
Ғибратты ғұмыр иесі
1965 жылдың желтоқсан айында Атырауға ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқов, аудармашы-журналист Иван Голубев келе қалады. Екеуі сол кездегі Гурьев қаласында бірнеше күн болып, облыс аудандарын да аралады. Ол кезде Атырау облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Мәдина Ғабдісәлімова Шәмші Қалдаяқовқа толқыны вальстей үйірілетін Жайықтың, Каспийдің жағасын жайлаған елге вальс екпіндегі ән керектігін айтып, өтініш білдіреді. Ән қашан да әдеміліктен тумай ма, еркелей аққан сылдыр судың дыбысы «Ақ ерке Ақжайық» әнінің өмірге келуіне арқау болады. «Толқыны тулап, балығы ойнаған мына Ақжайыққа әннің сөзін жазып, тамаша ән арнасақ қайтеді?» деген замандасының тілегі, әдемі әуен ақын Төлеген Айбергеновтің көңілінен орын тауып, әннің сөзі де жазылады. Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, колледжіміздің түлегі Мәдина Ғабдісәлімованың 90 жылдық мерейтойына арналған «Ерке қызы Жайықтың!» тақырыбындағы кездесуде аталған оқу орны студенттерінің әсерлі көрінісі көрерменнің көңілінен шықты.
Шараның колледжде өтуі де тегін емес, кеш кейіпкері Қатира Дүтбаеваның есімімен аталатын, ұстаздар тәрбиелеп отырған қасиетті білім ордасын осыдан 72 жыл бұрын бітірген болатын.
Мәдина Ғабдісәлімқызы 1935 жылы 5 cәуірде Атырау облысы, Махамбет ауданы, Жаманқала селосында дүниеге келген. 1953 жылы Гурьев педагогикалық училищесін бітірген соң, Бақсай ауданына жолдама алады. Қызылжұлдыз (18 ауыл) орта мектебінде кейіннен Чкалов атындағы орта мектептерінде мұғалім болып жасайды. 1955 жылы Бақсай аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, 1956 жылы Новобогат ауданы қосылғаннан кейін, бірінші хатшы болып сайланды. Сол жылдардан бері бүкіл мағыналы ғұмырын елдің әл-аухатын көтеру жолында саяси, мәдени жұмыстардың басы-қасында ерлермен қатар жүрді. Еліміз тәуелсіздік алған тұстарда да ұлттық құндылықтардың қалғып кетпеуіне бар күш жігерін салған қайратты жан.
– Оның өмір жолында тек адалдық пен әділдікті ту етіп, айналасына жақсылық нұрын сепкен оның еңбегі мен өмірлік ұстанымдары – бүгінгі жастарға үлкен сабақ.
Ол тек өз заманының емес, келешек ұрпақтың да болашағына алаңдап, даналық сөзімен, өнегелі істерімен кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп келеді. Оның тағылымы мол өмір жолы – еңбекқорлық пен адалдықтың, табандылық пен ізгілікке толы қызметтің жарқын көрінісі.
Мәдина Ғабдісәлімова халық арасындағы идеологиялық жұмыстарды жүргізуге бағытталған көптеген облыстық комиссияларды, қоғамдық ұйымдарды, облыстық бейбітшілікті қорғау қорын, облыстық әйелдер кеңесін басқарды. Республикалық іскер әйелдер қауымдастығының «Қазақстан Алтын әйелдері» байқауында саясаткер әйелдер номинациясының жеңімпазы. Оның есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» кітабына енген.
Мәдина апай жас ұрпақтың дұрыс жолмен жүруі үшін әрдайым ақылын айтып, қолдау көрсетіп келеді. Оның тәрбиелік мәні зор өсиеттері мен адамгершілік қасиеттері жастарға үлгі болары сөзсіз. Өмірі өнегеге толы осындай тұлғалардың болғаны – біздің қоғам үшін үлкен мақтаныш.
Ол кісінің жүріп өткен сара жолы, қайраткерлігі мен парасаты кейінгі ұрпаққа шамшырақ іспетті, — деп атап өтті Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж директоры Айжан Қарабаева.
Кездесуде кеш кейіпкерінің үзеңгілес достары, замандастары, елге танымал іні-сіңлілері де болды.Олар халқының риясыз қошеметіне бөленген, талай ақынның жыр бұлағына шабыт берген Мәдина Ғабдісәлімова туралы жылы лебіз, есті естеліктерін айтты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ