
Қасіретті жылдарда құнар болған құмаршық
Қазақ тарихының ең ауыр кезеңдерінің бірі – ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңы мен 30-жылдарының басындағы ашаршылық екені белгілі. Бұл нәубет қазақ даласына қасірет пен қайғы әкеліп, миллиондаған адамның өмірін жалмады. Сол бір зұлмат жылдары елдің басына түскен ауыртпалыққа кеңестік биліктің өрескел саясаты, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі тіршілігін аяқасты еткен күштеп ұжымдастыру, мал-мүлкін тартып алу себеп болды. Аштық пен жұт қатар келіп, тіршілік атаулыға тұсау салған сұрапыл шақта жұрт тірі қалудың амалын іздеді. Сол бір сын сағатта даланың қарапайым өсімдігі – құмаршық мыңдаған адамның жанына жалау, үмітіне медеу болды.

Сурет: visitatyrau.kz
Ырысын ысырапсыз игерген
Құмды даланың шетінде, елеусіз ғана өсіп жататын осы бір өсімдік халықтың санасын, жанын, тәнін сақтап қалды. Аштық жайлаған кезде елдегі талай шаңырақ құлап, ауылдан қалаға ауа көшкен халық Гурьев секілді қалаларға жиналып жатты. Академик Салық Зимановтың өзі «Ауылдан Гурьев қаласына көшіп келген кезде қала ішінде аштықтан өліп, іштері кеуіп кеткен адамдардан көз сүрінетін еді» деп еске алады. Сол тұста аман қалғандардың көбі құмаршықты азық еткен жандар болатын.
Бұл туралы қаламгер Есмұхан Жанизиннен сұрағанымызда, ол құмаршықты табиғаттың өзі тарту еткен сирек өсімдік деп сипаттады.
– Құмаршық – жаңбыр суынан нәр алып, қызыл құмда бұйраланып өсетін жабайы өсімдік. Сыртқы пішіні кәдімгі қаңбақ тәрізді, жапырағы ұсақ, ұшы тікенек, бірақ аса қатты емес. Тамыры тереңге бойламайды, тек құм астындағы ылғалмен қоректенеді. Күзге қарай дәні толық пісіп, жапыраққа ұласқан бұтақ буындарға шоғырланады. Көлемі тары дәніндей болғанымен, пішіні жалпақтау келеді, — дейді ол.
Сондай-ақ қыр қазағы бұрынғы Теңіз аудандық газетінің 1941 жылғы санында жарық көрген Фазыл Әбуғалиевтің «Құмаршықты ысырапсыз жинады» атты мақаласындағы тың деректерді ұсынды. Онда Қошалақ ауылындағы ұжымшар мүшелерінің ұйымдасқан түрде табиғат сыйы – құмаршықты ысырапсыз жинауға кіріскені баяндалады. Мақалада келтірілген мәліметке сүйенсек, небәрі санаулы күн ішінде 307 ұжымшар мүшесі 308 центнерден астам құмаршық жинап алған. Бұл – сол уақыт үшін үлкен жетістік. Әсіресе «Жаңа тұрмыс» ұжымшары 459 гектар алқаптан құмаршық ору жоспарын толық орындап, аудан көлемінде үздік атанған. Бригада жұмысын ұйымдастырған Бекмағанбетовтың еңбегі ерекше аталып, оның нәтижелі басшылығының арқасында қазан айының жоспары түгел орындалған. Міне, осылайша, ерте кезден-ақ қыр қазағы табиғаттың берген ырыздығын ысырапсыз игере білген. Бұл деректер құмаршықтың ел өміріндегі қандай маңызды рөл атқарғанын дәлелдейді.
Құмаршық өсімдігінің пайда болуы туралы аңыз да өте әсерлі. Ерте заманда Нарын құмындағы түйе өлген ботасын іздеп күні-түні боздап, иімей қояды. Домбырашы «Нар идірген» күйін тартқан кезде иіген аруананың сүті тамған жерге құмаршық шыққаны айтылады. Құмаршық кез-келген құмға шықпайды. Ол – биік, таза, ақ шағыл құмда ғана өсетін, жаз айларында шыршадай жасыл болып жайқалып тұратын қасиетті өсімдік.
Өмір мен үміттің символы
Құмаршық туралы алғаш әдеби көркем шығармада қалам тербеген – халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев болатын. Оның кең тынысты тарихи туындысы – «Толқында туғандар» романында Батыс Қазақстан балықшыларының қасіретті тұрмысы, ашқұрсақ балалық шақ, ел ішіндегі жоқшылық шынайы суреттеледі. Жазушы аштықтың жанға бататын ауыр салдарын Шәріпқали есімді кейіпкердің тағдыры арқылы жеткізеді. Қарны ашқан балалардың шырқырап, қара нанға зәру болған сәттері арқылы сол уақыттың ауыр бейнесін көз алдымызға әкеледі. Сондай бір сәтте Шәріпқалидың анасы Жанқия қырдан келген адамдардан құмаршық нанын алып, аш қалған балаларына әкеліп береді. Бұл – құмаршықтың әдебиеттегі алғашқы көркем бейнесі ғана емес, сонымен бірге оның өмір мен үміттің символы ретінде танылған тұсы.
Бұдан біраз бұрын Атырау қаласында ұйымдастырылған «Қайта оралған құмаршық» атты тарихи-танымдық іс-шара – құмаршықты қайтадан ұлт санасына сіңіруге бағытталған маңызды қадам болды. Бұл шараға облыстың бірнеше ауданынан арнайы делегациялар қатысып, атадан қалған тағамды қайта жаңғыртуға күш салды. Іс-шара аясында құмаршықтың дәнінен жасалатын түрлі тағамдар дайындалып, сайыстар ұйымдастырылды. Диірменнен тартылған ұннан пісірілген нан, қуырылған талқан, көже – бәрі де жиналған жұртқа ұсынылды.
Құмаршықтың қадірін біліп, оның ел тарихындағы рөлін ұмытпауға шақырып жүрген санаулы азаматтардың бірі – бұрынғы сенатор Сәрсенбай Еңсегенов. Ол осы бір киелі өсімдікке ескерткіш орнату бастамасын көтеріп, нәтижесінде ел ішінде үлкен қолдауға ие болған жоба жүзеге асты. Құмаршыққа арналған ескерткіш Атырау қаласының қақ төрінде бой көтерді. Бұл – халықты аман алып қалған өсімдікке деген рухани тағзым ғана емес, ашаршылық зұлматына ұшыраған ұлттың бастан өткергенін ұмытпауға бағытталған ескерткіш.
Ата жолын ұстанған…
Бұл өсімдіктің қадір-қасиетін білетіндер бүгінгі таңда сирек кездесетінімен, әлі де болса оны қадірлейтін, ұмыттырмай, кейінгі ұрпаққа үйретіп жүрген жандар арамызда бар. Солардың бірі – Құрманғазы ауданына қарасты Қошалақ ауылында тұратын Мәрия Ғұмарова әже. Ол құмаршықтың тағамдық маңызын терең түсінетін, өмір бойғы тәжірибесімен бөлісіп, ұмыт бола бастаған ұлттық дән тағамының құпиясын балаларға, көрші-көлемге, ауыл жастарына үйретуден жалықпайтын ардақты ана. Оның айтуынша, құмаршықтың аштық жылдарында ғана емес, бүгінгі заманда да зор пайдасы бар. Мәрия әже бұл өсімдіктің қалай жиналатынынан бастап, дайын тағамға дейінгі барлық процесін көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына аманаттап келеді.
Құмаршықтан дайындалған тағамдар – аса дәмді, құнарлы, әрі денсаулыққа пайдалы. Әсіресе, одан пісірілген нан – ерекше. Дәмі мен иісі тарыдан әзірленген нанға ұқсайды, тіпті кейбір жағдайда одан да тәтті болады. Бұл нан – тойымды, жұғымды, көпке дейін қарын аштырмайтын қасиетке ие. Мәрия әже осындай қасиетті астардың жасалу жолын бүгінге дейін қолөнер деңгейінде, дәстүрлі әдіспен жалғастырып отыр.
Ол күзгі шық түскен кезде, яғни қазан айының соңы мен қараша айының басында құмаршықты жинауға кіріседі. «Күзгі шық – құмаршық теруге қолайлы кезең» дейді ол. Бұл уақытта дән толығымен піскен, бірақ ылғалдылықтың әсерінен жерге түсе қоймайды. Осы кезеңде Мәрия әже құмаршықты кәдімгі қол шалғымен түбінен қиып алады да, шөмеле етіп жинайды. Бұл – шөптің бойын таптап, үзіп-шашпай жинаудың бірден-бір амалы. Шықтың ылғалымен дән топанынан ажырамай ұсталып тұрады, шашылмайды. Осы тәсілді білетіндер ғана құмаршықты ысырапсыз жинай алады.
Шөмеле түрінде бірер күн кептірілгеннен кейін, Мәрия әже оны көлемді төсенішке салып, таяқпен сабалайды. Бұл да – ертеден келе жатқан дәстүрлі әдіс. Сабау арқылы дәндер өз топанынан ажырайды. Содан кейін дән мен сабақты желге ұшырып, тазалау кезеңі басталады. Бұл сәт – шеберлікті қажет ететін нәзік жұмыс. Желдің бағытын, күшін бақылап тұрып, дәнді бірнеше қайтара ұшырып, жеңіл қабықтарынан толық тазартады. Нәтижесінде бозғылт түсті, сопақша келген майда дән алынады.
Осыдан кейін дән қуырылып, арнайы келіде түйіледі. Құмаршықтың талқаны – ерекше. Шекер татығандай дәмі бар, өзі тәтті, әрі жұғымды. Одан дайындалатын көже де – бұрынғы қазақтың той-томалақтарында тартылған қадірлі ас. Әженің қолынан шыққан көже – дәмі тіл үйіретін тағам ғана емес, ұлттық дәстүр мен шеберліктің көрінісі. Құмаршық көжесі сүтпен немесе суға қайнатылып, аздап тұз қосылып дайындалады. Кейде үстіне май құйылып, ауылдастар арасында қонақ асы ретінде де ұсынылады.
Оған қоса Мәрия әже құмаршықты қол диірменге тартып, ұн дайындайды. Бұл – бүгінгі жастар үшін таңсық, сирек қолданылатын, бірақ қазақ тұрмысында кеңінен тараған әдіс. Ұнтақталған құмаршық ұнынан илеген наны ерекше жұмсақ әрі хош иісті болып келеді. Пешке немесе тандырға пісірілген кезде жағымды иіс үй ішіне таралып, алыс ауылда тіршілік кешіп жатқан отбасында нағыз мерекелік көңіл-күй орнайды.
Бүгінде Мәрия әженің құмаршық тағамының дәмін татып көруге ниет білдіріп, алыстан іздеп келетіндер де аз емес. Әсіресе қала жастары мен зерттеуші мамандар, дәстүрлі тағам түрлеріне қызығатындар Мәрия әженің үйіне жиі келеді. Әженің айтуынша, құмаршықты тұтынған адамның асқазаны жеңілдейді, әл-қуаты артады, бала болса, тез өсіп-жетіледі, ересек адам болса – сергектік пен күш-қуат алады. Бұл – ата-баба жолын ұстану, ұлт тағамына деген құрмет, келешекке қалдырылған өнегелі жол.
Пайдасы оның ұшан-теңіз
Бабаларымыз осы секілді бойға нәр беретін, денеге қуат құятын тағамдармен ғана өмір сүріп қоймаған, оны тіршілік мәніне, өмір сүру салтына айналдырған. Ет пен сүт – қазақтың ежелден бергі қос тағаны. Бие сүтінің шипалық қасиеті, түйе сүтінің қуаты, қой мен жылқы етінің қуаттылығы туралы сан ғасырлық тәжірибеден өткен тұжырымдар бар. Бір ғана уыздың өзі – қуатты азық, әрі емдік сусын. Бұрынғы ата-әжелеріміз, қарияларымыз кейде өмір бойы бір дәрі ішпей, жөтеліп, тұмау тимей өткен. Себебі – табиғи асты тұтынды, аузына тек адал мен пайдалы ас барды. Жердің дәмі мен желдің исі сіңген, табиғи жолмен өсіп-өнген азықтан қуат алған адамның да бойы сергек, тәні сау, рухы берік болады.
Қазақтың табиғи тіршілігі – табиғатпен үндескен, үйлескен өмір. Жыл бойы етпен азықтанып, көктемде сүтпен тазарып, бойдағы ауырлықтан арылатын ерекше жүйе. Ал құмаршық – осы жүйенің ішінде ерекше орын алатын, табиғи дәруменге бай азық. Аштық заманында ажалдан арашалағаны өз алдына, бүгінгі күннің талабына да сай келетін өнім. Себебі қазіргі күнде түрлі химикат пен жасанды қоспаға толы тағамдар адамның денсаулығына зор зардабын тигізіп отыр. Басқасын айтпағанда, түрлі консерванттар, түрлі дәм күшейткіштер – мұның бәрі адам ағзасына кері әсерін беріп қана қоймай, тұтас ұрпақтың саулығына қауіп төндіруде.
Ғылым да құмаршықтың пайдасын растады. Жүргізілген зерттеулер бұл өсімдіктің адам денсаулығына зиянсыз екенін, тағам қауіпсіздігі талаптарына толық сай келетінін көрсетті. Құнарлылығы жоғары, ағзаға тез сіңетін жеңіл тағам ретінде құмаршықты диеталық өнімдер қатарына жатқызуға болатыны анықталды. Оның қамырлылығы төмен, сондықтан асқазанға ауырлық түсірмейді. Дәріхананың дәруменіне тәуелді болған балалардың денсаулығы табиғаттың өзіндік тәртібінен алыстап кеткеніміздің көрінісі.
Түйін:
Ашығын айту керек, аштық жылдары құмаршық болмағанда қаншама адамның тағдыры өзгерер еді, қаншама ұрпақ дүниеге келмей, қаншама шаңырақтың іргесі сөгіліп, тарихтың беті мүлде басқа арнаға бұрылып кетуі мүмкін еді. Сол себепті де құмаршықтың тағылымы терең, өнегесі орасан. Сондықтан құмаршықты насихаттау – өткенге тағзым ғана емес, келешекке қамқорлық. Бұл – ұлттық тағам мәдениетін жандандыру, дәстүрлі ас арқылы ұлт денсаулығын сақтау, қазақтың қайнар бұлақтан бастау алған өмір сүру салтын қайта жаңғырту деген сөз. Осы орайда құмаршықтың пайдасын, тарихтағы орнын, қазіргі заманға лайықты тұтынылу жолдарын кеңінен дәріптеп, мектеп бағдарламасына енгізіп, ғылыми жобалармен ұштастырып, өндірістік деңгейде қолға алатын уақыт әлдеқашан келді…
Еркеназ ҚАЛИЖАН