Көңілден кетпейтін бір бейне – Алтынбек Бұхарзаұлы Нысанғалиев туралы сөз
Жас кезінде адамда дос та, жолдас та, сырлас та, құрдас та көп болады. Бірақ жылдар өткен сайын Уақыт деген ұлы құдірет айналаңда жүрген жандарды өз сүзгісінен өткізіп, қасыңда санаулы адамдарды ғана қалдырады екен. Біз үшін Алтынбек Бұхарзаұлы қырық жылдан астам жұбымыз жазылмаған,ең жақын достардың бірі болды.
Жалпы, Алтынбекті Алла тағала о бастан-ақ өнерлі етіп жаратқан. Мектеп бітіргеннен кейін бір үйдің арқа сүйеп отырған жалғыз баласы ауылдан алысқа кетпей, автоклубта шофер болған ғой. Сол кезде автоклубтың қорабына тиелген әншілер апта сайын малшыларды аралап концерт қояды. Аспан астында әнге сусындаған халық концерт ортасынан ауа бере «Енді шөпір бала өлең айтсын, соны тыңдайық» деп қолқа салатын көрінеді. Ол кезде әлі жасы жиырмаға да толмаған, таланты бойына сыймай жарқылдап жүрген Алтекең қалай тартынсын, қолына домбырасын ала салып, «Айнамкөзге» басады екен. Әнге елтіген халық «тағы, тағы» деп, ақыры автоклубтың сапары Алтынбектің жеке концертіне ұласқан күндер аз болмапты. «Ел құлағы-елу» демей ме, шөпір баланың әні ауданды басқарып отырған адамдарға да жетеді.
Содан «Ой, мына ел мақтаған жігіт ескі машина айдап ауылда неғып жүр, оқуға жіберейік» деп Шымкенттегі өнер институтына жолдама береді.
Бұл оқу орны Алтынбектің алдындағы бүкіл ғұмырына созылған ұзақ та ұлағатты жолын айқындап берді.Оқу бітіріп келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын баяғы өзі айдаған автоклубқа меңгеруші болып бастады. Көп кешікпей, аудандағы ірі кәсіпорын саналатын Индер борат руднигінің «Борат» клубының директоры болып тағайындалды. Бастаған ісін үйіріп әкететін талантты да ұйымдастырғыш жігітке бұл жұмыс та олқы бола бастады. Осыны байқаған сол кездегі ауданды басқарған Бақтыбек Таубаев, Қатимолла Ризуанов сияқты ағалары Алтекеңді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметіне тағайындады.Елдің мүддесі дегенде шаршауды білмейтін, жауапкершілікті мойнына алса, көзін ілмейтін ол бұл жерде де қыруар істің бастамашысы болды. Ауылда абыройға бөленіп, жұрт енді оған бала деп емес, азамат деп арқасынан қағатын дәрежеге жетті.
Бұдан кейін Алтынбек Бұхарзаұлының мәдениет саласындағы жұмысы облыс орталығында жалғасып,Махамбет атындағы театр директоры,облыстық архивтің басшысы, облыстық мәдениет бөлімі басшысының орынбасары,осы бөлімнің басшысы қызметтерін атқарды.
Мәдениет саласына басшылық еткен кезеңде осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет еткен 40 адамға пәтер алуға көмектескен екен. Бұл бойындағы өнерінен басқаға икемі жоқ шығармашылық жолындағы адамдарға шынайы қамқорлықтың үлгісі болды.
Оның жұмысқа деген жауапкершілігі өте жоғары еді. Мысалы, театр да немесе мәдениет үйлерінде бір шара өтетін болса,сол шара аяқталғанша залда отыра алмайтын. Сахнаның сыртында барлық істің басы-қасында болып, тыным таппайтын.
Алтынбек өнер адамы болуымен бірге, облыста спорттың нағыз жанашыры, әрі насихатшысы болған санаулы адамдардың бірі. Оның осы спорт түрлеріне сараптама жасаған 5 кітабы жарық көрді.Оған қоса облыстық «Атырау», республикалық «Про спорт» газеттерінде спорт шолушысы қызметтерін де қосып атқарды. Ол телевидениеде спорт ойындарынан тікелей репортаж жүргізген облыстағы жалғыз адам болды. Алтынбек «Атырау» газетінде спорт шолушысы болып жүргенде аптасына үш рет шығатын газетке номер сайын арнайы спорт бетін дайындап отыруды жүзеге асырды. Осының нәтижесінде газет таралымы санаулы ғана уақытта он мың данаға өскені бар.
Алтекең облыста ұлттық спорт түрлерін де ұйымдастырушылардың бірі де, бірегейі болды. Мысалы, жұбайы Сағима екеуі талай рет ат жарыстарын өткізіп,талайларға таңдай қаққызғаны рас еді. Сәйгүліктердің шабысына Алтынбек пен Сағиманың алтындай болып төгілген сөздері қосылғанда жарыс өтіп жатқан алаң алай-дүлей сезімге бөленуші еді. Ол кәсіпкер, белгілі құсбегі, тамаша азамат Өнербек Жанбала досы екеуі бүркіт те баптап, бүкіл елді аралады. Сөйтіп, бұрын бүркіт дегенді білмейтін Атырауға байрақ әкелгенін де көп адам біле бермейді.
Алтынбек досқа адал, жақынға жанашыр, жақсыға жомарт, жолдасқа сенімді серік бола алатын да азамат еді. Біз балаларымыз үйленіп, қыздарымыз тұрмысқа шығып, алыс-жақынмен құда болғанда Алтынбекті алға салып жүретінбіз. Сондайда біз танысып-біліскенше, ол бейтаныс адамдармен дос болып үлгереді. Барлық жерде өзін емін-еркін, ашық ұстап, әзіл қалжыңы арылмайтын. Оның тағы бір қасиеті-адамның жақсылығын сөзбен кестелеп айтуға өте шебер еді. Бірде үйінде қонақта болған бір ақсақал өзі туралы Алтекең айтқан жақсы лебізден соң «Алтынбекжан-ай, қазір жұрттан жақсы сөз естімегелі көп болып еді, сай сүйегімді сырқырап жібердің-ау» дегені бар.
Ол өзінің туған жері — Индер ауданын өте жақсы көретін, сол жерде жұмыстас болған ел ағаларын аузынан тастамайтын. Бірде оған «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Оған ол қатты қуанып, «Адамға деген құрметтің түрі болады, бірақ, туған жердің құрметіне ештеңе жетпейді» деп еді.
Алтынбек пен Сағима 4 бала тәрбиелеп өсіріп, барлығына жоғары білім берді. Әрқайсысына жағдайларын жасап, тұлға болып қалыптасуына жол ашты. Бүгінде немерелердің алды АҚШ-тың таңдаулы университеттерінің бірінде оқыса,соңы мектепте.
Ол небәрі 65 жыл ғұмыр кешіп, облыстың рухани саласына, мәдениетіне, спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бірақ, өзі бүкіл ғұмырын арнаған мәдениет және спорт саласынан лайықты бағасын алды деп айта алмаймыз. Енді бүгінде туғанына 70 жыл толып отырғанда, талай жылдар суығына тоңып, ыстығына күйген мәдениет пен спорт саласының ұжымдары туған жеріндегі бір көшеге Алтынбектің есімін беруге ықпал етсе деген тілек бар. Бұл азат еліне алғаусыз қызмет еткен арда азаматтың алдындағы бір парыздың өтеуі болар еді.
Ғибрат ДОСҚАРИЕВ, Кеден қызметінің ардагері
Нұрлан ҚАБЫЛОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі
*Естеліктер
Мұрат ақынға белгі қойған Алтынбек еді
Алтынбек Бұхарзаұлының ел үшін жасаған ісі өте көп,оның бәрін айту мүмкін емес. Дегенмен ол жүзеге асырған бір салмақты да сауапты істі әлі күнге ұмыта алмаймын.
Біз Индерде басшы болып тұрғанда атақты ақын,жыршы Мұрат Мөңкеұлының жерленген жерін тауып, белгі орнату бір парыз болды. Бұл ұсынысты ауыл ардагері Бердеш Есбосынов қозғаған еді.
Содан ақын туралы барлық дерек жиналды, оның жерленген жері Жарсуаттан 3 шақырым қашықтықтағы, трасса бойындағы қорымда екені анықталды. Көп кешікпей сол жерге белгі орнатылды. Осы істің бәрінің басында Алтынбек ініміз жүріп, оны үлкен жауапкершілікпен атқарды. Соңынан мазар салынып, ірі тарихи орынға айналды. Мен оның осындай азаматтық ісіне кезінде қатты риза болып,алғыс айтқанмын.
Бақтыбек ТАУБАЕВ,
Атырау облысының, Индер, Махамбет, Жылыой аудандарының Құрметті азаматы
Бауырымдай болған азамат
Мен Алтынбек інімнен көп жақсылық көргенімді көпшілік ортада үнемі айтып жүремін. Себебі ол маған ру немесе ағайындық жағынан емес, рухани жағынан ерекше жақын інім болған адам.
Оқу бітіріп келгенде иненің көзінен өткендей көркем де, көпшіл жігіт менің көзіме бірден түскен-ді. Оны «Борат» клубына бірден директор етіп тағайындадық. Ол өзіне жүктелген міндетті өте жоғары деңгейде атқарды. Одан кейін облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметіне де ұсынып, оны да абыройлы жүзеге асырды. Жалпы сенім артқан адамың сол сенім үдесінен шыға білсе, жаттан жақын болу деген сол екен.Бізді бауыр еткен арамыздағы сол алғаусыз сенім болды.
Алтынбек пен Сағима екеуі ат бәйгесін ұйымдастырудың да хас шебері болды. Осы күнге дейін жарысты солар сияқты жүргізген адамды еш жерден кездестірген емеспін.
Алтынбек елге келетін құрметті қонақтарды қарсы алып, шығарып салуда да көп көмек көрсететін. Себебі сол кезде сырттан келген адамға елді таныстырып, жасалған істі көрсете білу де жоғарыдағы басшылардың елге назарын аударудың бір тәсілі болатын. Алтынбектің барлық саладағы азаматтармен байланысы өте мықты. Кез келген мәселені тез шешуді барлық уақытта таба біледі. Осы қасиеті мені үнемі таңғалдырумен жүреді, әрі шексіз риза болатын едім.
Өзімнің бауырымдай болған азаматтың бүгінде жоқтығы маған да қатты батады. Бірақ ол менің ғана емес, мен сияқты талай адамдардың жүрегінде естелік болып сақталып тұр деп есептеймін.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
Атырау облысының, Индер, Махамбет, Исатай аудандарының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері
Қамқорлығын көп көрдік
Алтынбек ағамыз Индер аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс істеген кезінде жаңалық жасауға,жас таланттарды табуға өте құштар болды.
Мысалы, сол жылдары отбасылық ансамбль құру қолға алынып, облыста олардың байқауы ұйымдастырылды. Соған біздерді, яғни Сахиповтар отбасылық ансамбльін шақырып,елге алғаш рет танымал еткенін қалай ұмытуға болады.
Ол мәдени бригада ұйымдастырудың да шебері болды. Бұл арқылы қаншама жас талантына қанат байлап, болашағына жол тапты десеңізші. Ағамыз облысқа жұмысқа келгенде де Н.Шаймарданова екеумізді сахнаға шақырып, И.Жақановтың, С.Мұхамеджановтың, М.Маңғы-таевтың әндерін орындауды сұрайтын. Бұл әндер біздерді шын мәнінде үлкен қошеметке бөлеп, елге танымал етті.
Енді осы естеліктерді өткен шақпен жазу өте өкінішті. Біз ел мәдениетіне көп еңбек сіңірген, өте елгезек, жұртқа қамқор, барлық уақытта көмектесуге дайын тұратын ағаның алды жарық, топырағы мамық болып, соңында қалған отбасына барлық жақсылықты тілейміз.
Ханзада САХИПОВА,
әнші