
Бір өзі – бір мектеп
Өтепберген Әлімгерейұлы!..
Ол Атырау журналистикасының қазіргі буынының басым бөлігіне тәлімді тәрбие беріп, өнеге-үлгісін аямаған жан еді. Әсіресе облыс телерадиожурналистерінің бірнеше буынының тәлімгері, тіпті теориясын үйреткен ұстазы болды.
«Қарапайым жылқышының құмда өскен қаратаяқ баласы едім, облыстық мекеменің білдей басшыларының бірі дәрежесіне көтерілдім. Бұл мен үшін зор бақыт!» дейтін. Атақ-марапат пен сый-құрметтен Өтепберген ағамыз кенде қалған жоқ. Әсіресе өзін қалыптастырып өсірген облыстық «Атырау» газеті редакциясының ұсынысына сәйкес «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын алғанда ерекше қуанды. Бірақ тағдыр оған жетпіс бес жасқа толу мерейтойы қарсаңында бір жылдың ішінде шыққан бірнеше кітабының тұсаукесерін өткізуді жазбапты…
Тірі болса, Өтепберген Әлімгерейұлы мамырдың 26-сында жетпіс алты жасқа толар еді. Соған орай бір топ шәкіртінің ұстаз-тәлімгері туралы естелігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Редакция

Өлке тарихының білгірі еді…
2007-2008 жылдары Өтепберген Әлімгерейұлымен «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы – «Атырау» телеарнасында қызметтес болдым. Мен әскери қызметті өтеп, редакторлыққа қайтара қабылданған кезім. Ағамыз – филиал директоры Айтқали Құмарғалиұлының орынбасары-бас редактор. Алды қашанда жасы бар, тәжірибелісі бар редакторлардан босамайды. Бейнесюжет мәтіндерін көрсетеді, түсірілім жөнінде кеңес алады. Кейбірі алдына күніне бірнеше рет барады. Бір түсіндіргенін бірнеше қайталаса да, келген адамның бетін қайтарғанын байқамаппын. Бірде әкімдіктің тапсырысы, әлде саяси тұрғыдағы бейнесюжет пе екен, әйтеуір мәтін тексертіп алуға кабинетіне барғаным бар. Ағай асықпай көзәйнегін шешті де, мәтінге назар да салмастан қайта қолыма ұстата беріп:
– Өз жазғанына адам сын көзбен қарап, сенімді болуы қажет. Білетін мамансыңдар ғой, — деп қысқа қайырды. Менің «қателессем…» дегенді сұраулы жүзімнен байқады да: – Қате болмауы тиіс, қателессең содан сабақ аласың!.. — деді.
Жәй ғана жауабымен сенім артты, бір жағынан жазғаныңа сын көзбен қарауды үйретіп жіберді. Қай нәрседен де тәжірибе алуды нұсқады. «Бұл да Өтепберген Әлімгерейұлының бір мектебі, тәрбиесі» деп ұқтым. Ал, теледидарға келетін жас маманға жөн көрсетуден, кеңес беруден шаршаған емес.
Ол өзі білетін тарихи, саяси ғана емес, әлеуметтік, қаржы-экономикалық мәселелер бойынша жергілікті жерде кім білгір, кім түсіндірме бере алатынын нақты білетін. Бірде таңғы бағдарламаға оқушы бала тәрбиесі жөнінде кеңінен сұхбат беретін маманды іздей келген редакторға (негізінен журналистикаға дағдыланып жүрген студенттер жүргізетін) 35 жылдық тәжірибесі бар мұғалімнің мектебін, аты-жөні мен телефон номеріне дейін беріп, бағыт көрсеткеніне куә болғаным бар.
Тарихи тақырыпта, әсіресе өлке тарихы туралы Өтепберген ағадай сараптап дүние жазғандар некен-саяқ болар.
Ол өлке тарихы жазбаларымен шектелмей, ғалым-зерттеуші де болды. Археолог-ғалым Зейнолла Самашевпен Жылыой аумағындағы тарихи экспедицияда болғанын, халық батыры Сырым Датұлы туралы деректі де зерттеу телехабар түсіргенінен хабардармын.
…Бірде «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасына ашаршылық тақырыбында бейнесюжет дайындамақ болып, кеңесін алуға алдына бардым.
– Қолжетімді дереккөздерде Атырау өңірінде ашаршылық туралы ештеңе таба алмадым. Қазақтың жерін жайлаған жұт бізді айналып өтпеген болар? — деп сұрағымды төтесінен қойған едім. Өтепберген аға тілін үстіңгі ерніне тигізіп, аз-кем ойланып отырды да:
– Халық жарты құрсақ болғаны рас. Малдың бәрін колхозға деп сыпыра жинады ғой. Бірақ, ашаршылық болса, еш жерде дерек жазылмаса да көнекөздерден еститін едік. Ашаршылық болды деп айта алмаймын. Оның да себебі бар. Гурьев пен қала маңында 30-жылдары балық кәсіпшілігі жолға қойылған кезең. Жергілікті жұрт балықты әлімсақтан тағам ретінде тұтынады. Жайық бойы, қазіргі Махамбет, Индер аудандары отырықшы, там-тұм егіндік жері бар, өзеннен балық аулайды, қорек қылады. Одан бөлек сол кезде мекен еткен орыс-казактар, ноғайлар, татарлар секілді ешкі бақты. Оны өкімет төрт түлікке санамайтын. Нарын құмы мен Тайсойған даласында жасырын мал ұстағандарды совет белсенділері білсе де, барып түгел жинап ала алмайды. Бұл жерлер жұмбақ қой, ыңғайын білмегесін тәуекелге бармады. Ганюшкин жақта да бір жағы Нарын, бір жағы Азғыр даласында мал қалды, Қиғашта балығы бар. Тағы бір себеп, Ембіде, Доссор-Мақат жағында мұнай кеніштері ашылып жатыр. Мұнай құбырын салу қажет. Жұмыс күші үшін жергілікті халықты аштыққа қалдырмаған стратегиялық мақсат та болуы мүмкін, — деп, өз пайымын айтты да, осындай дәлелмен айтып бере алатын тарихшы-ғалымды нұсқады.
Білгің келетінді, іздеген мәліметіңді саралап айтып бергенде тұшынады екенсің. Осылайша Өтепберген ағаның алдынан қанаттанып шыққаным бар.
Телевидениеден басқа қызметке ауысса да ағамызға телефон шалып, тарихи деректерге қатысты кеңес алып тұратынмын. Зейнеткерлікке шықса да қоғамдық негізде өлкетану тарихы туралы кездесулерге жиі қатысып, білгенін, зерттегенін кейінгілерге баяндаудан тынған емес…
Өтепберген Әлімгерейұлының өлке тарихын зерттеудегі сүбелі еңбектері мен қалдырған қолтаңбасы әлі де болашақ үшін маңызын аша түспек деп ойлаймын.
Нұрлыбек ҒИЗАТОВ,
«ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс
және ішкі коммуникациялар жөніндегі маманы
Телеарнаның темірқазығы
Темірқазық – аспандағы сан мың жұлдыздың ішінде компас іспетті адасқанға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруші емес пе?.. Өтепберген ағаны мен Атырау телеарнасына келген әрбір жас тілшінің шамын шағып, жол көрсеткен темірқазыққа теңер едім.
Мен телеарна табалдырығын аттаған кезде Өтепберген Әлімгереев директордың орынбасары-бас редактор қызметінде еді. Өлке тарихының арғы-бергі шежіресін, тарихи тұлғаларын зерттеген қарымды қаламгер екенін жақсы білеміз, шығармаларымен таныспыз. Ал сол жылдары ағайдың мықты тәлімгер, ақылшы аға, нағыз ұстаз екеніне көз жеткіздім.
Ол кезде қазіргідей ғаламтор жоқ. Жаңалыққа тақырып табу, тақырыпты терең зерттеу, кейіпкер іздеу, сюжет дайындап, оны көрерменге ұсыну – күнделікті жұмыс. Жаспыз, әр саланың білікті мамандарын біле бермейміз. Жас та, қаламы төселген сақа тілшілер де кабинетінің алдында таласа кезекке тұратынбыз. Ол шығармашылық жұмысын ысырып қойып, асықпай тыңдап, егжей-тегжейлі түсіндіретін. Көзәйнегін маңдайына көтеріп қойып, кішкене ғана блокнотынан керек мамандардың телефон нөмірін, мекен-жайына дейін тауып беретін. Маған нағыз еңбек адамдарының еленбей жүргенін айтып, Социалистік Еңбек Ерлері туралы сюжеттер дайындауыма түрткі болғаны есте. Өз ортамызда ұстазымызды «тірі энциклопедия» деп атайтын едік.
Эфирге берілетін жаңалықты баяндай салмай, астарына үңілу, қоғамдағы маңызына назар аудару, мәселеге біржақты қарамай, тараптарды тыңдау – бастапқы кезде ұстаздың талабы болса, кейін дағдыға айналды. Өтепберген аға қатал басшы болған жоқ, емін-еркін еркелеп сөйлесетінбіз. Бірақ сәл теріс қылық көрсе, әзілдеп отырып, сөзбен сойып салатын.
…Ол кезде филиал директоры Айтқали Құмарғалиұлының кабинетінде күн сайын таңертең лездеме болады. Кешегі эфирге шолу жасап, бүгінгі жаңалыққа беретін тақырыптар талқыланады. Жаңалықтар бөлімінің тілшілері түгел қатысуы керек. Кейде жиналыстан кешігіп қалатынымыз бар.
Бір күні Өтепберген ағай кешірім сұрап, кіріп келе жатқан әріптесімізге: «Көйлегің құтты болсын!» деді. Ол аң-таң. «Әлде шашыңды боядың ба?.. Өзгенің уақытын сыйламай, кешігіп жүрген адамның жұмыспен ісі жоқ, өзіне назар аударғысы келгені деген сөз!.. — деді. Зіл жоқ, дауыс та көтермеді. Кешігіп келетін көбіміздің бетіміз ду етті. Бұл сөзі біразымызға сабақ болды…
Соңғы рет былтыр наурыз айында батыс аймақтардағы Көрісу мерекесінің ерекшелігі туралы сұхбат алдым. Бала кездегі көрісу мерекесінің ерекшелігін, қазіргі формасының тым өзгеріп кеткенін айтып берді. Тың еді. Біраз естеліктерімен бөлісті. Сол – соңғы көруім екен!..
Базаргүл ІЗІМОВА,
«Астана» телеарнасының меншікті тілшісі
Өмірлік ұстанымға айналған кеңес
Менің өмірімнің жарқын беттері – журналистік қызметіммен байланысты. Сол жолда үлкен қолтаңба қалдырған жанның бірі – Өтепберген Әлімгереев. Сыйлы ағам бүгінде ортамызда жоқ. Бақилық болғанына бір жылға тарта уақыт болды. Өтепберген ағамызбен қоштасу рәсімінде тұрғанымызда бәріміздің көкейімізде «Атырау шежіресінің бір қабырғасы құлады» деген бір ғана ой тұрды.
Өтепберген аға ел ішінде болып жатқан оқиғаларды, жекелеген жандар туралы көп білетін, халықтың мұң-мұқтажын, қуанышы мен қайғысын жетік меңгерген еді. Атырау облыстық телеарнасында қызмет еткен жылдарда дайындаған әрбір хабарым, сюжетімде Өтепберген ағаның үлесі бар. Өйткені, әр хабарымды эфирге дайындағанда көпшілігінде ағаймен ақылдасып аламын. Студияға келетін кейіпкердің болмысын ашу үшін алдымен ол кісінің кеңесіне жүгіну мен үшін қалыпты да қажетті үрдіске айналған еді. Себебі Өтепберген аға Атыраудың арғы-бергі шежіресін жатқа білетін. Тек тарихи дерек емес, әр әулеттің, әр ауылдың тағдырын, сол өңірдің иісі мен дауысын жүрегімен сезінетін.
Тікелей эфирдегі студия қонағын, хабарға тартатын кейіпкерді таңдауда оның маған берген әрбір кеңесі құнды еді. Эфир болғаннан кейін келесі күні кабинетіне шақырып талдау жасауы мен үшін маңызды болды. «Эфирде қалай отырдым, студия қонағымен екеуара дұрыс дискуссия құра алдым ба, ол адамның еркін ашылуына мүмкіндік болды ма?» деген сауалдарды жан-жақты талқылайтынбыз.
Сондай сәттердің бірінде Өтепберген аға маған тіке қарады да, «Ғалия, — деді, — қырыққа дейін жарқыра, лапылда! Нағыз журналистің жануы осы кезеңде болады. Сол уақыт аралығында керемет хабарларыңды дайында, артыңнан із қалдыр. Өйткені қырық жастан кейін журналистің оты басыла бастайды…»
Бұл сөз маған бір жағынан ескерту болса, екінші жағынан үлкен сенім сияқты естілді.
Содан кейін әр хабарыма басқаша қарап, әр кейіпкерімді шын ниетпен ашуға, әр эфирімді ең соңғы хабарымдай жауапкершілікпен дайындауға тырыстым. Өтепберген аға айтып отырған сол «лапылдаған» кезеңді бос өткізбеу керектігін түсіндім. Менің әр хабарыма Өтепберген ағамның да жүрегі, жанашырлығы қосылып отыратын. Ол кісінің бір ауыз сөзі өмірлік ұстанымыма айналды.
Өтепберген ағаның өмірден өтуі атыраулық журналистердің қабырғасын қайыстырып кетті. Жақсы адамның орны ойсырап тұратыны анық. Облыстық телеарнада қызмет еткен, бүгінде әр салада еңбек жолын жалғастырып жатқан журналистер бас қоса қалғанда әңгіме өзегін міндетті түрде Айтқали және Өтепберген ағаларға тірейтініміз рас. Себебі, біз – осы бір керемет жандардың өмір мектебінен өткен журналистерміз!
Ғалия ҚАРАЖАНОВА,
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс тобының жетекшісі,
Т.Амандосов атындағы Атырау облысы әкімі сыйлығының лауреаты