Белгілі журналист Аяпберген Салихов зейнет жасқа толды
Ғұмырының саналы бөлігін журналистикаға арнап, сол саладан өзінің лайықты орнын алып, абырой тапқан қаламдастарымыздың бірі де бірегейі – исатайлық Аяпберген Салихов.
Аяпберген Тілепбергенұлының кіндік қаны 1961 жылдың 20 желтоқсанында Бақсай ауданына қарасты Бегайдар елді мекенінде тамған. Орта мектепті 1979 жылы Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында бітіріп, сондағы аудандық «Жаңа өмір» газетінде штаттан тыс тілші болып еңбек жолын бастапты. 1981-1983 жылдары Ресей елінің Свердлов облысында Кеңес әскері қатарында болған ол есейіп барып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін журналистика факультеті бойынша бітіреді. Ал 1993 жылдан бері қос өзен аралығын қоныстанған өңір өмірінің айнасы – Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің редакциясында журналистік жолын жемісті жалғастырып келе жатыр. Қатардағы тілшіден бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор тәрізді соқпағы көп, сүрлеуі қиын лауазым сатыларынан өтті.
Бүгінде ағалықтан даналыққа қадам басқан, зейнет жасындағы әріптесіміз осы кезеңде өзін кәсіби тұрғыда шыңдалған, тәжірибесі толысқан, шеберліктің шыңына жеткен нағыз маман, қарымды қаламгер, таңдаған мамандығына адал азамат ретінде танылып отыр. Абырой асқарынан көрініп, бедел биігіне көтерілді. Еңбегі еленіп, лайықты бағаланды. Соның куәсіндей, «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылығы мен аудан, облыс әкімдігі мен мәслихаттар тарапынан алған Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарына қоса, айрықша марапат – «Мәдениет қайраткері» құрметті атағын иеленуі еді. Сонымен қатар ол – Ақпарат саласының үздігі, Тауман Амандосов атындағы Атырау облысы әкімі сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Аяпберген Тілепбергенұлы бүгінде жас буынды тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп жүрген тәлімгері, тағылымы мол, мехнаты зор қаламгерлік өнердің қыр-сырын жетік меңгерген, өзгелер ғибрат алар шаққа, ел ағасы боларлықтай жасқа жеткен өз ісінің кәнігі шебері, мамандығының майталманы. Өйткені аудандық газеттен бастап, облыстық, республикалық мерзімді басылым беттерінде ол көтерген тақырыптар мен қозғаған мәселелердің қай-қайсысы да өзектілігімен, өміршеңдігімен ерекше.
Отбасылық өмірде де өзгелерге өнеге көрсетіп, үлгі бола білген Аяпберген Салихов зайыбы Жұмажан екеуі қос перзент сүйіп, ұлағатты ұрпақ өсіріп отыр. Қызы Сүйкім Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (Астана қаласы) журналистика факультеті бойынша тәмамдап, әке жолын жалғастырса, ұлы Нұрсұлтан да өмірден өз орнын табуды мақсат тұтқан. Енді ұл-қыздан ұрпақ сүйіп, қызыққа кенелер сәтінің тезірек болғанын қалайды.
Құрметті Аяпберген Тілепбергенұлы! «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымы Сізді мерейіңізді үстеп, мәртебеңізді биіктеткен атаулы жасыңызбен қуана құттықтайды. Әріптестеріңіз ізгі ниеттен туған игі тілегін, жүрекжарды жылы лебізін жолдайды. Қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз көбейсін, шабытыңыз шалқып, шабысыңыз үдей түссін, жазу өнерінің жорғасы!
«Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымы