
«Ғасырлық ғұмыр ғибраты»
“Парасат” орденінің иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Мәдина Ғабдісәлімованың мерейлі 90 жасына арналып ұйымдастырылған іс-шара осылай деп аталды. Рухани кеште белгілі қоғам қайраткері, еңбек ардагері Мұрат Өтешов Мәдина Ғабдісәлімова туралы жүрекжарды лебізін білдіріп, оның еңбек жолы мен қоғамға сіңірген еңбегі туралы айрықша атап айтты.
Мұрат Сақтайұлы өзінің әңгімесінде Мәдина Ғабдісәлімқызымен он жылдай бірге еңбек еткені туралы сөз қозғап, қайраткерлік болмысы мен адалдығына ерекше тоқталды. Айтуынша, кеш кейіпкері жылдар бойы кәсіподақ саласында еңбек етуімен қатар, жастарға үлгі боларлықтай әлеуметтік жобалар мен бастамаларды жүзеге асырды. Еңбеккерлердің құқықтарын қорғауда әрдайым батыл әрі әділ шешімдер қабылдады. Мұрат Өтешов, сондай-ақ, оның адамгершілік қасиеттері мен қарапайымдылығына да ерекше назар аударды.
–Мәдина Ғабдісәлімова тек кәсіподақ ұйымдарының белсенді мүшесі ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамымыздың дамуына, еңбеккерлердің құқығы мен мүдделерін қорғауға бар күшін салған тұлға. Оның ұстанымдары мен принциптері, әрдайым әділ әрі дұрыс болғандығы мені көп нәрсеге үйретті. Біз осы күнге дейін оның өмірінен, еңбек жолынан көп нәрсе үйрендік және әлі де үйреніп келеміз, — дейді Мұрат Өтешов.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева есімі Атырау атырабына танымал еңбек ардагері ең алғашқы қызметін ауыл мұғалімінен бастағанын, Кеңес заманында Махамбет, Исатай аудандарының партия басшылығында қызмет етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық және идеологиялық дамуына зор үлес қосқан және облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметін де атқарғанын айта келе, өмір жолымен таныстырды.
–Мәдина Ғабдысәлімова апай зейнет жасына шыққаннан кейін де аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді, — дей келе Мәдина Ғабдісәлімоваға өзінің құрметі мен алғысын білдіріді. Ол мерейгердің жүріп өткен жолы, қайраткерлік жолы тек кәсіподақ саласында ғана емес, жалпы қоғамның дамуына қосқан үлесі арқылы да маңызды болып табылатынын айтты. Сонымен қатар әуежайға Хиуаз Доспанованың есімін берудегі еңбегін де айтып өтті.

–Мәдина Ғабдісәлімқызының талапшылдығы мен еңбекқорлығы – оның басшылығы мен қызметіне жоғары деңгейде адал болуын талап ететін қасиеттер. Ол ешқашан тоқтап, өз жұмысын оңайлатып, жеңілдеткен емес. Әр қадамында адамгершілік, адалдық және әділдік тұрды. Оның әрбір шешімі терең ойластырылған, әрқашан халықтың мүддесін басты орынға қоятын, — деп атап өтті Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиева.
Сондай-ақ кеш қонақтары Мәдина Ғабдісәлімқызының адамгершілік қасиеттері мен өмірлік ұстанымдары қоғамдағы көптеген адамдар үшін үлгі екенін және оның ұлағатты істері мен әрекеттері қазақ қоғамына маңызды әсер еткенін атап өтті.
Рита ӨТЕУҒАЛИ