Жарнама
Ғибрат

Өтей батырдың портреті музей қорына табысталды

Ел басына күн туған ауыр, азапты жылдарда ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елді қорғап, ерлік танытқан батырлардың есімдері есімізде сақталуға тиіс. XVIII ғасырда өмір сүрген Өтей батыр Ақымбетұлы – осындай тұлғалардың бірі.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Бабалар ізімен…» тарихи-этномәдени экспедициясы бойынша «Батырды ұлықтау – тарихымызды ұлықтау» тақырыбында батырдың ұрпақтарымен кездесу өтіп, қаһарман тұлғаның кескіндемелік портреті музей қорына тарту етілді.

Тарих беттеріне шолу жасасақ, Өтей батыр 1714 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда, Орта жүзден Кіші жүзге келген әскер қолын Өтей батыр бастап барған деседі. Ал батырды көмекке аттандырған көрнекті қолбасшы Шақшақ Жәнібек болатын.

Осылайша, Өтей батыр Кіші жүздің Қызылқоға жерінде кескілескен соғысқа қатысып, 1749 жылы небәрі 35 жасында қаза табады. Кіші жүз қазақтары қалмақтарды жеңгеннен кейін, игі жақсы билер мен батырлар қалмақтармен күрестегі ерлігі үшін оның құрметіне құлпытас қойған. Алайда жылдар өткен соң ол бейіт белгісіз болып қалған. Тек 2007 жылы ғана Өтей батырдың жатқан жері табылып, 2008 жылы ұрпақтары батырдың тарихи отаны Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылына да құлпытас қойған. Өтей батырдың бейіті Атырау облысының Қызылқоға ауданы Қарабау жерінде орналасқан және халық арасында «Өтей қорымы, Өтей бейіті» деген атқа ие.

Тағылымды іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Өтей батырдың қазақ тарихындағы рөлі туралы атап өтіп, батыр ұрпақтарына баба есімін ұлықтаудағы сүбелі еңбектері үшін Алғыс хат табыстады. Атырау облысының Құрметті азаматы Рашила Мурсалимова, тарихшы ғалымдар сөз алып, игілікті істің маңызына тоқталды.
Жиынның соңында батырдың ұрпақтарының бірі Мақсұт Әбілұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, портретті музей басшысы Мұхамбетқали Кипиевке табыс етті.
Музей қорына тарту етілген Өтей батыр портретінің авторы – көрнекті қылқалам шебері, танымал мүсінші  Сапарбек Ұзақов.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button