Газетті жүрекпен оқитын жан
Қай басылым да оқырман қолына жеткенше редакциядағы түрлі мамандардың сан сүзгісінен өтетінін осы салада жүргендер біледі. Әсіресе, күнделікті ақпаратты аждаһадай жұтып жататын газеттің өмірі тығындалмайтын өңешін толтырумен журналистер айналысса, газеттің орфографиялық, грамматикалық айна-қатесіз шығуында бет құрушылармен қатар корректорлардың да өлшеусіз еңбегі бар.
«Арық атқа қамшы жау, жыртық үйге тамшы жау» дегендей, мерзімді баспасөздің басты «жауы» – «ұры» әріптер. Міне, «атыраулықтар» үшін санаулы күндерден соң елудің ескегін ескелі отырған корректор Алтын Шомажанованың орны бөлек. Басылым бетінен оның қолтаңбасы ұдайы көрініп тұрады.
– Бәлкім, сырт көзге біліне бермес, бірақ корректорға жүктелер міндет тым жоғары. Кейде «қате – ұры» деп өзімізді жұбатып қоямыз. Дегенмен, газеттердегідей, сайттарға да корректор қажет. Кейбір сайттарды оқып отырғанда пунктуациялық, орфографиялық, грамматикалық қателерден көз сүрінеді. Бұл жағдай жалпақ жұртқа байқалмауы мүмкін. Алайда, ол сөзбен, мәтінмен жұмыс істейтін мамандардың көзіне «менмұндалап» көрінетінін қайтерсің… Сондықтан бұл жұмыс барынша сауаттылықты әрі қатені қалт жібермейтін қырағылықты талап етеді. Қайткенде де, қатесіз мақала – оқырманға деген құрмет, — дейді бүгінгі кейіпкеріміз.
Рас-ау, бір жұрнақ, бір жалғау, кейде орынсыз қойылған үтірдің өзі мүлдем басқа мағына береді. Үтірді дұрыс қоймасаң, бәрі өзгеріп кетеді. Айтса айтқандай, бір журналист қате жазса, оны оқып отырған қаншама оқырман қате сөйлеп, сауатсыз жазады. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдары – халықтың тілін, сауатын қалыптастыратын идеологиялық құрал ғой.
Алтын Қайырлықызы ғасырлық тарихы бар ата басылым «Атырауда» он сегіз жыл бойы тер төгіп, еңбек етіп келеді. Газет материалдарын мұқият оқып, қатесіз шығуына үлес қосып, оқырмандар құрметіне бөленіп жүр. Ұстаздар отбасында өмірге келген Алтын Шомажанова газеттің не екенін жастайынан көріп, біліп өсті. Оның айтуынша, есін білгелі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әкесі Қайырлы мен математик Әсем анасының қолы қалт етсе газет қарап, ішіндегі мақалалар мен жазбалар туралы пікірлесіп отырады екен. Осы көрініс көз алдында мәңгілікке сақталғанын айтады. Сол себепті де ол басылымда еңбек етуді өзіне мәртебе санайды.
– Қоғам дамуында, жалпы идеологияда облыстық «Атырау» газетінің беделі басым болатын. Уақыт ағынымен өлкелік газет жұмысын өрлетіп келе жатқан редакцияда еңбек ету – мен үшін мақтаныш. Оның үстіне 2006 жылы «Атырауға» корректор болып орналасқанымда әкем Қайырлының ерекше қуанғаны бар. Ол кезде бас редактор Нұрлан Қабылов болатын. Әкемнің көзін көрген жан болғандықтан шығар, ол кісі еркелігімді көтерді, еңбекте де шыңдады. Мінезі кең, жастарға үйретері мол жанға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Бұрын облыстық газеттер аптасына үш мәрте шығатын. Жұмыс өте ауыр, газет шығатын күні бозала таңға дейін редакцияда қона жататын кездер жиі кездесетін. Редакция аурасының құдіреті ме, дегенмен, бір шаршауды білмейтінбіз. Күліп-ойнап, осы жерде ас-суымызды ішіп, қона жатып, газет шығарған күндер мен түндер үшін еңбегіміз еленіп, басылымымыз да, ондағы қызметкерлер де әркез марапаттарға ұсынылып, мадақталып, ұлығыланып жатамыз. Осындай құрметке бөлеген тағдырыма ризамын.
Газеттің жұмысы қызықты әрі қиын, жауапты. Нөмір шығарар алдындағы қарбаласты айтып жеткізу мүмкін емес. Мақала жазылады. Оқылады. Тексеріледі. Түзеледі, теріледі, тазартылады. Оқылады. Тағы түзеледі. оқылады. Қол қойылады. Нөмір жоспарланады, макеттеледі. Мақалалар бетке түседі. Оны корректорлармен бірге кезекші редактор оқиды. Тағы түзеледі. Бұл – күнделікті көз майын тауысатын жұмыс көрінісі. Дегенмен, жұмысымды жақсы көремін, — деген әріптесіміз өткен шақты еске алды.
Стилистикалық қатені бас редактор, бас редактордың орынбасары жөндейді. Мақаланың құрылымын, стилистикасын, сөйлемдердің байланысын, бір ойдың қайталанбауын қадағалайды. Қалған қатені корректор қарайды. Жаңа нөмірдің соңғы нүктесі қойылар сәтінде газеттің әр бетіне қайта-қайта үңіліп тексереді. Оқырман алдындағы жауапкершілік жүгі жеңіл емес қой.
Бала шағынан-ақ атына қанық газет редакциясында «мылтықсыз майдан» жүгін үлкен жауапкершілікпен алып келе жатқан, есімдері елге жатық ардагер журналистермен етене еңбек етудің сәті түскенін де өз өміріндегі сәттілік санайды…
Ал, ендігі арманы ұлы Аманбектің қызығын қызықтап, бақытына бөлену.
Туған күніңіз құтты болсын, Алтын Қайырлықызы!
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ