
Ерен еңбек еленген сәт
Көлік саласы қызметкерлері күніне орай жоғары мемлекеттік награда иегерлерінің қатарында атыраулық жол-көлік саласының ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы Сейтжан Молдашевтің де есімі аталды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
1955 жылдың наурыз айында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында дүниеге келген Сейтжан Молдашев алғашқы білімін Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша алған. Кейін Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы» мамандығы бойынша жоғары білім алып, инженер-құрылысшы біліктілігін иеленді. Сонымен қатар, қазіргі С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Көлік, көлік техникасы және технологиясы» мамандығы бойынша білім алып, транспорт бакалавры дәрежесін алған.
Еңбек жолын туған өңірінде автокөлік жүргізушісі болып бастаған ол «Гурьев облыстық агроөнеркәсіпқұрылыс» бірлестігінде, «Атырауауылқұрылыс» АҚ-да инженер-механик, кейін құрылыс-механизация басқармасының бастығы болып еңбек етті. Сонымен қатар, «№7 құрылыс-монтаж пойызы» мекемесінде механик болып жұмыс істеді.
Сейтжан Молдашевтің еңбек жолының басым бөлігі — жарты ғасырға жуық уақыты «Қазақавтожол» РМК-ның Атырау облыстық филиалында өтті. Ол бұл мекемеде жетекші маман қызметінен бастап, кәсіпорынның директорына дейінгі жолдан абыроймен өтті. Осы кезеңде аталған мекеме облыс көлеміндегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жыл сайын жолдарды күтіп ұстау және әр жылдары орташа жөндеу жұмыстарын тұрақты түрде атқарып келді.
Сейтжан Молдашұлы — тәжірибелі басшы, жас мамандарға ұстаз-тәлімгер бола білген тұлға. «Еңбектің еленгені — бір бақыт» демекші, ол бүгінгі күні «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып отыр.
– Осы саланың ардагері ретінде айтарым, бұл марапат – тек маған ғана емес, барша әріптестеріме көрсетілген құрмет деп есептеймін. Атырау — жол-көлік инфрақұрылымы дамыған өңір ретінде экономикалық тұрғыдан жан-жақты өсіп, өркендеп келеді. Әсіресе, білікті инженер-техниктер мен мамандардың өміршең жобаларды іске асыру жолында дұрыс шешім қабылдап, қызметін мінсіз атқаруының нәтижесінде саланың мүмкіндіктері кеңейіп, әлеуеті артуда. Бұл өз кезегінде атыраулықтардың өмір сүру сапасын арттырып, өркениетке қарай батыл қадам жасауына септесуде. Осы үдерісте саланың өкілі әрі ардагері ретінде менің де өзіндік үлесім барына қуаныштымын. Мына марапат — соның айқын дәлелі, – дейді марапат иесі.
Дәулетқали АРУЕВ