Жарнама
Ғибрат

Еңбекпен өрілген өмір

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Мәдина Ғабдісәлімованың туғанына 90 жыл толуына орай, оның еңбектегі және қоғамдық қызметтегі үлесін ұлықтау мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Еңбекпен өрілген өмір» атты өңірлік конференция өтті.

Шара шымылдығын түрген аталған оқу орнының басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Мәдина Ғабдісәлімқызының еңбекқорлығы, әділдігі, жауапкершілігі, адамгершілігі және елге жанашырлығы жайында атап өтті.

– Мәдина Ғабдісәлімқызы – өз дәуірінің дара тұлғасы, ел дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер. Оның еңбекқорлығы, әділдігі мен жауапкершілігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ол тек білікті маман ғана емес, сонымен қатар адамгершілігі мол, елге жанашыр жан болды. Мәдина Ғабдісәлімқызының өнегелі өмірі – адал еңбектің, табандылықтың және патриотизмнің жарқын көрінісі. Біз оның еңбегін әрдайым құрметтеп, есімін ардақ тұтамыз, — деді С.Идрисов.

Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов қайраткердің елдік мүдде жолындағы батыл шешімдері мен тарихи рөлі турасында кеңінен әңгімеледі. Әсіресе, университеттің іргетасын қалаудағы еселі еңбегіне, ел дамуына қосқан үлесі мен оның қоғамдық қызметтегі рөлі және еңбек жолындағы жетістіктеріне ерекше тоқталды.
Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен Мәдина Ғабдісәлімқызының әріптестері қатысты. «AMANAT» партиясы облыстық филилының төрағасы Абдолла Идресов те болып, ізгі ниетін білдіріп гүл шоқтарын ұсынды.
Жиын барысында Мәдина Ғабдісәлімқызының өмірі мен еңбегі туралы баяндамалар оқылып, оның ізбасарлары мен әріптестері естеліктерімен бөлісті. Мәселен, тарих ғылымдарының докторы Жәмиға Таңатарова кеш иесінің қоғамдық қызметіне тоқталса, мемлекеттік қызмет істерінің ардагері Тамара Аман-Турлина «Сәні, әдемі қартаюдың феномені» деп, жылы лебізін арнады.
Бұл конференция Мәдина Ғабдісәлімқызының есімін дәріптеуге, оның еңбегін ұрпақ жадында сақтауға арналған маңызды шаралардың бірі болды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button