Жарнама
Ғибрат

«Идеологияның сардары болатын…»

Кез келген мемлекеттің дамуы – оның басқару эшелонындағы тұлғалардың қарым-қабілеті мен білім-білігіне байланысты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген екен қазақтың төбе биі Төле Әлібекұлы. Сол айтпақшы, басшының әділдігі мен көшелілігі елдің дамуы мен халықтың сана-сезіміне тікелей әсере ететінін ескерген жөн.

Көз көргендердің айтуынша, көрнекті мемлекет қайраткері Саттар Имашевтің идеология саласындағы қайталанбас қолтаңбасы мен сіңірген еңбегі осындай әділеттің айнасы іспетті. Белгілі саясаткердің өмір жолына қанық мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, публицист Алтыншаш Жағановаға хабарласып, оның қайраткерлік қыры мен атқарған жұмыстары жөнінде сұраған едік.

ef8578b4 d3fd 4b14 bb21 458858759237

– Алтыншаш Қайыржанқызы, белгілі қайраткер Саттар Имашевпен қызметтес болғандар саусақпен санарлық қана, тіпті көзін көргендер де азайды. Оның ісі мен көрсеткен үлгі-өнегесінен қандай өмірлік сабақ алдыңыз?

– Мен Саттар ағаны алғаш көргенде мектептің оқушысы едім. Ол кезде Саттар Нұрмашұлы Қазақстан Компартиясы Целинный өлкелік комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Орталығы – Целиноград, қазіргі Астана қаласы. Туған жерім Ақмола облысының Астрахан ауданына іссапарға келді. Ол кезде аудан орталығы – Астраханка селосында қазақтар өте аз тұратын. Крайкомға Алматыдан келген хатшыны күтуге аудандағы көрнекті ақсақалдардың бірінің үйін дайындау керек болғанда, таңдау біздің үйге түсіпті. Әкеме айтып, аудан басшылары құрметті мейманды біздің үйге әкелді. Бұл алпыс жылдан астам уақыт өтіпті-ау, шамамен 1960-1961 жылдар болуы керек. Ал Мәскеуден оқу бітіріп, Алматыға қызметке барсам, Саттар ағамыз Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы екен.

Менің тағдырыма өте дұрыс қараған жанашыр аға ретінде оны қатты құрметтеймін. Өте қиын жағдайлар болғанда, отағасым Әнес Сарай екеумізге көп қолдау жасады. Әнекең екеуміз шаңырақ көтерген кезде, айтылып жатқан біраз әңгімелерге қарамастан, бірінші болып шынайы қуанып құттықтаған Саттар Нұрмашұлы, сосын Жұбан аға (Молдағалиев) пен Әбіш (Кекілбаев) болды.

Әрине қазіргі идеология мен ол замандағы идеологиялық саясат мүлдем бөлек. Себебі ол кезде кез келген мәселе бойынша көк желкеден Мәскеу қарап тұрды ғой. Бірақ ол заманның идеологиясының жақсылығы да, қиындығы да пара-пар болатын. Жақсы нәрселер аз болмайтын, оны біз қазір құрал ретінде еске алып, пайдаланбаймыз. Қазіргі идеологияның негізгі тірегі интернет деп айтуға болады. Халық газет немесе кітап оқымайды. Ондай адамның санасы қалай ашылады, деңгейі қалай көтеріледі, ойлап көріңізші.

Ал он төрт жыл бойы республиканың идеология саласын Саттар Нұрмашұлы басқарған кезде бәрі бақылауда болатын. Ол кісіден кейін идеологияны ұзақ мерзім басқарған адам болған жоқ.

– Білуімізше, Саттар Имашев республиканың идеология саласына батыл өзгерістер жасаған секілді…

– Біріншіден, бұл кісі мықты кадрларды, атап айтсақ, салалық министрлер, бес-алты Одақтың басшыларын таңдай білетін. Өз саласының кадрлары таңдалып, тиісті лауазымға тағайындалғаннан кейін олардың батыл жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. Қарап отырсаңыз, сол кезде министрлер кемінде бес, тіпті он-он бес жылға дейін тұрақты жұмыс істеп, өз бағдарламасын тиянақты жүзеге асыратын. Ал, жүйесіз жасалған іс-әрекеттер бойынша жауапты лауазым иесі қатаң жазаланды. Мысалы, денсаулық сақтау министрлігіне Төрегелді Шармановты, оқу-ағарту министрлігіне Кенжәлі Айманов, Балжан Бөлтірікова, Қожахмет Балахметовтерді, мәдениет министрі лауазымына бірінен кейін бірін көрнекті қайраткерлер Ілияс Омаров, Мүсілім Базарбаев, Жексенбек Еркімбековтерді таңдай білді. Олар өздері басшылық еткен салаларда батыл өзгерістер жасады, өйткені олар сол саланың жұмысын бес саусағындай білетін мықты менеджерлер болатын.

Ал, Жазушылар Одағын Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжановтар басқарған кезде «Халық жазушысы» атағы белгіленіп, танымал қаламгерлер сол атаққа ие болды. Саттар Нұрмашұлының қадағалауымен жазушыларға берілетін пәтердің 20 шаршы метрі жобада қаламгердің шығармашылық кабинеті ретінде дербес жобаланатын. Қаламақы да өте жоғары еді. Қазір мүлдем гонорар жоқ қой, бұл өте қиын жағдай. Шығармашылық адамдары оны жақсы түсінеді.

Композиторлар Одағына Ахмет Жұбанов бастаған атақты композиторлар, Кинематографистер Одағына Шәкен Айманов, Мемлекеттік комитетке Камал Смайылов жетекшілік етті. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрын Әзербайжан Мәмбетов басқарған кезде сахнаның сәні кірді. Гүлфайрус Ысмағұлова мен оның күйеуі Евгений Сидоркин де қайталанбас қылқалам шеберлері ретінде бағы жанған болатын. Білімі жоқ болса да ұлт тарихына Әбілхан Қастеев, Шәкен Аймановтардың есімдері алтын әріппен жазылды.

Операның да сол кезде нағыз жанданған кезі еді. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Байғали Досымжанов, Роза Жамановалардың жұлдыздары жарқырап тұрды. Ең жоғары атақтарға ие болды.

Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрін қолдап, бағын ашқанын жақсы білемін. Оркестрге атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев, ғажайып күйшілер Бақыт Қарабалина, Әзидолла Есқалиев, Рүстембек Омаровтарды арнайы шақырып, Алматыға көшіріп алды. Қазақтың күй өнерінің деңгейін Саттар Имашев осылай көтеріп еді. Соның нәтижесінде атақты композитор әрі дирижерлер Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажығалиевтер сахнаға асқақ абыроймен шыға білді. Консерваторияның жұлдызы жанғаны да сол жылдар болатын. Сол жылдары осы салаларда қандай ғажап туындылар, полотнолар мен шығармалар өмірге келді десеңізші?!

Мұның бәрі идеологияға байланысты болатын. Саттар Имашев идеологияны басқарған жылдары ұлттың мәдениеті мен руханияты шын мәнінде даму кезеңінен өтті. Көптеген өнер қайраткерлері, жазушылар мен суретшілер шарықтай көтеріліп, жұлдыздары жарқырап жанды. Олардың әрқайсысының талантын танып, қабілетін сезіп, гүлге су құйып баптағандай өсіре білді. Өзі жетекшілік еткен салаларға ерекше көзқараспен қарап, қаржыны да қажетті мөлшерде бөлгізуге ықпал етті. Республиканың ұлттық деңгейі сол кезде қалыптасты, оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Мұның сыртында медицина, оқу-ағарту, халықты әлеуметтік қорғау, тағы басқа да толып жатқан күрделі салалар бар. Соның бәрін он төрт жыл бойы жымдастырып, шашау шығармай үйлестіріп отырды. Бұл адамның биік парасаттылығын, тез шешім қабылдайтын, жоғары ұйымдастырушылық қабілетін, орнықты мінез-құлқын көрсетсе керек.

Міне, идеология саласындағы шеберлік қасиет, мемлекеттік дәрежедегі қайраткерлік қабілет деп осындай әрекетті айту керек. Саттар Имашев идеологияның нағыз сардары болатын.

– Ел арасында оның есімін тек партиялық функционер ретінде еске алады. Шын мәнінде қандай адам болды?

– (күледі) Идеология – өте нәзік сала. Ол да адамның бойындағы өте жіңішке қан тамырлары сияқты ғой. Оны жаралап алмай, күнделікті кездескен мәселелерді асқан сабырлылықпен, байыпты әрі түпкілікті шешу екінің бірінің қолынан келмейді. Ал қазір ол жөнінде сөз қозғаудың өзі тосын естілуі мүмкін. Интернеттен басқа идеологиялық іс-шараларды көрмеймін. Адамды салмағы мен қабілетіне, білім-білігіне қарай танып-білу жоқтың қасы ғой.

Әрине, Саттар Нұрмашұлынан кейінгі идеологтарды жамандағаным емес. Бірақ ондай парасаттылық тек сол кісінің қолынан келді деп батыл айта аламын. Одан кейінгі жылдары бұл сала оңған емес, оны тарих растайды. Әйтпесе Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы мен республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы лауазымдарын қатар атқаруының өзінен-ақ Саттар Нұрмашұлының қаншалықты көшелі, ойлы, салмақты адам болғанын аңғаруға болады. Одан кейін мұндай жауапкершілігі аса жоғары екі лауазымды қосып атқарған ешкім болған емес.

Кеңес дәуірінде 15 одақтас республиканың қай-қайсысында да Орталық Комитеттің құзырынан ештеңе де қағыс қалмайтын. Баспалардан шыққан кітаптың сүйінші данасын Орталық Комитет нұсқаушылары, сосын республика Министрлер Кеңесі жанындағы Әдебиет және баспалар ісі жөніндегі Бас басқармасындағы (ЛитО) арнайы мамандар үтір-нүктесіне дейін цензуралық тексеруден өткізетін. «Жазушы» баспасында он жылдай жұмыс істеп, орыс редакциясын басқардым ғой, содан жақсы білемін.

Ал Саттар Нұрмашұлының мықтылығы – адам танитын. Саланы ол кісі басқарған жылдары қаншама талантты адамдар шығып танылды. Идеологияны, көптеген дарындыларды көтеріп кетті ғой. Сонда ондай адамды «партиялық функционер» деп айыптауға қалай ар-ожданы барады?!

Саттар аға бір жағынан қатал да болатын. Әлгіндей әңгімелер сол мінезіне сай айтылуы да мүмкін. Мысалы, өз отбасында ол өте қарапайым өмір сүрген. Оны білетінім, Атыраудағы қайраткер қыздардың бірі Ағила Молдағалиева Саттар ағаның үйінде екі жылдай жатып оқыған көрінеді. Сол кезде ағайдың ұлы үйленіпті. Жаңа түскен келін бриллиант сырға тағып, сақина салып келіпті. Той тарқап, қонақтар кеткен соң әлгі жағдайға Саттар Нұрмашұлының: «Бриллиант тағатындай ол қайдан алды?» деп қатты күйзелгенін Ағила айтты. Екеуі нағашылы-жиенді болған соң марқұм Ағила Кенжеғалиқызы Саттар ағайды жақсы білетін. Мәруа жеңгемізді де, қызы Элеонора мен ұлы Мұрат марқұм жөнінде де айтып отырушы еді. Амал не, қазір сондай тамаша адамның көзін көрген Америкада тұратын Элеонора Саттарқызы, жасы тоқсанға келген қарындасы мен ағайдың жиендері ғана бар.

Егер Саттар ағаның біреуге тісі батса ол адам сатқын, не алаяқ, не идеологиялық прокламатор. Ол кісі туралы жаман айтатын адамдар – қазақтың Алпамыстарын жек көретіндер. Мұндайға Саттар Нұрмашұлының жаны қас болатын.

– «Халық жауларының» еңбектерінің алғашқы жарыққа шығуына септігі тиген екен. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын архивтен көтеріп, біртіндеп жариялауға ұлы Ақатқа көмектескен екен…

– Ол ақиқат болар деп ойлаймын. Себебі бұл тақырыптағы мәселелерді ол кісі қатты ұғатын. Біріншіден, өзі оқымысты адам болатын. «Тарих ғылымдарының кандидаты» атағын сонау 1954 жылы қорғаған. Әдебиетті де, өлеңді де, ақындарды да жақсы түсінді. Ақындардың өздерін білмеген күнде де творчествосын жақсы білетін.

Әрине, ол кезде Мәскеудің талабы қатаң болды. Сондықтан әлгіндей әрекеттерді астыртын істеуі де мүмкін. Өйткені Саттар Нұрмашұлының бір кереметі – өте сақ адам. Ұлтын жақсы көріп тұрса да, өз заманының талабына да назар аударатын. Саттар Имашев идеология жөніндегі хатшы болып істеген кезде, Бірінші хатшы Димаш Ахметұлының бұл салаға қатысты проблемасы болған жоқ шығар.

Жалғыз проблема болғаны – Олжастың «АЗиЯ» кітабы шыққанда. Ол кітап былайша айтқанда менің қолымнан шыққан, қолжазба күйінде оқыдым. «Жазушы» баспасының бір редакторын жұмыстан босатып үйіне жіберіп, оқыттық. Оның редакциясынан кейін қайта қарап отырып, бас редактордың орынбасары болып істейтін Олжекеңнің досы Геннадий Толмачев қол қойып, баспаханадан 60 000 дана кітап шығардық. Мұның бәрін астыртын істедік деп айтуға болады, әрине «жоғарының» тапсырмасымен!..

Кейін сол үшін редактор екеумізді жұмыстан да босатты. Себебі Мәскеудегі атақты академик жазушылар айқай-шу көтерді. КОКП Орталық Комитетіндегілер де оған араласқысы келмей, «өздерің үйлестіріңдер» деп нұсқау берген. Ал Димекең Олжасты өз баласындай жақсы көретін. Ақыры мәселе хатшы Саттар Нұрмашұлының төрағалығымен Саяси бюроның мәжілісінде қаралды. Сөйтіп Олжас Омарұлына «қатаң сөгіс» берді де, кітапты оқып дайындаған редактор екеуміз жұмыссыз қалдық. Мені Орталық Комитеттің шағындау газетіне жіберді. Осылайша Саттар Нұрмашұлы Димекеңе жол тауып беріп, дауды оңтайлы шешті. Бұл – ол заманда үлкен шаруа.

Жетпісінші жылдары одақтас республикаларда ұлттық мәселе өте қатаң қадағалауда болатын. Жазушылар Алматыдан қазақ мектебін ашу туралы қайта-қайта мәселе көтеріп жатты. Ақыры соның ыңғайын тауып, Саттар Нұрмашұлы мұны да шешті. Алматыдан тек қазақ мектебін ашып қоймай, орыс мектептерінен қазақ сыныптарын ашуға да рұқсат алып берді. Ұлтқа сол арқылы көмектескенін көре қалдық. Ол еңбегін жоққа шығаруға болмайды.

Өнер адамдарының, жазушылардың қадір-қасиетін жақсы білетін, әркімнің бағасын білетін ол кісі. Соның барлығы көрегендік қой. Ондай идеологты қазір тауып көріңізші?!

Идеология, мәдениет мәселесі адамның ішкі рухани жан дүниесіне байланысты, өте нәзік нәрсе ғой. Сол нәзіктікті бұ кісі ұстай білді. Көп адамның ең жоғары мадақ-марапат алғаны да сол жылдары. Осы кісінің қолдауы мен қадір-қасиетінің арқасында бүкіл елдің мәртебесі өсті. Атақты болуға болады, бірақ олардан супержұлдыз жасап шығарды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы толғаныс» атты кітабында әкесінің Саттар Имашевпен достығын жазыпты…

– Ол дұрыс әңгіме. Бір жылдары Кемел ағаны Жоғарғы Кеңестің баспасының бас редакторлығынан орынсыз босатып тастаған соң «Жазушы» баспасына жұмысқа келіп, біздің Әнекеңмен үш жылдай бір кабинетте отырып жұмыс істеді. Талай сырласқанбыз, Кемел аға өте жақсы, сұлу кісі еді. Оған дейін Кемекеңнің орыс тілінде жазылған детектив жанрындағы бір кітабын баспадан шығарған болатынмын.

Саттар Имашев онымен достық қарым-қатынаста болды. Жұбан Молдағалиевті де жақсы көретін. Жұбан ағаны мен де жанымдай жақсы көремін, өте керемет адам еді. Үшеуі де қан майданда болып, қиындықты бастан кешкен жандар ғой. Кемел аға мен Саттар Нұрмашұлын ұрыс даласындағы өмір мен өлім кезектескен ауыр күндер жақындастырған. Елге аман-сау оралған соң Саттар да, Кемел де ҚазМУ-ді бітірген.

Кейін идеология майданына жетекшілік еткен кезде Саттар Нұрмашұлы көп бейнет шеккен Ілияс Есенберлин, Кемел Тоқаев, Жұбан Молдағалиев, басқа да көптеген белгілі қаламгерлердің тағдырына ара түсіп, барынша қорғап қалды. Олардың шығармаларының тек қазақ тілінде емес, шетел тілдеріне аударылып басылуына да аса мән берді.

Сол себепті де Саттар Нұрмашұлына 14 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, оның соңғы 4 жылында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқару, өмірінің соңғы 5 жылында республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, оған қоса КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, КОКП Орталық Комитетінің мүшесі, КОКП Орталық тексеру комиссиясының мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесі Одақ кеңесінің шетел істері жөніндегі Комиссиясының мүшесі тәрізді аса жауапты қызметтер жүктелген. Мұның әрқайсысы өте ауыр, зілдей жұмыстар болатын. Оған қоса Қазақстанның өз ішіндегі жоғары жауапкершілігі мен міндеті тағы бар.

Олай болса, Саттар Нұрмашұлы Имашевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты туған жері – Атырау облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асуы тиіс. Ол кенеттен қайтыс болды, содан бері де қырық жылдан астам уақыт өткен. Сонда да, облыстық «Атырау» газеті сондай көрнекті қайраткердің көзін көрген жандарды іздеп тауып, ұлағат-үлгісін өскелең ұрпаққа жеткізуге жұмыстанып жүрсіздер. Бұл зор өнеге деп айтар едім.

– Алтыншаш Қайыржанқызы, елдің өркендеп дамуына зор үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері, өмірлік тәлімгеріңіз Саттар Имашев туралы ой бөлісіп, айтқан естеліктеріңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіремін. Деніңізге саулық, күш-қуат тілеймін!

Әңгімелескен Қ.ШӘКІРОВ

(Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынған)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button