Жарнама
Ғибрат

«Өлең дейтін өр мінезді құдірет»

Биыл ,,Нарынның наркескені» атанған арқалы ақын, жалынды журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, Махамбет атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Атырау облысының және Исатай ауданының Құрметті азаматы Нұралы Әжіғалиевтің туғанына 85 жыл толды. Осыған орай, Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы ,,Жалын» мәдениет үйінде ,,Өлең дейтін өр мінезді құдірет» атты еске алу кеші өтті.

Кеш басталмас бұрын іс-шара қонақтары мен оған қатысушылар аудандық орталық кітапхана қызметкерлері дайындаған ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесімен танысты. Назар аударарлық жайт, көрмеге әдеби шығармалар, баспасөз материалдарымен қатар, қарымды қаламгердің кезінде жұмыс бабында қолданған жазу құралдары қойылған.
Еске алу кешінің шымылдығы ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаянмен ашылды.

Алғашқы сөз кезегін алған Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин кеш қонақтарына өңір жұртшылығы атынан ,,қош келдіңізін» айтып, жылы лебізін білдірді. Ақынның жары Қорлығайын Дүсіпқызына өзінің атынан жазылған Алғыс хатын тапсырып, қазақы дәстүрмен сый-сияпатын ұсынды. Келесі кезекте есімі елімізге белгілі жезтаңдай әнші, Мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова ақын Нұралы Әжіғалиевтің сөзіне жазылған ,,Ақ Нарыным» әнін орындады. Бұдан кейін де кеш иесіне қатысты жүректен жарып шыққан жылы лебіздерін легі жалғасты.
Кеш үстінде ,,Тағдырым осы таңдаған» тақырыбымен жарық көрген таңдамалы туындылары топтамасы жұртшылыққа таныстырылып, тұсауы кесілді. Тағылымды шараның соңы ,,Нарынның наркескені – Нұралы ақын» тақырыбындағы облыс ақындарының жыр мүшайрасына ұласты.

Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button