ешқашан құрылып көрген жоқ еді. Қазақстанда екі жылға жетер-жетпес мерзімде 337 жаңа астық фабрикасы ұйымдастырылды.
1964 жылы жарық көрген «Коммунистік партия Қазақстанның тың жерлерін игеру жолындағы күресте» атты кітабында: «1954 жылы Ақмола облыстық партия комитеті «Жаңа совхоздардың бастауыш партия ұйымдарының секретарлары кадрларын іріктеп алу», «Жаңа совхоздардың партия ұйымдарын нығайтуда аудандық партия комитеттеріне көмек көрсету үшін облыстан басшы жолдастардың бір тобын жіберу туралы», «Жаңа совхоздардың бастауыш партия ұйымдарын құруға байланысты шаралар белгілеу туралы», «Свободный» астық совхозы бастауыш партия ұйымының жұмысы туралы» және басқа мәселелерді қарады деп жазды.

1970 жылдары биліктің нақты тұтқалары көбіне партиялық-мемлекеттік аппарат төңірегіне шоғырланды. Ол басқарудың барлық күнделікті және ағымдағы мәселелерін шешіп, кеңес пен шаруашылық органдарын өз құрсауына алды. Дегенмен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жоғары мақсаты болып табылатын халықтың материалдық және мәдени дәрежесін ұдайы арттыра беру еңбек жағдайларын жақсартумен тығыз байланыстырылды, мұның өзі еңбектің мазмұнына, еңбекке көзқарасты қалыптастыруға, еңбек адамдарының дене күші мен ақыл-ой қабілеттерін дамытуға тікелей ықпал етті.
Бұдан кейінгі кезеңдерде де Саттар Нұрмашұлы өзіне тапсырылған қанлайма жұмысты да жоғары жауапкершілікпен атқарып, бедел биігінен, абырой асқарынан көрінді.
Бір сөзбен айтқанда, ол қазақ елінің өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі әдебиет, мәдениет, өнер салаларының дамып, алға басуына қосқан үлесі, өзіндік қолтаңбасы, жалпы идеологияға қатысты ұшы-қиырсыз іс-шараларды ұршықтай үйіріп іске асырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Өзінің өнегелі өмір жолымен, ғибратты ғұмырымен, адами үлгісімен, асқақ азаматтық келбетімен елінің есінде сақталған, жұртының жадында жатталған дара тұлғаны ұмытпай, ұлықтап отыру – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы.

Оның 100 жасқа тоуына орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау универстетінде «дөңгелек үстел» өткізілді. Онда университет ұстаздары, тарихшы ғалымдар қайраткердің өмір, еңбек жолына тоқталды. Жиынжа Саттар Нұрмашұлының өзгелер үлгі тұтар өмір жолы әңгіме арқауына, басқосудың басты тақырыбына айналды.
Дәулетқали АРУЕВ