Жарнама
Ғибрат

Бата алғанға бақ бұйырады

Бір ауыз сөзімен дау-дамайды тоқтатып, жақсылықтың да жаршысы болған аналарымыз арамызда жүр. Солардың бірі – Индер ауданы, Есбол ауылының тұрғыны Науша Қадырбаева. 

46ed9521 79d4 4de4 afd2 14ed1b006c26

Сөзі қуатты жанның ұрпағы ғибратты

Босағасының беріктігін, шаңырағының шаттығын әрдайым тілегіне қосып жүретін асыл әжелер – ауыл-аймақтың берекесі. Олардың қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі әулеттегі келіндерге үлгі болғандай. Жүзінен мейірім сәулесі төгілген, айтқан ақылдарынан ой маржандары өрілген бүгінгі әңгіменің кейіпкері де құдай қосқан ері, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Өтеғұл Жалғасбаевпен бірге 5 перзент сүйіп, олардың өсіп-өнуіне барлық жағдайды жасады. Қазіргі таңда ардақты ана кіндігінен тараған ұл-қыздарынан немере-жиен сүйіп отыр. Жапырағы жайқалған алып бәйтеректей болған әулеттің ұрпақтарының дені мемлекеттік қызметте. Бәрі де ата-анасының қолғанаты, мақтанышы.

Жасы сексенге таяған әжемен әсерлі әңгіменің тиегін ағытып отыра бергің келеді. Мақпалдай жұмсақ дауысы, тілінен төгілген сөз моншақтары еріксіз көңіліңді баурап әкетеді. Дастарқан басында үнемі өнегелі өмірдің сыны мен сыры жайлы шежіре шертіп отырады екен. 

– Бәріміз де жасымыздан бата алып өстік. Батада үлкен қасиет, үлгі-өнеге, салт-дәстүріміз бен үлкенді сыйлаудың нышаны бар. Аға буынның сөзін тыңдау, олардан бата сұрау – тәрбие мен тектіліктің көзі. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген. Бата – дәстүр қатарындағы ұлық ұғымдардың бірі. Оны ұмытуға, жадымыздан өшіруге болмайды, — деп сөзін жалғады Науша әже.

ІЗГІ НИЕТ, АҚ ТІЛЕК

Әженің айтуынан халқымыздың тілек пен батаның ара-жігін ажырата білгенін аңғардық. Мәселен ас, Наурыз, сапар, той, тұсаукесер, балаларға, қарияларға, қыз-келіншектерге, жас жұбайларға, шаңыраққа, құдаларға, шенді-шекпенділерге арналған, тағы басқа бірнеше түрі барын білдік. Осылардың ішіндегі сапар батасының мән-маңызына кеңірек тоқталған батагөй:

– Қазақ елі ұл-қызы алыс сапарға немесе өмірін бәске тігіп, жорыққа аттанарда халықты жинап, ішінен ең сыйлы деген азаматтан бата сұраған. Осыдан кейін оның сапары немесе жорығы сәтті болып, елге аман-есен оралады деген наным қалыптасқан. Қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған. Сондай-ақ бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға ұмтылған, — дейді.

Өзі де батаның біразын біледі екен. Кітап, газет оқи отырып, көңіліне қонымды сөз тіркестерін баталар жинағы жазылған қойын кітапшасына жазып қоятын көрінеді. Айтылған сөздің тереңіне бойлайтын Науша әже кейінгі толқынның бата беруге шорқақтығына ренжитінін де жасырмады.

af10a089 eb76 4883 a10f 58df39909c2f

Әннің де естісі бар, есері бар

Көп жыл мейірбике болып еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ол қазір де қоғамдық-мәдени жұмыстарға белсене араласады. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін ақ жаулықты ана ауылда құрылған «Асыл әжем» ансамблінде әуезді әндерді нақышына келтіріп орындайды. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, ансамбльдің құрамындағы әнші әжелер әр әнді тыңдарманға талмай жеткізіп, керемет әсерге бөлеуге ұмтылады. Қазақы нақышқа келтіріп тігілген, арнайы оюмен көмкерілген ұлттық киімдері де бар. Барлығында бір мақсат, бір мүдде – туған жерінің абыройын асқақтатып, беделін биіктету. 

Ансамбль бүгінге дейін бірнеше шығармашылық концерт беріп, көпшіліктің көзайымына айналған. Ән мен күйді құдіретіндей құрметтейтін халықтан оң бағасын алып, ықыласына бөленіп келеді. Талантымен таңдай қақтырған, үнінің сыңғыры бұзылмаған әжелер халық әндерін жиі насихаттайды, тарихына қанық. Ұлттық рухты оятып, салт-дәстүрді жаңғыртып жүрген асыл әженің еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық.

«БЕЙБІТШІЛІК ЗАМАН БОЛСЫН»

756b4679 8138 487d b3ba 3dba7703cbbe

«Бата алғанға бақ бұйырады» дегендей, бізбен риясыз сыр шерткен Науша әжей ақ тілек-батасынан да құр қалдырмады. 

Я, Құдайым оңдасын,

Еш жамандық болмасын.

Бақ пен дәулет басыңа,

Әр уақытта орнасын.

Жорытқанда жолыңды,

Қыдыр ата қолдасын.

Қыдыр қияласын,

Періште ұяласын.

Ақ ордаң аман болсын,

Бейбітшілік заман болсын, — деп ол қос алақанымен бетін сипады. 

Иә, қартын қадірлеген ел азбайды. «Қариясы сиреген ауылдан ар-иман қашады» деп тегін айтылмаса керек. Қазақтың қара сөзін қанына, сүбелі сөзін сүйегіне сіңірген қарияның кіршіксіз көңілі мен даладай дархан ілтипатына еріксіз бас иіп, деніне саулық, отбасына амандық тіледік!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button