
Болмысы бөлек тау тұлға
Қазақтың тұңғыш бард ақыны, сыршыл сазгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Табылды Досымов ортамызда жүрсе, биыл мерейлі алпыс жасқа толып, туған елі оны тойлап жатқан болар еді. Осыған орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Болмысы бөлек тау тұлға» атты еске алу шарасы өткізілді.

Мұндағы басты мақсат – бір бойына бірнеше өнерді сыйдырған тума талант, даңғайыр дарын иесінің өзгелерден оқшаулап, дараландырып тұратын қасиет-қырларын жанына жақын тұтқан ададардың естелік-әңгімелері арқылы бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіру. Рухани биік тұлғасын таныту. жастардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, ақын һлеңдері мен әндерінің терең сырын сезінуге , өнерін, әдебиет әлемін, артына қалдырған бай мұрасын құрметтеуге тәрбиелеу, адамгершілік, парасаттылық қырларын насихаттау.
Тағылымға толы, тәрбиелік мән мол, мағынасы зор, көпшілікке рухани нәр сыйлаған кеш «Бала Табылды», «Студент Табылды», «Табылды және отбасы», «Бард Табылды», «Қыр баласы қол созады аспанға…», «Табылды мұрасы» деп аталған алты бөлімге бөлінген. Атауларына сай онда Табылды Аяпұлының балалық шағынан бастап, студент атанып, есейіп ержеткен кезеңі, еңбекке араласып, елге қызмет еткен, жұртқа танылған кезеңдеріндегі өмір баспалдақтары әсерлі әңгімелермен, есте сақталар әдемі естеліктермен өріліп, бейнекөріністермен толықтырылды. Бард ақынның тыңдарманға кеңінен танымал тамаша туындылары – «Сәйгүлік», «Биіктік», «Мен қазақпын», басқа да әндері шырқалып, шараның шырайын келтірді.

Басқосуда кеш иесінің жұбайы Қарлығаш Басарқызы, ұрпақтары атынан Ақбаян Табылдықызы, сыйлас досы Қаршыға Көшеков, курстасы Гүлнар Исмурзина қызықты естеліктерімен бөлісті. Сол сияқты, белгілі суретші, қылқалам шебері Елеуғали Дәукенов оның студенттік шағын бейнелейтін «№5 жатақхана», Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров рухты әнінің желісіне құрылған «Биіктік рухы» картиналарын шараға қатысушылардың назарына ұсынды.
–Иә, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында соңына тарпаң мінезді сәйгүлік сынды асау өлең, мұңды ән қалдырған Табылды Досымов тағдырының өлшемін өзі шығарған бір шумақ өлең жолымен өріп кетті. Бір бойына ақындық пен сазгерлікті, керемет орындаушылық шеберлікті дарытқан қазақтың тұңғыш бард ақыны онысын көрегендікпен жазғандай, — деп сабақтады сөзін кешті жүргізуші облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Эльмира Ибрагимова.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор