Жарнама
Ғибрат

Қош, әлемі әдемі құрбым!

Есікті ашсам, қысыла күлімсіреп сен тұрдың. Аққұба өңді, еліктің лағындай әдемі келіншек.

– Кешіріңіз, мен сіздің жаңа көршіңізбін. Үйге қонақ келіп қалған еді, электр плитасының  күші жетпей қазаным қайнамай жатыр. Сіздің плитаңызға еттің қамырын қайнатып алсам бола ма?!

Айтып болғанша жүзі қызарып кетті. Ешкімнен ештеңе сұрағанды ұнатпайтын адам болар деп топшыладым.

– Әрине, плита бос, қайнатып алыңыз!

Сол күннен бастап біз «өте жақсы көрші» болдық. Ол ешқашан үйден ұзап жұмыс істеген жоқ. Ал мен керісінше үй көрмейтінмін. Оның үстіне мамандығың журналист болса.  Ол маған шын тілеулес көрші болды. Менің балаларымды үнемі қадағалап отыратын. Кейде түсірілімнен үлгермей жатсам «Менің балаларым аш қалмасын» деп  хабарласатынмын. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі пәтер арасында балалар ойыншығын, кітабын көтеріп жүгіріп жүретін. Мұның бәрі көршімнің кеңдігі еді. Оның үйіне жаз болса  Атыраудан бір топ бала-шаға келетін. Алматыға қыдыруға келген ағайынның балалары. Біреуіне қабақ шытпайтын. Әрқайсысының көңілін тауып, жылы-жұмсағын аузына тосып отырған көршім.

Бір қызығы оның үйі ешқашан шашылып жатпайды. Тоңазытқышы ортаймайды. Нағыз берекелі әйел осындай болар. Қонағы арылмайтын үйдің дастарханы да жиылмайды. Екі күннің бірінде қазан көтеріп ет асып жатады. Қонағын шығарып салған соң ол үйге бас сұқсаң, бар заты орнында, жаңа ғана қонақ күткен үйге мүлде ұқсамайтын. Мұндай ұқыптылық пен тазалықты мен көршімнен көрдім.

Ал оның отағасысына деген көңілін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді?! Кейде құдайдан кейін оның табынушысы күйеуі болар деп ойлайтынмын. Ол үйдегі жайлылықтың бәрін ең алдымен күйеуіне арнады. Күйеуі үйде жүргенде мазасын алмасын деп балаларын шулатпайтыны өз алдына, ыдыс жуғанда судың сарылы мен ыдыстың сыңғырын да естіртпейтін еді. Есік  алдында бірде -бір аяқ киім жатпайтын. Сырттан күйеуі кіріп келе жатқанда аяғына оралғы болмасын деп лезде жинап тастайтын. Сырттан келген балалардың аяқ киімінің табанын сулы шүберекпен сүртіп болған соң ғана сөреге жайғастыратын.  Оның дәрі жинайтын қорапшасын көргенде «кітапханадағы картатека жолда қалды ғой» деп әзілдегенмін. Оның өзінің ешкімге ұқсамайтын әдемі әлемі болды. Оны өзі жасады. Ешкімге еліктемеді. Ешкімге қызықпады. Тек отбасы…

Ол оның алғашқы махаббаты. Екеуінің арасындағы махаббат үлкен құрметке құрылған.  Бала махаббаттың қадірін білген екеу тек өздеріне ғана аян әдемі әлемде бақытты өмір кешті. Ері қолындағы барын отбасынан аяған жоқ. Әйелі ұқсатты. Бірді екеу қылды.

 Олар бір күні тауға қарай, өзеннің жағасынан жайлы қоныс алып, көшті. Үй арасы алыстағанмен көңіл жақындығы сол қалпында қалды. Демалыс күндері балалар бірге ойнайды. Біз кездесіп шәй ішеміз. Қанша қалалық болдық десек те «көрші сыбағасы» екі отбасының арасында үзілген жоқ.  Бір күні жолдасы қызметпен Астанаға ауысты. «Біз де көшетін болдық» деді.  Артынша Астанаға біздің отбасы да қоныс аударды. Қайтадан сол баяғы сыйластық жалғасын тапты. Біз бұрын «көршіміз» деп таныстыратынбыз жан-жағымызға. Енді «досым» дейтін болдық.

 Балалардың алды аяқтана бастады. Алғашқы қуаныштарын анасы отырған шаңырақтан бастаймыз деп, сонау Құлсарыға аттанды. Мен досымның қуанышын бөлісуге ұшып бардым. Сонда қатты қуанды. «Менде дос аз. Мені жер түбіне іздеп келетін дос біреу-ақ» деген еді.  Екеуміздің сырымыз да, мұңымыз да ортақ болды. Ешкімге айтпайтын әңгімемізді бір-бірімізге сеніп айтатын едік.

 Менің жұмыс бабымен қызметім басқа қалаға ауысты. Жиі қоңырау шаламыз. Бар жаңалығымызды жеткізіп отырсақ та, Астанаға келген күні оның дастарханы мен үшін жайылатын. Маған жыл-жұмсағын тықпалап, кетіп бара жатқанда қалтаға салып беріп әпкелік қамқорлық жасап жататын. Ал мен  Астанадан үй алғанда ең әдемі ыдыстарын көтеріп, алғашқы болып келген де сол досым еді. Оның сыйға тартқан әр затының аты да, заты да болатын. 200 жылдық тарихы бар ағылшынның ыдысы, зергердің қолынан шыққан әсем бұйым, әлемді мойындатқан тігіншінің  көйлегі т.б  Оның тарихын бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып беретін.

 Айтпақшы оның мамандығы  ағылшын пәнінің мұғалімі. Өте көп оқитын. Әсіресе, тарихқа деген қызығушылығы мықты еді. Хан мен биден бұрын, орыстың патшаларының өмірбаянын  айтқанда таң қалатынмын. Қолы қалт еткенде кітап оқитын, ютубтан тарихи деректі фильмдер қарайтын. «Сен сыртта жүрсің ғой, осы мәселеге көзқарасың қандай?» деп өзін толғандырған сұрақтарға жауап іздейтін. Екеуміздің достығымыз осылай жалғаса береді, ол мені үнемі Астанада дастарханын жайып күтіп отырады деп ойладым…

Түс кезі. Телефоныма қоңырау келді. «Дәметтің Нұрланы»  соғып жатыр. Менің телефонымда солай сақталған. «Дәмет қой, Нұрланның телефонынан соғып жатқан» деп, көтердім. «Қалайсыңдар? Нұрланның дауысы өте пәс шықты. «Аманбыз, өздеріңіз?» «Сенің досыңнан айырылып қалдым». «Қалай?! Мүмкін емес». Дүние төңкеріліп кеткендей. Мені асыға күтіп жүретін жанашыр досым, асыл адам енді жоқ дегенге сене алар емеспін.

Неге бұлай болды? Ажал айтып келмейді… Дегенмен, неге Дәмет? Ұшақ аспанға көтерілді. Көз алдымда, есігімді қаққан аққұба әдемі келіншек, әлемі әдемі құрбым… Көкте ұшып келе жатып, шарасыздықтан  құдайдан «тірілтіп жіберші досымды» деп сұрадым. Ештеңе өзгерген жоқ. Үйіне келдім. Бәрі орнында. Кез-келген  жерде Дәметтің қолының ізі сайрап тұр. Тек өзі жоқ. Қош, менің досым!   Жаның жәннаттың төрінде болсын, досым!  Сен жасамаған өмірдің жалғасын желкілдеп өсіп келе жатқан сүйкімді қыздарың жалғастырсын!

Бұл дүние жалған екен…

Шынар ОМАРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button