
Абайдың жолымен
Жолжазбамды тым әріден бастауға тура келеді. ҚазМУ-дың журналистика факультетін 1984 жылы бітіруші түлектер 30 және 40 жылдан кейін екі мәрте Алатау баурайындағы ару қала Алматыда кездескенде Семейге, қасиетті де киелі топырақ – Абайдың туған жеріне шақырып, аймақтың тарихымен тереңірек танысуды ұсынған курстың старостасы, бүгінде «ТВК-6» телеарнасының меншік иесі, ардагер журналист, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Омарбек Байуақов болатын.

Өткен жылдың мамырында Алматы іргесіндегі Қаралы ауылындағы «Бақсы» шипажайында болған курстастар кездесуінде бірауыздан мақұлданған шешімге сай биылғы мамырда Семейде бас қосатын болғанбыз. «Уәде – Құдай сөзі» демекші, 20 мамырда Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Елорда мен Алматыдан, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістаннан, мұнайлы өлке Атыраудан, таңғажайып табиғатымен талайды тамсандырған Шығыстан – Алтай өңірінен және Семей мен оның аудандарынан ұлы ақын еліне жеттік. Әрқайсымызды Омарбек Қазанғапұлы отбасымен, ұжымдас әріптестерімен құшақ жая қарсы алды.
Бөріліде болғанда
Семейден шығып, көзіңді тіксең маңайға,
Тарихқа тағзым ете жүр, қалқам, жарай ма?
Табаның тиген топырақта мынау текті іздер,
Абайла, қалқам, бұл жермен жүрген Абай да!
Келесі күні таңғы ауқаттан соң ұлы ақынның кіндік қаны тамған жеріне саяхатқа аттандық. Киелі жерге сапар шегудегі мақсатымыз – ғұлама ақын, данышпан ойшыл хәкім Абайдың асыл мұрасының тұңғиығына тереңдей түсіп, ұлылығы мен даналығына, жаңаша қырларына қаныға түсу, музей-үйін тамашалап, ақынның өмір сүрген заманы мен жүріп өткен жолына саяхаттау арқылы одан рухани ләззат алу және мұраларын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа дәріптеудегі жұмыстармен танысу.

Біз шағын автобусқа жайғасып Семейден кезінде Абай жүрген жолымен Жидебайға бағыт алдық. Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналардың кіндік қаны тамған киелі мекендегі жазиралы кең дала осыншама талантты құрсағына қалай сыйдырған деп таңдай қағасың, таңғаласың. Аттап бассаң ескерткіш. Аумағы 6400 гектарға жетіп жығылатын «Жидебай–Бөрілі» қорығына 16 нысан кіреді екен. Мұнда ұзын-саны 20 мыңнан астам бағалы заттар мен құнды жәдігерлер сақталған көрінеді.
Аялдаған алғашқы нүктеміз – Күшікбай кезеңі. ХVIIIғасырдың соңында өмір сүріп, елі мен жерін жоңғарлардан қорғап, аты мәшһүр болған Күшікбай батыр небәрі 21 жасында қаза тауыпты. Хас батыр жерленген бұл асу да Абай мен Шәкәрімдер сан мәрте тоқтап, түнеген бекет көрінеді.
Семейден Шыңғыстауға беттеген аттылы кісі қаладан 50 шақырым шыққан кезде сөзсіз демалады. Ат шалдыратын жері де осы тұс. Осы арада аунап, Құнанбай мен Абай да, Шәкәрім мен Мұхтар Әуезов те демалды деп анық сеніммен айта аламыз, — дейді бізбен сапарлас болған белгілі абайтанушы, ғалым-журналист Асан Омаров ағамыз.
Заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде баяндалатын оқиғаның орын алатын жері де – осы маңда. Мұндағы төбеге Күшікбай батыр мен Ғазизаға ескерткіш те орнатылған. Сылдырап аққан салқын бұлақ суын ішіп, шөлімізді қандырып, аз-кем дем басып алған соң біз Бөріліні бетке алдық.
Семейден 80 шақырым жердегі Бөрілі – Мұхтар Омарханұлының кіндік қаны тамған жер. Атауы түз тағысының көп болуына орай қойылған шағын елді мекенде тұрғын тым аз, санаулы ғана мұржа бар екен. Бір төбеде жазушының «Мұңылы қоңыр туған анам, Туған жерім Бөрілі» деген жазуы қашалған тасты көрдік. 1943 жылы Мұхаңның қамығып отырған сәтінде айтқан бұл сөзін қасына ерген шәкірті, кейін белгілі әдебиет зерттеушісі, Семейдегі Абай музейінің негізін қалаушы болған ғалым, қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы, педагог болған Қайым Мұхамедханов қойын дәптеріне жазып алған.

М.Әуезовтің музей-үйінің алдында бізді музей қызметкері қарсы алып, академик-жазушының балалық, бақытты бозбалалық және жалындаған жастық шағының куәсі болған қасиетті мекен туралы біраз мәліметтерді айтып, тарих қойнауына сүңгітіп жібергендей болды. Осы ауылда әйгілі «Көксерек» фильмі түсірілген.
Музейге қарсы беттегі дөң үстінде, жазушының әкесі Омархан мен шешесі Нұржамалға Маңғыстаудың ақ тасынан өріліп, күмбезді кесене тұрғызылған. 2020 жылы Мұхтардың ағасы Қасымбек пен жеңгесі Ғалия жерленген орынға ескерткіш белгі қойылып, Абайды әлемге танытқан жазушының туған жері алып ой кемеңгерінің мерейтойы қарсаңында қайтадан жаңғырған. Мұхаңның «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-Тоқал», «Сыбанның моласында» атты тұңғыш шығармалары да осы шаңырақта жазылыпты.
Мұхтар музейінің жұмысы мен мұндағы көне жәдігерлер туралы бар сырды бізге музейдің жоғары дәрежелі бас маманы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Абай» медалінің иегері Гүлзат Сәлемқызы әсерлі жеткізді. Кемеңгер жазушының 90 жылдығы қарсаңында ашылған музей-үйіне ұл-қыздары да келген. Кіре-беріс дәлізде мүсінші Мұратбек Жанболатовтың қолтаңбасымен текелі мәрмәр тастан аса шеберлікпен жасалған Мұхаңның ақ кеуде мүсінін де айнытпай кескіндепті.
Осында 38 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Гүлзат Тәңірберген музейге жыл сайын 7 мыңға жуық адам келіп, жәдігерлерімен танысып кететіндігін, олардың арасында шетелдік туристердің де болатындығын жеткізді. Ол биыл Абайдың 180 жылдығы қарсаңында саяхаттаушы туристер үшін «Ұлылар мекеніндегі тарихи жерлер» атты ақпараттық-танымдық шағын кітапшасын да шығарыпты.
1987 жылдан бері музейге айналған бұл шаңырақта Мұхаңның балалық, жастық дәурені өткен, осы үйге атасының айттыруымен алғашқы жары Райханды түсіріп, Мұғамила, Шоқан есімді балалар сүйген. Мұндағы тарихи суреттер, құжаттар, қолжазбалар секілді көп құнды бұйымның арасынан қосарланған киіз үйді көріп-ақ, Әуез тұқымының нашар тұрмыс кешпегенін аңғарғандай боласыз.
Музейдегі жәдігерлер арасында 1913 жылдың күзінде Семейде мұсылман жастарынан құрылған тұңғыш «Ярыш» футбол командасы құрамында ойнаған және алғашқы голын соққан Мұхтардың командаластарымен түскен фотосуреті де келушілер назарын өзіне аудармай қоймайды.
Еңлік-Кебек кесенесінде
Бөріліден Шыңғыстауға беттеген бойда сайын даланың асфальтсыз, кейде тастақ, кейде қара жолымен шаңдатып отырып, Семей-Қарауыл тас жолынан 5 шақырымдағы Шілікті деген жерге де жеттік. Мұнда күллі ғашықтар символы болған Еңлік-Кебек мазары бар.
Ескерткіштің қазіргі тұрған жері бұрын ғасырлар бойы жаугершілік уақытта қарауыл қарайтын, ас пен тойларда бәйгеге қарақшы тігіп, көмбе болатын жиын орны болған. Оның басындағы Еңлік-Кебек ескерткішінің өз тарихы бар. ХVIII ғасырдың 80-жылдарында сүйіп қосылған екі ғашықты мейірімсіздікпен ат құйрығына сүйретіп өлтіруші топ олардың денесін өздерінің ақтық тілектері бойынша бірге көмеді.
«Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім» деген Абай сөзі тасқа қашалыпты. Еңлік-Кебек моласы бүгін де бар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары абайлық тұрғындар күшімен бейіттің басына қазіргі ескерткішті тұрғызған. Қазақ жеріндегі ескіліктің құрбанына айналған қос ғашықтың қайғылы оқиғасы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасына, Мағауия Абайұлының осы аттас дастанына және Абай ұсынған тақырып бойынша Шәкәрім жазған «Жолсыз жаза яки кез болған іс» деген шығармасына арқау болады.
Сапар барысында қазығұрттық Жиенкүл Сәрсенова, алматылық Ләззат Шәйкенова, Қазақ радиосының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Алтын Иманбаева, Қазақстанның Құрметті журналисі, осы жолдардың авторы және басқалар Абайдың туғанына 180 жыл толу қарсаңында ұлы ақын елінен алған әсерлері мен сапардан түйген ойлары жөнінде «ТВК-6» телеарнасы журналистеріне сұхбат берді. Курстастар шығыстың ақын қызы Ғафура Сәрсенбайқызы мен торғайлық Сұлтанғали Бейсекей Құнанбай музей-үйі алдында өздерінің Абайға арнаған өлеңдерін оқыды.
Қара қылды қақ жарған – Құнанбай
Заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлының «Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайдың кім болғанын білу қиын, бұлар заманның туындысы…» деген сөзінің астарында терең мән-мағына жатыр. Құнанбай туралы Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов алғаш рет 1905 жылы Абай туралы мақаласында атап өтті. Ол «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Абайдың шығу тегіне тоқтала келіп, «Қара қылды қақ жарған Құнанбай би» деп жоғары бағалады. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы Қазақстан тарихындағы із қалдырған тарихи тұлға, би, қоғам қайраткері болған адам.
Абай еліндегі сапарымыз Қасқабұлақ ауылдық округіне қарасты Ақшоқы қорығында жалғасты. Ақшоқы мекені күрежолдың бойынан 21 шақырым жерде орналасқан. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің және ұрпақтары жерленген қорым осыдан алты жыл бұрын республикалық тарихи маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізіліпті.
Құнанбай қорымы маңына жетіп, аруақтарға Құран бағыштадық. Бір тәуірі, қорым маңайы да, қажының музейі де сырт көзге менмұндалап жарқырап тұр. Қорымда Құнанбайдан өзге, оның інілері Жақып пен Солтанбек, балалары Ысқақ, Тәңірберді және Смағұл, Абайдың ұлдары Әбдірахман мен Мағауия, келіндері де мәңгілікке тыныс тапқан екен. Біз Құнанбай музейінің экспозициялық залында оның дәуірі мен қоғамдық қызметі, сол замандағы ел тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды жәдігерлер, құжаттар, тұрмыстық заттар және басқаларға назарымызды аудардық.
Абай тұрған үйдің орны мен ақынның шығармашылық зертханасы болған дөң арасы шақырымға жетпейді, қолсозым-ақ жерде. Көліктен түсе салып, Асан ағамыздың әңгімесіне құлағымызды түрумен алға жылжыдық. «Бұл Абай тұрған үлкен үйдің орны, анау оның су ішкен құдығы, мынау өлең шығарған төбе де қараусыз, атқарушы билік бұған мүлдем көңіл бөлмей келеді» деп реніш білдірген абайтанушы ғалыммен бірге Абай күнде кешкісін ойға батқан, жүзге тарта өлең туған дөң төбесіне көтерілдік. «Өлең-төбе» деген жазуы бар металдан жасалған құрылғыны мал сүйкеніп құлатқан, қара мәрмәр тасқа қашалып жазылған жазуы бар тақтаның да күл-талқаны шыққан екен. Жігіттер болып әлгі белгіні орнына қайта тұрғыздық.
«Абайдың Ақшоқысы – поэзияның меккесі! Өкінішке қарай, осы жайт ескерусіз қалуда. Ұлы ақынның тұрған қыстау үйін қалпына келтіру, анау Өлең-төбеге көтерілетін жаяу жүргінші жолын төсеу, ат басын тірейтін көліктерге асфальт жол салу, ақпараттық тақта орнату мәселелерін көтеріп жүргеніме біраз болды. Бірақ бұған жергілікті биліктің құлақ аспайтындығына таңым бар». Бұл – абайтанушы ғалым Асан Омаровтың көп жылғы зерттеулері нәтижесінде туған тұжырымы.
1860 жылдың күзінде Құнанбайдың пәрменімен жас жұбайлар Абай мен Ділдә бұған дейін құладүз болған Ақшоқыға иелік еткен еді. Ғалымның айтуынша, осы қыстауда Абай отыз үш жыл қыстаған, ал дүниеге келген өлеңдерінің саны – 103. Оған екі поэмасы мен аудармаларын қосыңыз. «1884-1890 жылдары аралығындағы «Абай – жаңа жазба әдебиеттің атасы» дегізген классикалық өлеңдердің басым көпшілігі Ақшоқыда туылғаны талассыз. Бұл айдай ақиқат».
Абайды ең алғаш шешендік өнерге баулыған, оның бойындағы асыл қасиеттерді байқап, оны дамыту үшін Абайды әртүрлі даулы мәселелерді шешуге бет бұрғызып, ел, жер көруіне себепші болған әкесі Құнанбай еді.
«Ақшоқы қыстауын тек пантеон аумағы деп білу жеткіліксіз. Ұлы ақынның үйі, өлең-төбесі туристер көруге асығатын нысанға айналуы керек! Абайдай өткір сезім иесінің жан дүниесі өрлеуіне қыстаудың топырағы һәм табиғаты өзгеше әсерін тигізгені, шығармашылығында терең із қалдырғаны шүбәсіз шындық. Сондықтан бұл мәселеге Абай атын иеленген облыс басшылығы болашақта назар аударады, хакім атамыз 33 жыл қыстаған үйдің орны жоғалып кетуіне жол бермейді деген сенімдемін» дейді бізбен ойын бөліскен абайтанушы.
Жидебай – Еуразия кеңістігінің кіндігі
Әнге де бай жер, жырға бай мекен, күйге бай,
Желсіз бір түнде айдынның бетін сүйген ай…
Жыр менен жердің кіндігі болып жайқалған,
Алдыңнан шығар жұмақтың төрі – Жидебай.
Сапарымызды Абайдың және халық әндерімен әрлеп, түс ауған шақта Семейден 180 шақырым жерде орналасқан «Еуразия кеңістігінің кіндігі» саналатын Жидебайға да табан тіредік. Бұл – ұлы ақынның ата қонысы. Қарауыл өзенінің жайылымында жатқан қорық, шұрайлы жер екендігін жол бойынан-ақ байқағанбыз. Осынау қасиетті мекенге саяхаттап келушілерге 80 жылдан бері ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мағлұмат беретін музей-үйі жұмыс істеп тұр екен. Кіре берісте Абайдың Семейден Жидебайға дейін үш күн жүріп жететін ат арбасы сол күйінде сақталыпты. Киелі шаңыраққа біз де кіріп, ХІХ-ХХ ғасырлардан сыр шертетін құнды жәдігерлер мен тарихи құжаттарды тамашаладық.
Сегіз бөлмеден тұратын музей үйі ғылыми қызметкерінің баяндауымен әлемді мойындатқан ұлы ақынның қолы тиген үш ішекті домбырасын, қалта сағатын, жазу үстелі мен құралдарын, сәби Абайды Зере әжесі шомылдырған жезлегенді, асүй және қонақ бөлмесіндегі сол дәуірдің үй жиһаздарын, қабырғада ілінген губернатор сыйлаған аңшы мылтығын көріп, қалай таңданбайсыз! Тіпті Ділдә, Әйгерім, Еркежанмен келген жасау да осында арнайы бөлмелерде жиналған. Қонақ бөлменің қабырғасына ілінген Әйгерімнің төркінінен келген парсы кілемі де келушілер назарын аудармай қоймайды. Осынау киелі шаңырақта Абайдың 76 өлеңі, 2 әні мен 27 қара сөзі, 26 аудармасы жазылыпты.
…Содан алыстан аппақ болып көзге түскен Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне бағыт алдық. Мазарға жақын тұста тағы екі адамның зираты бар екен. Олар – Абайдың ғана емес, бүкіл қазаққа аса қастерлі, ана ұғымын тереңінен ұғындырған Зере мен Ұлжанның мәңгілік тыныс тапқан жері.
1995 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында қолданысқа берілген «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің жалпы ұзындығы – 2000, ені – 65 метр. Абай мұнарасының биіктігі 38 метр болса, Шәкәрімнің мұнарасы 35 метрді құрайды. Жалпы бұл жерге құрылыс барысында Маңғыстаудан ақ түсті әк шөгіндісі жеткізілген көрінеді.
Мемориалдық кешен осыдан бес жыл бұрын жаңартылып, күрделі жөндеуден өтіпті. Оның төменгі қабатында музей ашылған. Біз амфитеатр арқылы өтіп, жоғарыға мазарға шықтық. Мұнарадағы Абайдың жанында інісі Оспан, ал Шәкәрімнің жанында ұлы Ахат жерленген. Таң атқалы бізбен сапарлас болып, ұлылар тудырған өңірдің құпия сырларымен сусындатып келе жатқан абайтанушы ғалым ағамыз марқұмдарға Құран бағыштап, дұға оқыды.
«Сырт көз – сыншы» демекші, Ұлы Абай елінде қазіргі заман талабына сай туризм саласын дамыту мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі көзге ұрып тұр. Екі аралық жолға күрделі жөндеу жүргізу, кейбір тарихы маңызды нысандарға баратын тегіс жолдың, шағын елді мекендерде таза ауыз судың, жарықтың жоқтығы құзырлы мемлекеттік органдарды ойландырып па екен? Жол бойында жүргіншілерге шағын асхана, кафе сынды қоғамдық тамақтандыру, алыс жолда аяқ суытып, демалатын, ұлттық сусындар – шұбат, қымыз, айран сататын орындарының, әжетханалардың болмауы көңілге қаяу түсіреді. Осы мәселелерге де болашақта билік тарапынан баса назар аударылса дейміз.
Абай әлемі тұңғиыққа толы, шексіз. Оның өмірі, шығармашылығы жайлы кітаптан оқып, теледидардан көрсек те, бір барып көргенге жетпейді-ау, шіркін! Өткен мен бүгінгінің тоғысқан кереметін көріп, бойыңды қуаныш кернейді. Қазақты бүкіл әлемге мойындатқан ұлы ақын жеріне біздің басқосуымыз жомарт жүректі абыройлы атпал азамат, мықты медиаменеджер Омарбек Байуақовтың бастамасымен жүзеге асып, баршамызға рухани мол азық пен ләззат, ұмытылмастай қуаныштар мен сәтті сапар сыйлады.
Семей сапарының үшінші күні біз облыс орталығының көрікті жерлерін, музейлері мен мәдениет ошақтарын аралап, халқының қонақжайлығына, даладай дархан кең пейілі мен көңіліне тағы да куә болдық…
Бақытжан ЖҰМАТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Атырау–Астана–Семей–Астана–Атырау