Жарнама
Ғибрат

Тәрбие – отбасынан басталады

«Ешкім оқып, тәрбиелі болмайды. Тәрбиені көру керек. Иә, отбасында, өз ұясында әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «әке ұлағаты» мен «ана тағылымын» көріп, «ұят болады» мен «обал боладыны» естіп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, жұртының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады. Өйткені, «тәрбие тал бесіктен басталады». 

Тағылымы мол шарада айтылған алғашқы сөз осы болды. Бұл жолдардың авторы – саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет саласына арнаған,  «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері  Мәдина Ғабдісәлімова.

Облыстық №3 білім-инновация мектеп-лицей интернатында өткен «Белсенді қариялар – қоғам қазынасы» тақырыбын арқау еткен кеш Мәдина Ғабдісәлімқызының торқалы 90 жасқа толуына орай ұйымдастырылды. Кездесуге келгендердің қарасы мол болды. Бұл қоғам белсендісіне деген құрмет екені сөзсіз. 

Отбасындағы тәрбие, ата-ананың отбасындағы рөлі, адамның қалыптасуындағы отбасының ықпалы жөнінде әдемі әңгіме өрілген кездесуде Мәдина Ғабдісәлімқызы ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіру жолдарына да тоқталды. Оның айтуынша, жастардың арасында ұлттық тәрбиені насихаттап жүрген жандардың кім екенін білу қажет.

 – Тілге қатысты дүбаралық – үлкен кемшілігіміз. Креативке ұмтылған жастардан көп қиындық көруге тура келеді. Олар креативті теледидардан алады. Мәселен, хиджаб креатив болғанда біз қалай ұлт боламыз? Наурызда неге ұлттық киім киеді, неге хиджабпен шықпайды? Өйткені хиджаб – ұлттық киім емес. Жастарға ақ пен қараны, оң мен солды анықтап үйрету қажет. Креативті білімнен, ілімнен іздеу маңызды,- деп ойын қорытты кездесудің кейіпкері.

Рухани шарада жастар тарапынан қызығушылықтың мол болғаны байқалды. Олар өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, Мәдина Ғабдісәлімованың пікірін білуге асықты.

Кездесу кезінде Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев пен лицей директоры Батырхан Баймахановтар кеш қонағын торқалы тоқсан жасымен құттықтап, ақ тілектерін жаудырды. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button