
Ойнаған құлағында домбыраның…
*Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні
Бұл шағын баянымды ауылдастарым – бір топ құрманғазылық зиялы жұртымның «көңілімізде алаң бар, сенің қолыңда қалам бар ғой» деген ортақ тілек-өтініштері негізінде жазып отырмын. Әңгіме ауаны қазақтың дүлдүл күйшісі әрі сазгер Әзидолла Есқалиев қақында. Қазақты ру мен жүзге бөлмей, Алтайдан келсін, Атыраудан жетсін жымия қарсы алып, қабағын шытпай шаруасын бітіруге араласқан әрине абыз Әбуден кейінгі Әзидолла десек, бұл сөзімді құптайтындар мың сан екені кәміл.

Әзекеңнің қызы Алма Андарбаева Құрманғазы ауданына келіп, халықпен дидарласқан бір сәтінде Атырау алыптарының сапында әкесі Әзидолла Есқалиевтің де ескерткіші тұратынын, облыс билігі төрт көзі түгел отырып, сондай шешім алғанын, тиісті құжаттары рәсімделіп, мәселе ақша бөлінуіне тіреліп тұрғанын айтқан еді. Орталарынан оқ бойы озық шығып, ұлы Құрманғазының тәуелсіздік ұранын көтерген тасқынды да дүбірлі күйлерін өмір бойы насихаттап өткен, өзі де сазгер, Атыраудың даңқты перзенттерінің бірі, қазақтың ай маңдай азаматы Әзекең – Әзидоллаға бұл орынды құрмет екен деп қуанған еді құрманғазылық естияр жұрт.
Жерлес, сыйлас інісі, марқұм қазақтың классик жазушысы Рахымжан Отарбаевтың: «Әміре Париж төрінде қазақ әнінің мойнына тұңғыш рет күміс ілсе, Әзидолла ағамыз 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде қазақтың қоңыр домбырасының мойнына тарихта тұңғыш рет алтын ілді. Әзағаң қазақ шежіресінде өз биігімен қалатын өте дарынды адам, өйткені домбыраны тарсылдатып қақпаққа тартатыннан емес, құлаққа құйып тартатыннан еді ғой», — дегені ел аузында жүргелі қашан?!
Қандай себептен екені белгісіз, уәде етілген сөз рас болса жылы жауып қоюдың жөні жоқ еді ғой деген көп көңілдердің кірбіңі үлкен жараға айналып барады. Үкілі үміт су сепкендей басылып, күдік пен күмән еңсе көтеруде. 2014 жылы «Ол тек сол кездегі Совет одағының құрамына енген республикаларда ғана емес, Германия, Франция, Чехословакия, АҚШ, Алжир, Қытай, Моңғолия сияқты көптеген елдерде өнер көрсетіп, қазақ өнерінің құдіретін әлемге танытты» деп жазылған ол туралы Алматыдан шыққан мерейтойлық жинақта. Осы жинақта оның 1953 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетіне құжат тапсырғанда құмды өңірден келген талантты балаға мойын бұрып, емтиханды аты аңызға айналған Ахмет Жұбановтың өзі қабылдағаны айтылады.
Консерватория қабырғасында Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Мәлғаждар Әубәкіров сынды біртуар өнерпаздарға шәкірт болған. Әзидолла Есқалиев қазақ музыка өнеріне сіңірген еңбегі үшін ҚР еңбегі сіңірген әртісі, ал 1990 жылы ҚР Халық әртісі атағына ие болады. «Құрмет белгісі» орденімен, әр жылдары «Озық еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Аса үздік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталады. Атырау облысының және Исатай ауданының Құрметті азаматы. Демек, еңбегі, атақ дәрежесіне күмән келтіруге келмейді.
Әзидолла Есқалиев күйші жайында біз әңгімелеген кітапта белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары ой салар орнықты пікірлер қалдырған.
– Әзидолла Есқалиев – Құрманғазы, Махамбет, Дина, Дәулеткерей секілді дарынды күйші бабаларымыз асқақтатқан батыс күйшілік дәстүрінің бірегей өкілі ғана емес, классикалық музыка саласындағы Моцарт сияқты әлемдік деңгейдегі ірі тұлғалардың шығармаларын орындау арқылы қос ішекті қара домбыраның шексіз мүмкіндігін дүниежүзіне танытқан дәулескер күйші, қазақ деген елдің, оның көненің көзіндей қарапайым ғана музыкалық аспабының даңқын асырған талантты тұлға,-деп жазады Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ал Иманғали Тасмағамбетов: «Сіз қазақтың күй патшайымы – Дина апамыздың алдын көріп, ақ батасын алдыңыз. Сондай-ақ, Ахмет Жұбанов, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Малғаждар Әубәкіров сынды өнер тарландарынан өнеге көріп, бүгінде өзіңіз жас домбырашыларға күй өнерінің қыр-сырын үйретіп келесіз. Сіз тәрбиелеген буынның қатарынан марқұм Қаршыға Ахмедияров, сондай-ақ, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева сынды есімдері елге белгілі өнер иелерін көреміз»,-деп айтқан еді.
Қазақтың біртуар ұлы Әбіш Кекілбаев болса: «Құрманғазының күйлерін Әзидолладай түгел білетін адам аз еді. Бүкіл Нарын бойында ежелден өмір сүріп келе жатқан күйшілік дәстүр Әзидолла арқылы қатты дамыды. Кейін оның мықты ізбасарлары шықты. Өз қасында жүрген, өзімен қатар консерваторияны бітірген Рысбай, Рысбайды былай қойғанда кейінгі шыққан Қаршыға, Шәміл, Айгүл – барлығында да біздің Әзидолланың күйшілік өнерінің табы жатыр»,-дейді.
Кәрима Сахарбаева: «Арманы орындалды, қазақ домбырасына кәсіби білімділер арасында алғаш «Алтын медаль» тақты. Сол саф алтындай өнерін әрқашан биік ұстады. Шетел композиторларының шығармаларын алғаш сахнаға алып шыққан да – Әзағаң. Әттең, домбырасын әлі де бұлбұлдай сайрата берер ме еді?»,-деп ағаларының сөзін қостайды.
– Шығарманың орындау техникасын терең меңгерген дәулескер күйші сазды әрлеймін, жетілдіремін деп өз жанынан дыбыс қосуға ежелден жаны қас. Сондықтан да Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиевтың орындауындағы күйлер «бұл Әзағаңның қағысы» дегендей, оқшауланып, жоталанып тұрады,-деп Мереке Құлкенов топшыласа, Айгүл Үлкенбаева «Әзидолла аға – саңлақ орындаушы, дүлдүл домбырашы ғана емес, «Жастар», «Шаттық», «Фестиваль маршы» атты күйлер шығарған белгілі сазгер» дей келе домбырасын қайыстай иілтіп, балқытып тартатын даңғайыр дарынды өмір бойы ұстаз тұтатынын айтады.
Біз әңгімелеп отырған кітапта осылар сынды өнер көгінің басқа да жұлдыздары профессор Айтжан Тоқтаған, ҚР халық әртісі Бибігүл Төлегенова, белгілі шәкірті Сәнен Әжиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, жазушылар Рахымжан Отарбаев, Қойшығұл Жылқышиев, Өтепберген Әлімгереев, т.б. Әзағаңның шалқар күйдің шалдырмас жүйрігі ретіндегі орнын өте жоғары бағалайды.
Өйткені, Әзидолла Есқалиев – өмір бойы, бойынан күш-қуаты кемігенше ұлы Құрманғазының құдіретті күйлерін туған елімізді былай қойып, әлемдік деңгейде насихаттаған ұлылар көшінің заңды жалғасы. Демек, Атырауы төрінде маңдайы жарқырап, Әз-ағаңның, қазақтың Әзидолласының да ескерткіші тұратын орны бар. Ендеше, көпшіліктің көңілін күпті қылмай, бұл тірлігіміздің «боладысы, иә болмайдысы» айтылуы керек. Аруақпен ойнауға болмайды емес пе?!
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА