
«Патшалар ойынының» білгірі
Әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі болып саналады. Ежелден жеткен аңыздарға сүйенсек, шахматты алғаш болып біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрын үндістандық математик ойлап тапқан деседі. «Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау» деп америкалық публицист Ричард Бах айтпақшы, адамның бәсекеге қабілеттілік қасиетінің дамуына шахматтың пайдасы көп. Өзге де ғалымдар шахмат ақыл-ой дағдыларын ғана емес, сонымен қатар шыдамдылықты, өзін-өзі тәрбиелеуді және өзіне деген сенімділікті арттыра отырып, мінезді де қалыптастыратынын айтады.

Өмір осы шахмат ойынына қатты ұқсайды. Жеңіске жетіп, ұту жолында ойың мен ақылыңды, тактикаңды іске қосасың. Биік белестерді бағындыру үшін осылай барыңды салу қажет. Әр тасты орнымен жүріп, әр шаршыға баппен қойып, алға жылжып отырасың. Шахматтағы қате жүріс өмірдегі қалыс қадам сияқты.
Алғаш шахмат клубын ашты
Өңірде осы «патшалар ойынын» дамытып, шәкірт тәрбиелеген Ғабдрахман Айдарәлиевтің есімі ерекше аталады. Оның ғұмыр жолы шахмат тақтасындағыдай ақ пен қараның айқасынан тұрады. Ел басына қара бұлт үйірген Ұлы Отан соғысы жылдары 17 жастағы бозбала өз еркімен майданға сұранады. Қан майданда төсін оққа тосып, бейбіт өмір үшін күреседі.
Сұрапыл соғыстан кейін ол бейбіт заманда бүкіл ғұмырын ұстаздық қызметке арнайды. 1964 жылдан бері Гурьев педагогикалық институтында болашақ педагогтарды даярлау ісіне өз үлесін қосады. 1981 жылы ұлағатты ұстаз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде психология мамандығын ашуға мұрындық болып, студенттеріне жантану ғылымының түрлі салаларынан дәріс береді. 1982-1993 жылдары психология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.
Ғабдрахман Әшімбайұлы спортта, әсіресе шахмат өнерінде кеңінен танымал еді. Ол спорт шеберлігіне кандидат болды. Шахматқа деген қызығушылығы бала кезінен басталып, кейін әскер қатарында жалғасты. Ол сол жерде полктың тұрақты чемпионы атанды. Педагог ретінде бастауыш сыныптарда шахмат сабақтарын ұйымдастыру мен өткізу әдістемесін жасақтады. Айта кетері, бұл сабақтарға балалар ерекше қызығушылықпен қатысатын, тіпті ата-аналар мен мұғалімдердің шахмат ойнауға ынтасы ояна бастады.
Кейіннен қалалық және облыстық деңгейдегі көптеген шахмат турнирлерінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ қалада алғаш шахмат клубын ашушылардың бірі, университеттегі шахмат мектебінің негізін қалаушы болды. 1981 жылдың ақпан айында қаламыздың «Тұрғындар қалашығы» шағынауданында тұңғыш рет ашылған қалалық шахмат клубы облысымызда шахматтың дамуына орасан зор үлес қосты. Осы клубты ашу үшін ұстаз бірнеше жыл сол кездердегі қала басшылығының алдына мәселе қойып, кездескен көптеген қиындықтарды еңсерген екен.
Оның құрметіне шахмат турнирлері жиі ұйымдастырылып, ол бұл жарыста жас спортшыларға батасын беріп, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Жасы ұлғайғанына қарамастан, бойында жастық жігерін сақтап, шахмат партияларын ерекше құлшыныспен өткізетін.
Өңірде 2500 бала шахматпен айналысады
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ұстаз талай талантқа осы бірегей спорт түрінен жол нұсқады, тәлімгерлік етті. Нәтижесінде мықты шахматшылар республикалық, халықаралық додаларда топ жарды. Әсіресе Азия чемпиондары көптеп шықты. Атыраудың атағы әлемге шығып жатса «Ғабдрахман Әшімбайұлының салып кеткен жолы» деп үлкен сеніммен айта аламыз. Оның үздік шәкірті, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин қазір де Атырау өңірі Қазақстандағы шахмат спортынан алдыңғы қатарда екенін айтады.
Оның мәліметінше, өңірде 2500 бала шахматпен айналысады. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының, Ғабдрахман Айдарәлиев атындағы облыстық шахмат федерациясы және қалалық спорт бөлімінің қолдауымен қаламызда жыл сайын оншақты түрлі деңгейдегі шахмат турнирлері өткізіледі. Оған 8-ден 70 жасқа дейін жүзден астам спортшы қатысады екен.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бүгінге дейін бірқатар атыраулық шахматшы жас Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Араларында Қайрат Тәжиев, Серік Кенжеев, Бейбарыс Өтепов, Ақсана Ерланқызы, ағайынды Нұрлан мен Нұрбол Ғалымжановтар сияқты спортшылар бар. 2009 жылы туған Зарина Нұрғалиева үш дүркін әлем чемпионы болды. Халықаралық спорт шебері, Азия чемпиондары Жәнібек Аманов, Диляра Ғабитова, Аят Абдуллаев шет мемлекеттерде өткен тартысты ойындарда ел байрағын жоғары көтеріп жүр.
Уақыт керуені алға жылжыған сайын физикалық күшке қарағанда ақыл-ойға көп салмақ салатын ойын түрлеріне басымдық берілуде. Әсіресе баланың телефоннан бас алмайтын заманында оны шахматқа баулудың көп пайдасы барын білікті мамандар да растап отыр. Ел Президенті өзінің бір сөзінде «Біз Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуды жалғастыруымыз және Халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біздің адам әлеуетін арттыру және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетімізге толық сай келеді» деген болатын.
Демек, шахмат ойыны өзінің өзектілігін жоғалтпайды деген сөз. Ендеше, елімізде үлкен қолдау тауып отырған бекзада спортпен айналысуға ниетті жандардың қатары толыға берсе деген тілек бар.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
*Сіз не дейсіз?
Назгүл Мырзағалиева, жиені, Қазақстан
шахмат федерациясының Атырау филиалының директоры:
Өмір университетінен өткізді
– Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын оқығанда нағашы ата-әжемнің үйінде тұрдым. Сонда марқұм нағашы атам «Қызым, сен бір емес, екі университет бітіресің. Бірі – өз мамандығыңды меңгерсең, екіншісі – нағашы әжең екеуміздің тәлім-тәрбиемізді бойыңа сіңіресің» деуші еді. Үлкендерден қонақты қалай қарсы алуды, қалай өз-өзіңді әдепті, мәдениетті ұстауды, адамның ала жібін аттамауды, алға қойған мақсатқа жетпей тынбауды, т.б. көп тағылымды дүниелерді үйрендім. Нағашы атам дәріс беретін психология кафедрасында білім алдым. Бүгінде осы сала бойынша оқу орталығын, балабақша ашып, ағарту ісімен айналысып келемін.
Қара шаңыраққа атамнан шахмат ойнаудың қыр-сырын үйренуге шәкірттері көп келетін. Нағашы атама ілесіп, спорттық турнирлерге жиі қатысатынмын. Шәкірттерінің қолдауымен қаладан шахмат клубын ашып, нағашы атамның ізін жалғастырып, осы спорт түрін дамытуға бар күш-жігерімді салудамын.
Сіз не дейсіз?
Сәния Камелова, шәкірті,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор:
Жылы естеліктер жүректі жылытады
Шексіз шығармашылыққа бейім жандар ғана өз істері арқылы танымал әрі құрметті бола алады. Менің сүйікті ұстазым – психолог, профессор, шахматшы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғабдрахман Әшімбайұлы Айдарәлиев дәл осындай жан еді.
Біздің өңірде де, одан тыс жерлерде де бұл есімді білмейтін не естімеген адам кемде-кем шығар. Мүмкін, оның есімі танымал тұлғалар тізімінде жазылмаған болар, бірақ бүгінде Айдарәлиев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің заңды түрде «брендіне» айналды. Өйткені ол оқу ордамыздың іргесін қалаушылардың бірі болды. Өмірімен де, еңбегімен де ол мақсаткерлікті, іске адалдықты, студенттерге, әріптестерге және қолдауға зәру жандарға көмекке келуге әрдайым дайын екенін паш етті.
Айдарәлиевтің студенті әрі кейін әріптесі ретінде мен оның шексіз өмірсүйгіштігіне, сарқылмас энергиясына және бейбіт замандағы ерлігіне үнемі таңғалатынмын. Ол тамаша лектор, жақсы кеңесші әрі шахматтағы лайықты қарсылас болатын. Одан үйренген көп дүнием маған өмірде көмектесіп келеді.
Шахмат – оның хоббиі ғана емес, балалармен жұмыс істеудегі сүйікті ісі болатын. Оны тегіннен-тегін гроссмейстер деп атамаған. Ол бұл ойынды бүкіл Атырау өңіріне кеңінен таратты, шахмат майданының шын жауынгерлерін тәрбиеледі. Олардың ішінде Сабырбай Ғайсин, Жәнібек Аманов және басқалары бар. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатыр: Айдарәлиев – Ғайсин – Аманов – қазіргі төрт дүркін әлем чемпионы Нұрғалиева Зарина… Олар шахматты шын көшбасшысынан үйренді. Иә, ерекше энергиясы мен ұйымдастырушылық қабілеті бар ол білім мен тәрбие ісіне ғана емес, Атырау облысындағы шахмат қозғалысының дамуына да көп үлес қосты.
Бүгінде ол кісі арамызда жоқ. Ол – тынымсыз еңбек еткен жан, көрнекті маман, қадірлі адам, өмірге әрдайым белсенді қарап, өз орнын тапқан тұлға еді. Қазір біздің жүрегімізді ерекше жан туралы жылы естеліктер жылытатыны рас. Иә, уақыт тоқтамайды, күндер артта қалып, оқиғалар, тағдырлар, біз өзіміз де кешегі күнге айналамыз. Естелік – уақытқа бағынбайды. Ол өлімді жеңіп, махаббат пен құрметті жалғастырып, ұрпақтан ұрпаққа беріледі.
Сіз не дейсіз?
Сабырбай ГАЙСИН, шәкірті, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті:
Аманатына қиянат жасамадым
Атырау облысындағы шахмат спортының негізін қалаушы – Ұлы Отан соғысының ардагері, шахматтан облыстың бірнеше мәрте чемпионы болған ұлағатты ұстаз, профессор Ғабдрахман Әшімбайұлы Айдарәлиевтің дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толып отыр. Ғибратқа толы ғұмырын жастарға білім-тәрбие беруге арнаған ағамыз студенттерді шахматқа баулуға мол күш-жігерін, уақытын арнады.
2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Х.Досмұхамедов атындағы университет ректоратының қолдауымен ағайдың 80 жылдығына байланысты үлкен Халықаралық шахмат фестивалі ұйымдастырылды. Кезінде ағамыз «фестивальді жақсылап өткіз» деп маған сенім білдірген еді. Өзі үнемі ақыл-кеңістерін беріп отыратын. Мықты демеушілеріміз де табыла кетті. Ғабдрахман Әшімбайұлы ағайымыз бұл фәниден өтіп, бақилық болды.
Соңғы кездесулеріміздің бірінде ағамыз «Сабырбай, шахмат ойынын ойнағанды бәріміз де өте жақсы көреміз. Бірақ ұйымдастырушылар көп кездесе бермейді. Сенің осы ұйымдастыру қабілетіңнің бар екенін білемін, сеземін және осы үлкен істі саған тапсырамын» деп айтқан еді. Ұлағатты ұстазымыздың аманатын орындауға бүгінде күш-жігерімді салып жүрмін.
Осы жылдар ішінде Атырауда шахмат ойыны жоғары қарқынмен дамып, Қазақстан бойынша жоғары сатыларға көтерілдік. Атап айтсақ, Жәнібек, Зарина, Серік Кенжиев, т.б. жас шахматшылар әлемдік деңгейде жүлделер ала бастады.
2007 жылы белгілі кәсіпкер Ерболат Айдарәлиевтің қолдауымен ағамыздың атына облыстық шахмат федерациясын аштық. Федерация қаламыздағы жоғары оқу орындары мен «ТШО», «NCOC», сияқты үлкен мұнай компанияларымен және т.б. көптеген ұйымдармен бірлесіп, ынтымақта жұмыс жасады.
Ғабдрахман Әшімбайұлының ізгілікті, игілікті істерін жалғастыра білдік деп үлкен сеніммен айта аламыз. Сондай-ақ Атырауда бірнеше рет Қазақстан чемпионаттары мен кубоктары жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Мұның өзі облысымызда шахматқа қызығушылардың саны артуына көмегін тигізді.
Ағайымыз табиғатынан тура, адамгершілігі мол әділ адам. Адамдарға жақсылық жасап, қамқорлық көрсете білуші еді. Шахмат әуесқойлары ағамыздың осы еңбегін үлкен ілтипатпен, қошеметпен еске алады. Ғабдрахман Әшімбайұлының жарқын істерінің барлығы да біздің жүрегімізде, ойымызда мәңгі сақталады.