
Тағылымы мол ұстаз еді
Адам баласы өзінің күнделікті өмірінде ғылым мен білімнің даңғыл жолында көзге көрінбей жүріп-ақ үлкен еңбектің үлгісін көрсететін жандар болады. Олар кейбір істерден алыс болғанымен, бірақ артында терең із қалдырады. Сондай жандардың бірі –өзінің бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, іскер басшы болған Қожағали Молдағалиұлы болатын.
Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. «Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Яғни бұдан шығатын қорытынды қоғамның ең жоғарғы құндылығы – адам, бүкіл елдегі атқарылып жатқан өзгерістердің бәрі сол үшін, соның игілігі үшін жасалып жатыр. Ал сол атқарылатын орасан зор, ауқымы кең игілікті істер қарапайым еңбек адамының қолымен жасалатындығында.
Сондықтан да болшақ ұшін еңбек етіп, соның ішінде жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім беріп адал қызмет атқарған ұлағатты да парасаты ұстаздарды ұлықтау ұлтымыздың аса қастерлі дәстүрлерінің бірі болып саналады. Алдына келген шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адами жақсы қасиеттерді бойына дарытып, салауатты өмір салтын қалыптастырып, адамгершілік рухта тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Ал Ұстаз дегеніміз – ұлағатты тұлға ретінде қоғамда алатын орыны бір төбе. Ол ұстаз қандай қоғам болмасын әрдайым құрмет биігінде. Халқымыздың келешегі жолында талмай еңбек етіп, талай аптал азаматты тәрбиелеп, білім берген ұстаз шәкірттерінің жадынан өшпейтіндігі ақиқат. Ендеше аға буынның қажырлы еңбегі ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге болып қала бермек. Осындай ағаларымыздың бірі атыраудың аптал азаматтарының бірі Қожағали Молдағалиұлы болатын.
Қожағали Молдағалиұлы 1947 жылы 20 желтоқсан күні Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында қарапайым отбасында дүниеге келді. Бозбала ат жалын тартып мінгеннен бастап еңбек майданына бел сыбанып кірісіп кетті. Қандай жұмыс істесе де ауыл тұрғындары Қожағали ағаның қарапайым іскерлік қабілетіне тәнті болды. ХХ ғасырдың 60-жылдары ауыл шаруашылығындағы атқарылған жұмыстар қиын да күрделі жағдайларда жүргізілгені белгілі. Ол жылдары ауылшаруашылығы саласында мемлекет пен партия талабына сай іс жүргізу қиынның қиыны еді. Сондай ауыртпалықты қиналмай көтере білген аптал аға-апаларымыздың арасында – Қожағали Молдағалиұлы да жүрді. «Байғанин» ұжымшарында алғашқы кезде тракторист, кейін шофер болып өзі тәрізді қарапайым еңбек адамдарымен қатар жүріп, олардың да көңілдерін таба біліп, өзіне жүктелген міндет пен шаруаны тиісті дәрежеде биіктерге көтеріп отыруға зор жауапкершілік пен аса ыждағаттық қажет екендігін еңбек адамы ретінде жан-тәнімен түсінді. Ал, мұндай қасиет пен қабілет-қарым адамның бойына өмірден көре, көңілге түйе жүріп, үйрене қалыптасады.
Ағамыз 1980 жылы жанұя жағдайына байланысты Атырау қаласына қоныс аударды. Өмірдің ағысымен қаладағы автоколонаға мамандығы бойынша орналасты. Бұл мекемеде де еңбек майданында ысылған азамат екендігін дәлелдей білді. Автоколона басшылығы ағамыздың қажырлы еңбегін, іскерлігін ескеріп автоколона басшысы етіп тағайындады. Еңбектен қол үзбей жүріп Гурьев педагогика институтында оқып, жоғары білім алды. Жоғары білім алған Қожағали аға кейінгі еңбек жолын білім саласымен тығыз байланыстырды. Атырау қаласындағы №24 мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Оның өткізген әрбір сабағы тартымды, пайдаланылған материалдары бай, мазмұны, оқу-әдістемелік жағынан жоғары деңгейде, уақыт талабына сай ұйымдастырылып, кең көлемде жүргізілетін болды.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары білім саласында елеулі өзгерістер жүрді және де тың серпіліс беретін реформалар жүргізіліп, іске асырыла бастады. Қ.Молдағалиев 1992 жылдың ақпан айында Атырау қаласы ОӨБ «Техникалық мектеп» директорлығына тағайындалды. Бұл қызметті жиырма жылға жуық абыройлы атқарды. Осы жылдары аталған мектепті облыстағы тіректік техникалық мектепке айналуына сіңірген еңбегі ерекше. Іскер маман, әрі басшы ретінде мектеп базасында жыл сайын облыстық және қалалық семинарларды жүйелі де жоспарлы түрде жүргізуге бастамашы болды. Бұл іс-шараны ұйымдастырушы ретінде басы-қасында жүріп, қатысушылар алдында тартымды да терең, мазмұнды дәрістерде оқыды. Жүйелі ұйымдастырылған осындай игі шаралардың нәтижесінде мектепті өз күштерімен қаржыландыруға қол жеткізді. Ұжым басшысы ретінде тағы да ерекше көңіл бөлгені жас мамандардың өз ісін жетік біліп, шыңдалуына әдістемелік білімдерін жетілдіруіне үнемі көңіл бөліп, өз тарапынан қамқорлық жасап, әрдайым ақыл-кеңестерін беріп отырды.
Қожағали ағамыз қауырт әрі қиын басшылық қызметте жүріп-ақ өз білімін жетілдіруді де естен шығармады. Сол кездің өзінде өмірге және білім алушыларға аса қажетті қолданбалы экономика білімі бағдарламасы бойынша республикалық курсқа қатынасып, сол мамандыққа қажетті бірнеше сертификаттарды да иеленді. Бұл дегеніміз мектеп оқушыларына экономикалық білім беруде айтарлықтай табыстарға жетелейтін, нарық экономикасына бейімделген болашақ мамандарға аса керекті бағдарлама болатын. Жігерлі мектеп басшысы талапқа сай 9-11 сыныптарға менеджер-экономист, бухгалтер мамандықтарын қосымша меңгеруді ұйымдастыруға қол жеткізді. Жұмыс жасаған жылдары облыстық педагогикалық оқуларға қатынасып, баяндамасы республикалық педагогикалық оқуларға жолдама алды. Ұзақ ізденістер мен шығармашылық жұмыс өз жемісін берген жоқ емес. Оның айғағы 2001 жылы облыстық техникалық мектеп директорларының семинарына Қожағали Молдағалиұлы басқарған ұжымның іс-тәжірибесі таратылды. Адам еңбегімен елеулі. Қарапайым еңбек адамының еңбегі мемлекет тарапынан еленіп 2002 жылғы ақпанның 4-дегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, сонымен бірге жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бұның бәрі сайып келгенде аптал азаматтың жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылық, уақыт талабына сай ойлай білуі, өзіне де, өзгеге де талап қоя білуі мектеп мұғалімдері мен оқушыларының және ата-аналар алдында үлкен сенімге ие болуы. Себебі, жұмыс атқарған жылдарында Қожағали Молдағалиев тәжірибелі маман, тереңде, жан-жақты білімді, өз ісінің шебері, іскер де алғыр басшы. Басқарған ұжымында оқыту әдістемелерін жетілдіру бағытында еңбектенген жаңашыл ұстаз екенін көрсете білді. Көп жылдар бойы үлкен ұжымды басқарып, ұжымдағы көптеген істерге бастамашыл болып, өз кәсібін терең, жете меңгерген маман, ұлағатты ұстаз, өнегелі тәлімгер ретінде халықтың құрметіне бөленді. Осы жылдары ағамыздың ғылым мен білім саласында қордаланған мәселелерді шешуде көп көмек көрсеткен оның сол кездегі өмірлік достары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессор-үстаздары Шахманов Жетіс, Камешов Ибат, Табылдиев Хисмет, Бахи Жиенбай сияқты ғалымдармен жақсы қарым-қатынас орната алуында еді. Осындай адамдармен қызмет барысында терең байланыс орнатып, осы байланыс жұмыс барысында оң шешімдер қабылдауға өзінің нәтижесін берді.
Жалпы Қожағали ағамыз өзі оқыған Атыраудағы білімнің қара шаңырағы атанған Атырау университетімен өзі басқарған оқу орнын әрдайым тығыз қарым – қатынаста ұстады. Кез-келген облыстық немесе республикалық шаралардың бәрін университет ғалымдарымен ақылдасып бірге өткізуді әдетке айналдыра білді. Сондықтан да өзі басқаратын оқу орнында әр мамандық бойынша ғылымның негізгі қағидаларын орнықтыра алған адам. Екінші бір қол жеткізген нәтижесі қиын оқушылармен ұжымды нәтижелі жұмыс жасауға дұрыс шешімдер қабылдауында болды. Себебі, кез-келген мектеп 8-ші сынып бірірген нашар оқитын оқушыны осы мектепке мамандық алуға жіберетін болды. Нәтижелі, жүйелі бағдарламалар мен үлкен еңбектің арқасында сол оқушылар қазір қоғамның әр саласында еңбек етуде. Орыстың ұлы ақыны В.Маяковский айтқанындай: «Ұстаз ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек» — деген болатын. Осыған қарап біздің Қожағали ағамызда өзінің ғибратты ғұмырында үлкен ізденіс пен еңбекқорлықтың арқасында, табандылық пен алға қойған мақсаттарды орындауда, әсіресе ұрпақ тәрбиесіне байланысты қордаланған проблемаларды шеуде үлкен жұмыс атқарған азамат деп тануымыз керек.
Қожағали ағамыз өзінің саналы ғұмырын 1968 жылы отау тіккен жұбайы қазақтың қарапайым қызы Қазына Кәрімқызымен бірге көрді Қазына Кәрімқызы мәдениетті, парасатты, мінезі салмақты көпшіл адам. Апай отағасының қас қабағына қарап-ақ ол адамның көңіл-күйін бәрін біліп, өмірінің қиышылығы мен қуанышты сәттерінде жұбайын қолдай білген. Қазына апай сауда саласының маманы, көп жылдар бойы мектептерде асхана меңгерушісі ретінде жеке кәсіпкер болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында.
Қазақ халқы әр адам артында қалған ұрпақтарымен мәңгі жасайды демекші — Қожағали Молдағалиұлы мен Қазына апамыздың екеуінің арасынан үш ұл бала жарық дүние есігін ашады. Бүгінгі күндері ата-ананың тәлім тәрбиесін алып өскен үлкен ұлы Аманғали мен кіші ұлы қара шаңырақтың иесі Бауыржан жоғары оқу орындарын бітірген мамандар, қазіргі таңда жеке кәсіпкер. Ал ортаншы ұлы Қайырғали әке жолын қуып Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тарих және дене тәрбиесі мамандықтары бойынша тәмәмдап, бүгінгі күні қаламыздағы орта мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасауда. Қазына апамыз бала-келіндерінің, немерелерінің ілтипатына бөленген асыл әже.
Сөз соңында айтарымыз бүгінгі марқұм ардагер ұлағатты ұстаздан тәлім алған шәкірттері егеменді еліміздің болашағы үшін шаруашылықтың барлық салаларында еңбектеніп ардагер ұстаз үмітін жалғастыруда. Қарапайым еңбек адамы ретінде, бүкіл саналы өмірін қиын да қызық, жауапты да абыройлы іс – білім беру саласына арнаған Қожағали Молдағалиұлы халықтың сенімінен шыққан, еңбек ардагері жолынан өткен, өмірі келешек жастарға үлгі боларлық азамат деп білеміз. Кезінде қазақтың ұлы ақыны жазғандай:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға -дегендей ақырын жүріп, әр қадамын нық басқан, оқушыларын барынша білім нәрімен сусындатқан ұстаздың есімі шәкірттерінің жүректерінде мәңгі сақталады.
С.АЙМҰРАТОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры