Жарнама
Ғибрат

Ардағы еді елінің…

Жаратушының әр пендесіне өлшеп берер өмірі бар. Татар дәм-тұзы таусылып, маңдайы жарқыраған қазыналы замандасымыз Балтабек Мұқанұлының жалған дүниеден мәңгілік мекеніне өткеніне де жүз күн болып қалыпты. Мәңгілік мекені де өзі саналы ғұмырын өткізген Алатаудың баурайынан бұйырған еді.

Беу, дүние, Ол қандай тұлға еді?!

Балтабек Мұқанұлы Қуандықов – көрнекті ғалым, ғылым докторы, еліміздің батыс өңірінің жер қойнауын игеруде өлшеусіз үлес қосқан азамат. Ғылым мен техника саласында Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қашаған кен орнын алғаш ашушылардың бірі, Атыраудың атпал азаматтарының бірегейі еді. Көкірек көзі көреген, пейіл-пиғылы таза, өзіне тілейтін игілікті өзгеден қызғанбайтын көпшіл, ел үшін істелер іске тілеуқор, білім-білігі келісті өз ісінің майталман маманы болатын.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардағы студенттік кезімізден басталған таныстығымыз бүгінге дейін жалғасып, достыққа ұласып еді. 2000-шы жылдары отбасымен Алматыға қоныс аударарда, балалары оқу жылын толық аяқтағанша Атырауда қалатын болды. Сонда Бәкең мен Ақтоты балаларына біздің көзімізше: «Балаларым, ештеңе уайымдамаңдар. Бір мұқтаждық бола қалса, мына папа-мамаларың бәрін үйлестіріп, әкеліп береді», — деп, әзіл-шыны аралас достығымызды бекіте түскені әлі көз алдымыздан кетпейді. Жаны қандай жомарт болса, қолы сондай ашық еді. Өз жолынан да, өз жөнінен де жығылмайтын. Ылғи жаңа жылдың алдынды құттықтау қағазын жіберіп, «Жаңа жылды бірге қарсы алыңдар, ұйымдастыруды Арықбай ініме тапсырдым», — деп телефон шалатын-ды.

Қайран, Бәке! Қай жақсылығын айтып тауысарсың. Кісілік келбеті, ізгі жүрегі, өнегелі ісі, тұла бойындағы бекзаттық пен тектілік – өлімге қимайтын-ақ жан еді!..

Туған жердің қадірін танып, тірліктің соңғы күніне дейін еліне адал қызмет етті, елі сүйген азамат атанды. Сөйтіп, фәни дүниеден бірлік пен берекенің ұйытқысы болып, айбынды асқар тау сияқты биік қалпында өтті.

Бәкеңнің тосын ажалы кезінде Атыраудағы жан жолдастарының көпшілігі бір уыс топырақ та сала алмады, асыл да ардақты жары Ақтотының қасында бола алмады. Сол кезде мен де қалада жоқ едім. «Жақсы адамдар сүйсіндіру үшін, өмірден өткен соң сағындыру үшін келеді» деген сөз бар. Сыңарымнан айырылдым деп қамықпашы, сағыныш сазымен ұрпағыңның қызығын көргейсің.

«Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген ғұлама Баласағұн. Шынында да пенденің басында болатын абырой, атақ, бедел мен бақ туған елге адал еңбектің нәтижесінде ғана келеді. Бұл тұрғыда Бәкеңнің басына бақ та, бақыт та қонған деп нық сеніммен айта аламын. Бақ жұлдызы жанған пендесін Жаратқан әу бастан-ақ тағдыр тезіне салып шыңдап, өмір өткелдерінен өрге сүйрейтіні белгілі жайт болса керек. Еңбек, талап кісіні жоғарылатады.

Кемеңгер Абай «Артыңда сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенге боларсың тең» дегендей, Бәкеңнің артында еліне жасаған қызметі, өшпейтін ғылыми еңбектері, ісін жалғастырушы шәкірттері бар. Мен үшін Бәкең өлген жоқ, ұзақ іссапардан әдеттегі жайдары қалпында қайта оралады…

«Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген де сөз бар. Ер-азаматтың жанында жанашыр жары, өмірлік серігі оның өмір жолында жеңісіне қол соғып, жеңілісіне бірге мұңайып, кейде қайрат беріп, намысын оятып отыратын жұбайы Ақтоты Бағытқызы десек жаңсақ болмас. Екеуі жұптасып 49 жыл өмір сүргенде қиындыққа мойымай, қызық-қуанышқа масаттанбай, сабырлы қалпын сақтаған жан. Бәкең фәни өмірден өнегелі әке, сүйікті жар, мейірімді ата болып өтті. Өмірден алған бағы да, байлығы да осы болар.

Шүкір, әкенің орнында артын оңалтып, қастерлі есімін жалғастырар ұл мен қыздар бар. Түзу ағаштың көлеңкесі қисық болуға тиіс емес. Әке аманаты орындалуы тиіс. Ел-жұрты сыйлаған, дарқан жүректі, қимас дос, асыл азаматтың мәңгілік мекені жарық, иманы жолдас болғай. Пейіште нұрың шалқысын, қайран досым Балтабек Мұқанұлы!

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

досы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button