Жарнама
Ғибрат

Әке – еңбек пен жауапкершіліктің үлгісі

Әр адамның өмірінде тұлға болып қалыптасуына ең алдымен ата-анасының әсері ерекше. Ал мен үшін әкем – өмірлік ұстаным, еңбекке деген адалдықтың, сабыр мен жауапкершіліктің үлгісі. Менің әкем мұнай саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан нағыз кәсіби маман. Ол мұнай саласына алғаш қадам басқан күннен бастап, осы күрделі әрі жауапты саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді.

Бұл сала – жай ғана жұмыс емес, күн сайын қауіп пен қажыр қатар жүретін ауыр еңбек. Әкемнің әр күні – уақытпен санаспай жұмыс істеуден, ұңғымалар басында, кен орындарында түн ұйқысын төрт бөліп, ел экономикасы үшін тер төгуден тұрады. Ол үшін мұнай – тек табиғи ресурс емес, бұл – өмірлік миссия. Оның еңбегінің арқасында қаншама үйге жылу жетіп, қаншама зауыт, фабрика жұмысын тоқтатпай келеді. Мен мұны мақтанышпен айта аламын.

Әкемнің өмір жолында талай қиындықтар болды. Бірақ ол ешқашан шағымданған емес. Қандай жағдай болмасын, әрдайым сабыр сақтап, отбасын бірінші орынға қоятын. Ол маған «Еңбек – адамды шыңдайды» деген қарапайым, бірақ аса терең мағынасы бар сөздің мәнін ісімен дәлелдеді.

Әкемнің адал еңбегі мен табандылығы бізге – балаларына үлкен өмірге деген сенімділік пен еңбекқорлықты үйретті. Ол тек жақсы әке ғана емес, ел экономикасын алға сүйреп жүрген мыңдаған мұнайшының бірі – нағыз еңбек адамы.

Отбасының тірегі

Әкемнің өмір жолына қарап отырып, мен еңбек пен жауапкершілік қатар жүретін нағыз ер-азаматтың бейнесін көремін. Ол – қиындыққа мойымайтын, алдағы күнге сеніммен қарай алатын қайсар жан. Отбасын асырау, бала-шағасына тәрбие беру, елге пайда келтіру – осының бәрін әкем бір мезетке де ұмытқан емес.

Әкемнің өміріндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі – ол құрған берекелі отбасы. Анаммен бірге отасқандарына биыл 35 жыл толып отыр. Бұл – өзара сыйластық пен махаббатқа, шыдам мен түсіністікке құрылған мықты шаңырақ. Олар бір-біріне тірек болып, сан қилы өмір жолдарынан бірге өтті. Әкем мен анам төрт бала тәрбиелеп отыр – үш қыз, бір ұл. Біз үшін әкем әрқашан әділ, сабырлы, мейірімді тұлға.

Оның әр ісі мен сөзі бізге үлгі. Қандай шаршап келсе де, үйге кіргенде жылы жүзбен қарсы алып, аман-саулығымызды сұрап, ақылын айтып отырады. Отбасындағы тәртіп пен татулық – әкемнің тікелей еңбегі.

Сонымен қатар, отбасымыздың шырайын кіргізіп отырған тағы бір аяулы жан бар – ол менің әжем. Қазір жасы 80-ге келсе де, әлі де ақ батасын беріп, бізге бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Әкемнің анасына деген құрметі – бізге де үлкен тәрбие. Ол әрқашан әжеміздің жағдайын бірінші орынға қояды. Бұл – оның бойындағы адамгершіліктің, перзенттік парызды терең түсінудің жарқын үлгісі.

Әкемнің анасына деген мейірімі мен қамқорлығын көріп өскен біз де үлкенге деген сыйластықтың не екенін ұғынып келеміз.

Мамандыққа деген махаббат – ұрпаққа үлгі

Әкем жұмысына адал ғана емес, мамандығын шын жүрегімен жақсы көреді. Ол үнемі: «Қай істі де шын ықыласпен істесең, соның берекесі болады», – дейді. Бұл сөздер менің де өмірлік ұстанымыма айналды. Кейде маған: «Мұнайшы болу – тек қазба байлықпен жұмыс істеу емес, бұл – болашақ үшін еңбек ету», – деп айтатын.

Себебі мұнай – ел экономикасының тірегі, ал сол байлықты жер астынан қауіп-қатермен алып шығатын адамдардың еңбегі – нағыз ерлікке пара-пар. Бұл – мықты денсаулықты, үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті талап ететін сала. Әкем бұл талаптардың бәрінен сүрінбей өтіп, талай жыл бойы бір салада үздіксіз еңбек етіп келе жатқаны – оның мықты маман екенін дәлелдейді.

Онымен бірге жұмыс істейтін әріптестері де әрдайым оны жоғары бағалайды. «Нұрлан аға – тек білікті маман емес, адамгершілігі мол азамат», – деп айтады. Бұл сөздер менің жүрегіме ерекше жылылық сыйлайды. Себебі менің әкем тек мен үшін ғана емес, айналасындағылар үшін де қадірлі тұлға.

Әкем бізге үнемі білім алудың, еңбек етудің, шыншыл болудың маңызын айтып отырады. Ол ешқашан жеңіл жол іздеп, қиындықтан қашқан емес. Керісінше, әр қиындықты жаңа мүмкіндік деп қабылдап, өмірге оптимистік көзқараспен қарайды. Бұл қасиет мен үшін үлкен тәрбие мектебі.

Мен әкемнің өмір жолын зерттей отырып, өз болашағымды да дұрыс бағытта жоспарлай аламын. Ол – менің басты мотивациям. Егер өмір жолында бір сәт шаршасам не мойығым келсе, әкемнің еңбекпен күн кешкен сәттерін еске алып, жігер жинаймын. Ол – маған ғана емес, менің достарыма, туыстарыма да үлгі.

Әкелер күні – осындай қарапайым, бірақ ерен еңбектің иелеріне алғыс айту күні. Мен өз әкеммен шын жүректен мақтанамын. Ол – менің батыр әкем!

Әділхан НҰРСҰЛТАНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті “Журналистика және ақпарат” мамандығының ІІІ курс студенті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button