Жарнама
Ғибрат

Пайымы бөлек Полина

Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейінің мұғалімі Полина Қабдолкәрімова – Астрахан қаласының тумасы, орыс ұлтының өкілі. Отбасы жағдайына байланысты оның анасы екі жасқа толар-толмас шағында Мақатта тұратын нағашы әжесі Лидия Демидованың тәрбиесіне беріпті. Бүгінде анасы апасымен және егіз сіңлілерімен Астрахан қаласында тұрады екен.

Балалық шағы ауылда өткен Полина балабақшаның қазақ тобында тәрбиеленген. Қазақ тілін сол кезде бойына сіңірген ол Мақат кентіндегі Латип Шахатов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, он жылдық білімін абыроймен тәмамдады. Әжесі Лидия Ефимовна жарты ғасырға жуық уақыттан бері Мақатта тұрады. Ол да кезінде жұмыс бабына байланысты мұнайлы өңірге қоныс аударыпты. Өмірінің жартысынан көбін теміржол саласына арнаған ол бүгінде құрметті демалыста. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да үйренген жерден ешқайда көшкісі келмейді.

Бір қызығы, Полина мектеп жасынан журналист болуды армандапты. Содан болса керек, ауылдастары тележурналист Мая Бекбаеваға ұқсатып «Біздің Мая» деп атайтын. Алайда 2010 жылы университетке оқуға түсуге келгенде журналистика мамандығында тек қазақ тобы болғандықтан, оған батылы жетпей, «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына түсу жөніндегі ұсынысты қабылдауға тура келеді.

– Басқа қалаға журналистика мамандығына ауысып кетуге болатын еді. Алайда желтоқсан айына дейін осы мамандықтан басқаны таңдағым келген жоқ. Оған бізге дәріс беретін ұстаздардың жылы қарым-қатынасы мамандыққа деген махаббатымды оята білді деп ойлаймын. Сосын ұстаздықты таңдап, осы мамандыққа деген құлшынысым артты. Сөйтіп менің ойым өзгерді, — дейді Полина.

Бүгінде Полина – қазақ отбасының шаңырағын түтетіп отырған аяулы жар, ардақты ана, қымбатты келін. Отағасы Азамат екеуінің шаңырақ көтергеніне 12 жылдан асқан. Бүгінде екеуі Әнел және Жанель есімді егіз қыз тәрбиелеп отыр. Полинаны жаңа отбасының өз қызындай қабылдауы оның тез сіңісіп кетуіне сеп болыпты. Оның үстіне ата-енесімен бірге тұрғандықтан, балаларының тәрбиесіне де ата-әжесінің көп көмегі тиген.

4d6b2025 9654 43ad a83b 563df3a107ae

– Он шақты жыл бұрын біз ата-анамыздан бөлек тұра бастадық, қазір қыздар мектепке барады. Отбасында ұлттық дәстүрлерді үнемі сақтаймыз. Жаңа түскен келінге құрмет көрсетіп, келіншайға шақыратын жоралғы қазақтан басқа ұлтта жоқ. Қазақ халқының әр салт-дәстүрі мен жоралғысының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Мен де бұл құнды дәстүрлеріміздің орны балаларымыздың өмірінде өте маңызды деп санаймын. Өйткені ұрпағымыз өз тамырынан ажырамауы керек. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарының бәрін әзірлеп, қонақтарды дәстүрге сай қарсы аламын, — деді ол.

Полинаның келген жері оның қазақ тілінде сөйлейтінін қалыпты жағдай ретінде қабылдапты. Кейде тіпті өз тіліндей еркін сөйлейтінін көріп, кейбіреулер таңданысын білдіріп жататын көрінеді. Кішкентайынан қазақы ортада өскен оған жаңа ортаға сіңісіп кету қиындық туғызбапты. Өйткені ол өзінің қай жерге келін болып бара жатқанын білді.

Полинаның айтуынша, отағасымен mail.ru әлеуметтік желіcі арқылы танысыпты. Бір жылдай достасып жүріп, тұрмысқа шығардан бір апта бұрын ата-енесімен кездескен.

– Азаматпен шаңырақ көтеруге сөз байласқанда, отбасым да қарсы болмады. Сөйтіп, қазақ отбасының табалдырығын аттадым. Ата-енем – өте мейірімді, адал, сабырлы, ауылдастарымыз сыйлайтын қарапайым жандар. Менің жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып, қолдау көрсеткенін жадымнан шығармаймын. Енемнің бауырына тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Ағайындармен татулығымыз жарасқан, — дейді кейіпкеріміз.

34af191a 1704 4c4e b97f d9d4906659f6

Полина Қабдолкәрімова бүгінде әлеуметтік желіде де контент түсіріп, жұмыс барысынан бейнежазбалар жариялап тұрады. Десе де жұмыс кестесінің тығыздығынан көп уақыт бола бермейтінін айтады. Әлеуметтік желіні дамытып жүргізу мақсаты болмаса да, өзіне ұнаған дүниелерді жүктеп отырады. Оны өзінің ой-пікірін айтуға мүмкіндік беретін алаң деп есептейді. Сонымен қатар, мұғалімнің де жеке өмірі мен отбасы, қызығушылығы бар екенін жеткізгісі келеді. Ұстаз бола жүріп бәріне үлгеруге болатынын дәлелдеп те келеді.

– Қазір көп адам мұғалім болуды армандамайды. Өйткені оның да өзіндік қиындықтары бар. Меніңше, адам өз мамандығын жүрегімен жақсы көрсе барлығына да үлгеруге болады. Соны көрсетуге тырысамын. ТikТok желісі арқылы жариялаған бейнежазбаларым көп таралып, оқырмандарымның саны артқаны бар. Олар да жақсы лебіздерін білдіріп жатады. Адам өзгелерге жақсылық ойласа, басқалардың да оған деген оң көзқарасы қалыптасады. Оқушылармен ақылдаса отырып, ТikTok желісіне бейнежазба түсіріп тұрамыз. Негізі білім туралы контент түсіргім келген, бірақ ондай жазбалар сұранысқа ие емес екен. Өз жұмысымды, мамандығымды жақсы көргендіктен, дәл қазір орнымды таптым деп ойлаймын. Егер өзгеге қандай да бір пайдам тиіп жатса, одан басқа мақсат та жоқ, тек соған шүкірлік етемін, — деп сөзін түйіндеді Полина.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button