Жарнама
Ғибрат

Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы

«…Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі».

Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан.

img 0472
Screenshot

Архив қорындағы тарихи құжат

Қазақтың бас ақыны Абайдың айтқан толғақты терең ойлары, адам, қоғам, әлеуметтік орта, уақытқа сәйкес қорытқан ой-пікірлері қай кезеңде де, қандай қоғамда да халқымыз үшін аса маңызды. Оның жарқын мысалдарының бірі – архив қорында сақталған тарихи құжаттардың нақтылай түсетіндігі.

Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі «Ұлы қазақ ақыны Абай (Ибрагим) Құнанбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай» мерейтойлық іс-шаралар өткізу туралы 1940 жылдың 16 мамырында № 291 санды қаулы қабылдаған (Атырау облыстық мемлекеттік архиві, 855-қор, 1-тізім, 87-іс). Бұл қабылданған қаулыдағы атап көрсетілген шаралар қазақ халқының мәдени-қоғамдық өмірінде өзіндік ерекше орын алатын еді.

Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің (ХКК) қаулысынан аңғаратынымыз, бұл айтулы датаға Үкімет тарапынан зор саяси-мәдени мән берілген. Қаулы да атап көрсетілгендей, ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуын бүкіл қазақтық мәдени мереке ретінде ерекше атап өтуге басты назар аударылған. Қабылданған қаулының тағы бір ерекшелігі, мерейлі датаға дайындықты 5 жыл бұрын бастау қарастырылған. Ұлы ақынның туғанына өткізілетін бүкілхалықтық мерейтойлық шараны 1945 жылдың 10 тамыз күні атап өту қаулының бірінші тармағында нақты көрсетілген.

Комитет құрамына кімдер енді?

Мұның да өзіндік себебі бар. Бұл даталы күн – Ұлы Абайдың дүниеге келген күні. Бүкілхалықтық шараны өз дәрежесінде өткізу мақсатында Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі жанынан Үкіметтік юбилейлік комитет ұйымдастырылып, оның құрамына Н.Оңдасынов (Юбилейлік комитеттің төрағасы, Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы), Ә.Тәжібаев (төраға орынбасары), М.Әбдіхалықов  (төраға орынбасары), Д.Кулитов (төраға орынбасары), И.Шарипов (төраға орынбасары), комитет мүшелері Жамбыл Жабаев (Қазақстанның Халық ақыны), Күләш Байсейітова (КСРО Халық артисі), В.Косунов (Қазақ КСР ХКК жанындағы Өнер істері жөніндегі басқарманың бастығы), Л.Соболев (жазушы), С.Мұқанов (жазушы), М.Әуезов (жазушы), С.Бәйішев («Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы), А.И.Шумаков («Казахстанская правда» газетінің редакторы), М.С.Сильченко (Алматы Қазақ педагогикалық институтының доценті), Х.Байұзақов (Алматы қалалық атқару комитеті Еңбекші депутаттары кеңесінің төрағасы),  С.Аманжолов (тіл маманы), жазушылар Е.Ысмайлов, А.Тоқмағамбетов, П.Кузнецов, Т.Жароков, Г.Шарипова, Г.О.Бузурбаев (ҚК (б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары), А.Мәмбетов (Қазақстан Орталық комитеті комсомол ұйымының хатшысы), Н.Ахметова (Қазақстан Орталық комитеті комсомол ұйымының хатшысы), В.А.Рождественский (жазушы), А.А.Фадеев (КСРО Жазушылар Одағы төралқасының төрағасы), С.Көбеев (мұғалім, жазушы), Е.Өмірзақов (Қазақ КСР Халық артисі),  Е.Г.Брусиловский (композитор, Қазақ КСР Халық артисі), М.И.Ритман (филология ғылымдарының кандидаты, Алматы Қазақ педагогикалық институтының доценті) енгізілген. 

Комитет құрамына КСРО Жазушылар Одағы төралқасының төрағасы А.А.Фадеев, жазушы В.А.Рождественскийлердің енгізілуі ұлы ақынның мерейлі тойын КСРО көлемінде де атап өту қарастырылғанын байқаймыз. Қабылданған қаулыда Юбилейлік комитетке бір ай ішінде ақынның туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың кеңейтілген жұмыс жоспарын жасақтап, Халық комиссарлар кеңесінің қарауына тапсыру міндеттелген және де айтулы іс-шараға Үкімет тарапынан бөлінетін қаражат сметасын қарастыру Қазақ КСР Қаржы халық комиссарлар кеңесіне жүктелген. 

Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты, Қазақстан кеңестік Жазушылар Одағы,  КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы, Қазақ КСР ХКК жанындағы Өнер істері жөніндегі басқармасы, Қазақ КСР ХКК жанындағы Мемлекеттік баспа және баспа істері басқармасы,  Қазақ КСР Радио комитеті,  Қазақстан Суретшілер Одағы, Қазақстанды зерттеу қоғамы, республикалық орталық газет және журналдар ұжымдарына жергілікті жерлерде өткізілетін аса маңызды іс-шараға тиісінше дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырылған. 

Облыстағы қызу дайындық

Ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуына орай өткізілетін іс-шараларға партия, кеңес органдары мәдени-рухани тұрғыдан  ерекше мән берді. Ал соғыстан кейін қаулы да көрсетілген іс-шараларға орай облыс көлемінде Ұлы Абайдың 100 жылдығын өткізу туралы мәдени-көпшілік шараларға ерекше көңіл бөлінген. 1945 жылдың 14 сәуірінде облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінде жарияланған «Облыс жұртшылығы Абайдың туғанына 100 толуын өткізуге дайындалуда» атты мақаладан қанық болатынымыз. 

Гурьев қалалық, аудандық партия комитеттерінің үгіт-насихат бөлімдері, қалалық, аудандық  комсомол комитеттері еңбекшілер арасында оқу үшін «Абай ұлы ақын және жаңа мәдениеттің атасы» деген тақырыпта баяндамалар мен дәрістер дайындаған. Облыстық театрда және көркемөнер үйірмелерінде айтулы шараға арналған арнайы концерт бағдарламалары жасақталған. Абайдың өмірі мен  шығармашылығы туралы радио арқылы әдейі материалдар дайындалды. Ақынның жеке өлеңдері облыстық газеттерге басуда жоспарға енгізілді. Мамыр айында облыстық музейде Абайға арналған көрме ұйымдастыру да жоспарланған. Көрмені облыстық және аудандық кітапханаларда да ұйымдастыру көзделді. 

Қаладағы №3 құрылыс басқармасының және Қазақстан мұнай құрылыс тресінің суретшілер шеберханасында Абайдың суретін салуды  ұйымдастыру шаралары белгіленді. Қалада және аудандарда оқытушылар жастар арасында  әңгіме,  әдебиет кештер өткізу шаралары назарға алынды. Мамыр мен маусым айларында  Абайға арналған ақындар айтысы да қарастырылды. Ал ақынның туған күнінде Гурьев қаласында  және аудан орталықтарында салтанатты жиналыстар өткізу жоспарланды. Салтанатты жиналысты барлық  кәсіпорындарында,  мекемелерде,  колхоздарда және мектептерде өткізу шаралары белгіленді.

Ақын жазған асыл сөз

Газет оқырмандарының ақынға арнаған өлеңдері облыстық баспасөзге жарияланып отырды. Мысалы қызылқоғалық Ш.Хайшаның «Шашу» (Абайдың 100 жылдығы қарсаңында) өлеңі жарияланды: 

Өнер алды қызыл тіл,

Әдебиет музасы.

Дарынды ақын Абай – ол,

Көркем сөздің мұрасы.

Жайып құшақ білімге,

Бер, — деп, – жеміс өмірге –

Жазды алтын өшпес сөз,

Рух беріп көңілге.

Абай жазған асыл сөз,

Еділдің тасқын суындай.

Сәуле берді халқына,

Алтын күннің нұрындай.

Ескеріп ақын еңбегін,

Өлеңнің кілтін ашайын.

100 жыл толған тойыңа,

Жырдан шашу шашайын.

1945 жылдың 10 тамыз күнгі облыстық «Прикаспийская коммуна» газетіне  (№160 (3703) М.Әуезовтың «Абай Құнанбаев – қазақ халқының ақыны және ағартушысы»  тақырыбындағы көлемді мақаласы және  15 тамыз күнгі санында (№164 (3707) «Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл (1845-1945 ж.ж.)» айдарымен жазушының «Абайдың шығармашылығы» мақаласы, ұлы ақынның «Қыс» өлеңі мен афоризмдеріне орын берілді.

Соғыстан кейінгі той-думан

Ал соғыстан кейін ақынның 100 жылдығы қалай тойланды дегенге қысқаша тоқтала кетсек. Жазушы Ә.Шәріпов «Көргенім, көңіліме түйгенім» атты естелігінде: «…Бүкіл халық көңілді. Бүкіл қала халқы Абай Құнанбайұлының туғанына  100 жыл толған мерекесіне дайындалып әбігер. Жан-жақтан келіп жатқан қонақтар. Облыстардан, туысқан республикалардан, Москвадан, Ленинградтан келуде. Мерекеге арналған кеш Опера және балет театрының үйінде өтті. Ол кешке Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов, екінші хатшысы Ж. Шаяхметов, Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов, Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшелері, мәдениет, қоғам ұйымдарының, өндіріс орындарының өкілдері қатысты.

Кештен кейін белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен үлкен концерт болды. Тамыз айының 24-і күні КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институты мен Абай атындағы Қазақ педагогика институтының Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесіне арналған ғылыми сессиясы болып өтті. Сессияны Қ.И. Сәтбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Абайдың өмірі мен шығармалары Н.Сауранбаевтың, М.Сильченконың, Ә.Мәметованың, Р.Лембергтің, Е.Ысмайловтың, А.Ахметовтың, Қ.Мұхаметқановтың баяндамаларында жан-жақты талданып, Абайтану жолындағы баға жетпес тың пікірлер айтылды». 

Баяндама жасағандардан М.Сильченко мен Е.Ысмайлов Үкіметтік Юбилейлік комитет мүшелері. Бұл айтулы шараға қаулыда атап көрсетілген комитет мүшелері М.Әуезов, А.Тоқмағамбетов, Е.Ысмайлов, К.Байсейітова қатысты. Өкініштісі, шараға халық ақыны Жамбыл Жабаев қатыса алмады. Ақын 1945 жылдың маусым айында 100 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Мерекелік шара Абай ақынның туған жерінде де жалғасын тапқан.

Түйін. 

Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезов өз уақытында: «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», — деп дөп басып айтқан осы тәрбиелік те тағылымдық сөзі күні бүгінге дейін біздер үшін де, келер ұрпақ үшін де  өзекті болып қала бермекші. Ұлы Абайдың айтқан «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» дегенін санамызға сіңіру үшін билік жүйесі де, қарапайым халық та орындайтын негізгі қағидалар ретінде сөзсіз қабылдаса бүкіл болмысымызбен  рухани жаңғыруымыздың орындалғаны деп білген жөн.

Аққали АХМЕТ, 

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button