![Парасат биігіндегі тұлға 1 bb](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/bb-780x470.jpg)
Парасат биігіндегі тұлға
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Оңайбай Көшековтің туғанына биыл – 100 жыл. Ол – есімі елінің есінде сақталған, жұртының жадында жатталған, саналы ғұмыры мен ерен еңбегін туған жерін түлетуге, халқына адал да абыройлы қызмет қылуға арнаған, жақсы істерге бастаған кемел ойлы көшбасшы, қайталанбас біртуар тұлға.
![Парасат биігіндегі тұлға 2 bbb 2](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/bbb-2-1024x682.jpg)
Есімін елі ұмытпаған, ұрпағы ұлықтаған, аты аңызға айналған абыздың ғасырлық тойына орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Ғибрат биігіндегі тұлға» атты еске алу кеші өтті. Ғибратқа толы шараның шымылдығы ел ағасының өзгелерге ұқсамайтын өнегелі өмір жолын баяндайтын «Қайраткерлік феномені» деректі фильмімен ашылды. Одан кейін сахна төріне көтерілген театр актерлері кеш кейіпкерінің өмір кезеңдерін бейнелейтін қойылымды көпшіліктің назарына ұсынды.
![Парасат биігіндегі тұлға 3 madina](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/madina-1024x682.jpg)
Ол туған өлкесінің өсіп, өркендеуіне, оның экономикасы мен әлеуметтік салаларының, мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Әкенің құтты таяғын ұстап, шопандықтан басталған еңбек жолында барлық баспалдақтан өтіп, облыс басшылығына дейін көтерілді. Оңайбай Көшекұлы қай учаскеде жүрсе де тапсырылған іске тындырымдылығымен, жауапкершілігімен, өзіне де, өзгеге де талапшылдығымен, қарауындағыларға қамқорлығымен ерекшеленетін. Осындай айрықша қасиеттері мен мен қырлары оны облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезеңдерінде парасат мен бедел биігіне көтеріп, абырой асқарына шығарды. Қай кезде де байыпты да батыл шешім қабылдап, ойына алғанын жүзеге асыра алатын дана басшы, қайраткер тұлға тұрпатында қалыптастырды. Осының бәрі туындыда айқын көрініс тапты.
![Парасат биігіндегі тұлға 4 bbbbbbbbbbbbbbb 1](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/bbbbbbbbbbbbbbb-1-1024x682.jpg)
Оңайбай аға облысты басқарған жылдары өңірде алып кәсіпорындар шоғыры бой көтерді. Гурьев – Астрахан теміржолы пайдалануға берілді. Қалада алғаш рет «Авангард» шағынауданының іргетасы қаланды. Атырау химия зауытында полиэтиленнің жаңа маркасы шығарылды. Бұдан басқа да елдің назарын аударып, халықтың қажетіне жараған жаңашыл істер мен тың бастамалар аз болмады. Ол мәртебелі мансапқа ие болғанымен табиғаты сыйлаған кісілігі мен кішілігін жоғалтпай, жетістік пен жеңіске өз халқымен бірге жетуді өзінің өмірлік кредосы деп санады. Облыстың қаржы қоржынын толықтыру үшін Ембі ойпатындағы мұнай өндірісінің қарқынын арттыру қажет деп түйіндеп, Еділ-Жайық арасынан жаңа мұнай көздерін ашуды, сол үшін геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстарын тездету мақсатында мұнай саласының басшыларымен бірге көшпелі кеңестер ұйымдастырды.
![Парасат биігіндегі тұлға 5 bbbbbbbb 1](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/bbbbbbbb-1-1024x682.jpg)
1979 жылы Кең Жылыойдың қазыналы даласынан ірі көлемдегі мұнай фонтаны атқылап бүгінгі әлем көз тіккен Теңіз кеніші қаланып, болашағы зор алып кенішті игеру мақсатында аймақ басшылығының тікелей араласуымен алғашқы шетелдік инвесторлар тартылып, Мәскеуге бірден бағынатын «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды. Соның нәтижесінде қаланың көркі кіріп 9 қабатты Ақ Жайық қонақ үйі, облыстық драма театры, әуежайдың ұшып-қону алаңы, астық өнімдері комбинаты, теміржол вокзалы, автовокзал, «Өнерпаз» тұрмыстық қызмет көрсету үйі, 100 орындық перзентхана, облыстық өкпе ауруы емханасы, т.б ғимараттар бой түзеді. Мұның бәрі еске алу кешінде алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің әңгімесіне арқау болды.
![Парасат биігіндегі тұлға 6 bbbbbbbbbbbbbbbbbbbb](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/bbbbbbbbbbbbbbbbbbbb-1024x682.jpg)
Оңайбай Көшекұлының басшылығымен және ұйытөы болуымен атқарылған ұланғайыр істер мен қайталанбас тұлғаның артына қалдырған өшпес қолтаңбасы мен іздері жайлы онымен үзеңгілес еңбек еткен, қатар жүріп, көзін көрген аға буын өкілдері атынан тағылымды да тәрбиелік мәні зор естеліктер, жылы лебіздер айтылды. Олардың қатарында Атырау облысының Құрметті азаматтары Амангелді Селбаев, Мәдина Ғабдысәлімова және басқаларының есімдерін атаған ләзім. Шараға сонымен бірге О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі мен басқа да арнаулы-орта білім беру мекемелерінің ұстаздары мен студенттері, мерейлі жас иесінің ұрпақтары қатысты.
Дәулетқали АРУЕВ