Жарнама
Ғибрат

Руханият абызы

Биыл — ел ардақтыларының бірі, соғыс және еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Әбілқайыр Кенжебаев 100 жасқа толып отыр. Осыған орай Атыраудағы Салтанат сарайында «Руханият абызы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

e729a3b6 b4fb 4f8c 8b19 606abf641eeb


Конференцияны кіріспе сөзбен ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов ғасырдың ғұмыры атап өтіліп отырған Атырау аңызының өмірдерегін, жауынгерлік ерлік жолдары мен еңбектегі жетістіктерін қысқаша баяндады. Шараның өскелең ұрпаққа берер тағылымы мен тәрбиелік мәніне тоқталды.

Бұл туралы толығырақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарихшы ғалым Лесқали Бердіғожин баяндама жасады. Қаламгер. Майдангер. Қайраткер. Баяндамада Әбілқайыр Ақмолдаұлының осындай көпке үлгі-өнеге болар қырлары, ерекше қасиеттері, сара да дара жолы жан-жақты талқыланып, әсерлі әңгіме арқауына айналды. Оның үстіне мұның бәрі тарихи, архивтік деректермен дәйектеліп отырды. Келесі кезекте әріптесінің айтқандарын тарихшы ғалым, жоғары оқу орнының ұстазы Шәкіман Нағымов толықтырды. Әсіресе, Әбекеңнің білім мен ғылымды дамыту саласына сіңірген еңбегін мен қосқан үлесіне айрықша назар аударды. Сөзіне дәлел болар құнды деректерді көптеп келтірді. Ал Қазақстанның Құрметті журналисі, “Құрмет» орденінің иегері Төлеген Жаңабай баспасөз және онымен байланысты салада, еңбек ардагері Сәния Оразова мәдениет саласындағы қызметіне ерекше көңіл бөлді.

ff5591d8 3b33 40d0 b114 31e2b04c870f

Әбілқайыр ағамен үзеңгілес жұмыс жасап, көзін көрген, тәлімін алған, ол кісіні өздеріне ұстаз санаған үлкенді-кішілі замандастары, шәкірттері атынан жылы лебіздерін арнап, естеліктерімен бөліскендер де аз болмады. Облыстың бас идеологы, әлеуметтік салаға жауапты хатшы-басшы ретінде халықтың тұрмыс деңгейі мен әлеуетін көтеруге қосқан үлесі мен сіңірген еңбегіне жоғары баға берілді. Олардың қатарында Атырау облысының Құрметті азаматтары Есен Тасқынбаев, Қатимолла Ризуанов, Мәдина Ғабдысәлімова, Любовь Монастырская және басқаларын атауға болар еді. Бұлардың айтқан әңгімесінің түйіні — Әбілқайыр Ақмолдаұлы байыпты да парасат-пайымы сол басшы, кішілерден ақыл-кеңесі мен қамқорлығын аямайтын абзал аға, үлкен жүректі азамат дегенге тірелді.
Соңында сөз алған Азамат Әбілқайырұлы тағылымды шараны ұйымдастырушыларға ұрпақтары мен әулеті атынан алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Әбілқайыр Ақмолдаұлының жүз жасқа толуы құрметіне ас дастарханы жайылып, рухына бағышталып, дұға оқылды. Жұртшылықтың назарына “Қаламгер. Майдангер. Қайраткер» деп аталған деректі фильм ұсынылды.

Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button