
”Өмірінен өнегелі із қалған”
Атыраудың аты аңызға айналған абызына арналған іс-шара осылай аталды.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Оңайбай Көшековтің туғанына биыл 100 жыл. Ол – есімі елінің есінде сақталған, жұртының жадында жатталған, саналы ғұмырын туған жерін түлетуге, халқына адал да абыройлы қызмет етуге арнаған, жақсы істерге ұйытқы болған кемел ойлы көшбасшы, қайталанбас біртуар тұлға.

Осыған орай, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Өмірінен өнегелі із қалған» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтармен бірге қаладағы О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі мен басқа да арнаулы орта білім беру мекемелерінің ұстаздары мен студенттері, сондай-ақ мерейтой иесінің ұрпақтары қатысты.
Кешті кітапхана директоры Сара Ізмұхамбетова кіріспе сөзбен ашып, шараның мақсаты мен мазмұнына тоқталды.
Оңайбай Көшекұлының ағалық ақыл-кеңесін көріп, әкелік тәлім-тәрбиесін алған, үзеңгілес қызмет еткен шәкірттері – мемлекеттік қызмет ардагерлері Тамара Амантұрлина мен Ғибрат Сүлейменов оның өнегелі өмір жолы туралы естеліктерімен бөлісті. Олар ел ағасының әр кезеңдегі қайраткерлік қасиеттерін, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды тұстарын әңгімелеріне арқау етті.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған кітапхана ұжымына ұрпақтарының ризашылығын Алма Оңайбайқызы жеткізді.
Өнерпаздар еске алу кешін ән-жырмен өрнектеп, шара соңында “Қайраткерлік феномені” деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.
Дәулетқали АРУЕВ