Жойылуға шақ тұрған Жайық өзені: Депутат Дүйсенбай Тұрғанов нақты іс-шараларды айтып берді
Республика Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына Дүйсенбай Тұрғановтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты 14 қазан күні депутаттық сауал жолдап, Жайық өзені мен Атырау және Ақтөбе облыстары аумағындағы шағын өзендерді сақтап қорғау жөнінде ұсыныстарын айтқан болатын. Ол туралы біз газеттің 15 қазандағы санында «Жайықтың жанайқайы» деген тақырыппен жазған едік. Кеше бұған Үкімет басшысының орынбасарынан жауап келгенін депутат Дүйсенбай Тұрғановтың өзі редакциямызға хабарласып айтты.
Батыс өлкесіндегі су ресурстарының хал-күйіне алаңдаған депутаттарға вице-премьер Жайық өзені бассейніндегі экологиялық ахуал Үкіметтің ерекше қадағалауында тұрғанын айтады. Соңғы жылдардағы құрғақшылық, тіпті, қыс пен көктемде де ылғалдың болмауы жағдайды тым ушықтырып отыр.
Сондықтан, Үкіметте Жайықты ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектісінің санатына қосу жөнінде Ресей Федерациясымен бірлескен шаралар жасақталып жатыр. Өйткені, 1996 жылдың 20 маусымында қабылданған Жайық өзені бассейніндегі су шаруашылығы қызметін үйлестіру, трансшекаралық су нысандарын қорғау және бірлесіп пайдалану жөніндегі хаттамада көрсетілгендей емес, Ресейден келетін өзен суының жыл сайынғы нақты деңгейі 2017-2020 жылдар аралығында 10,6 текше шақырымнан 4,5 текше шақырымға дейін төмендеп кетті. Ал, Жайықтағы жылдық су жинау көрсеткіші – 2-ден 0,5 текше шақырым ғана.
Хаттамаға сәйкес, 50% сумен қамту – 7,79 км3, 75% қамту – 5,360 км3, 95% сумен қамту – 2,97 км3 болуы шарт.
Жайық өзені бассейніндегі су шаруашылығы ахуалын жақсарту, экожүйені сақтап, қалпына келтіру мәселелері осыған қатысты Қазақстан мен Ресей арасында жасалған 2021-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаның ауқымында қарастырылып жатыр. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін техникалық жобалауы жасалған. Екінші бағытты жүзеге асыру үшін өзен бассейніндегі ластану мен экологиялық жүйеге залал келтіретін басқа да факторларды анықтау мақсатында ке-шенді зерттеу жасалды. Соның нәтижесінде Ба-тыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында судың сапасы 4-5 сыныпқа жататыны анықталса, Атырау облысында 1-4 сыныпты сападағы суды тұтынуға мәжбүр. Ал, атмосфералық ауадан сынама алғанда, ластаушы заттардың шектеулі концентрация мөлшері өз деңгейінен ауытқымапты.
2020 жылы қазан айында ірі өзендер (Жайық, Ертіс, т.б.) бассейндерінде зерттеулер жүргізу мақсатындағы ынтымақтастықты арттыру жөнінде Бірыңғай жол картасы бекітілген. Биыл 3 ақпан күні сол картадағы шараларды әр тармағына дейін егжей-тегжейлі жүзеге асырудың нақтыланған жұмыс кестесіне де қол қойылды.
Жайықтағы балықты көбейту үшін су арналарын қайта жаңғырту және суландыру, орман-тоғайды молайту, жаға бекіту, түбін тереңдету, тазалау, бекіре тұқымдас балық шабақтарын жіберу шаралары да тек біржақты емес, Ресей мен Қазақстанның әрқайсысы өзінше жасап жатыр.
Ал, вице-премьер Р.Склярдың жауабына сүйенсек, Ойыл өзені мен оған құятын сай-сала бойынан 10 республикалық, 4 коммуналдық меншіктегі, одан бөлек 5 көпір, 5 бұлақ және 34 иесіз плотина – барлығы 54 нысанға зерттеу жасалыпты. Қазір 12 нысанды ауыл шаруашылығы мақсаты үшін коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. 6 плотина бұзылған. Қалған 16-сын бұзу және тазалау шаралары алынуда.
«Бүгінде Шұбараласай өзеніндегі көпірдің су өткізу қабілетін ұлғайтудың қажеті жоқ. Шығырлы өзеніндегі №6 көпір коммуналдық меншікке берілген. Ал, Шилі мен Кенжалы көпірлері бойынша жергілікті билік органдары тиісті жұмыстармен шұғылданып жатыр. Ойыл өзенінің арнасынан заңсыз салынған көпір толық жойылған» делінген жауап хатта. Роман Васильевичтің түсіндіруінше, Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Ойыл аудандарындағы бұлақ көздерін тазалау жұмыстары жасалған.
Атырау облысының аумағындағы «Тайсойған — №929 мемлекеттік ұшу сынақ орталығы (ГЛИЦ-МҰСО)» полигонының солтүстік бөлігін бұрын Ресей Қорғаныс министрлігі жалға алып отыр еді. 2016 жылдың 22 ақпанында ратификацияланған сынақ полигондарын жалдау және пайдалану жөніндегі келісім-шартқа сәйкес, ресейлік әскерилердің құзырында болған 749,6 мың гектар аумақтың 624,6 мың гектары (83,3%) Қызылқоға ауданына қайтарылды. Осы аумақтағы топырақ пен судың құрамын зерттегенде, «ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға жарамды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз» деп қорытынды жасалған.
Келесі жылы «2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары» арқылы Тайсойған кен алаңына толық барлау жасап, жобалау-сметалық құжаттамасы жасалуы тиіс. Қазір осыған байланысты гидрогеологиялық түсірілім мен қосымша зерделу жасалып жатыр. Егер зерттеу жақсы нәтиже берсе, аудан халқын ауыз сумен қамтудың проблемасы шешімін табады. Сонымен қатар, жер қойнауындағы су қоры су жинағыш кешен салудың қажеттілігін де анықтап бермек.
Әр жылдардағы зерттеулер анықтағанындай, республика бойынша суы далаға ағып жатқан 2218 иесіз гидрогеологиялық ұңғы бар, соларды бітеу керек. Оның 299-ы Маңғыстау, 278-і Ақтөбе, 180-і Атырау, 38-і Батыс Қазақстан облысында.
Биыл суы далаға ағып жатқан 151 ұңғыны бітеу үшін әжептәуір қаржы жұмсап, жобалау-сметалық құжаттамасы жасалған. Батыс өңірінде 93 ұңғыны бітеу үшін құжат желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс.
Құжаттардың қалғаны алдағы жылдары дайын болмақ. Ол кезде бюджет, экологиялық ерекшеліктер, басқа да мүмкіндіктер ескерілетініне дейін вице-премьер өз жауабында көрсеткен. Табиғи қорды бұдан әрі жоғалтпас үшін бірінші кезекте ең суы көп және қоршаған ортаға зияны мол радионуклидті су шығатын ұңғылар ауыздықталады.
Әрине, Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың Парламент Мәжілісінің депутаттарына берген жауабы мамандар көзімен алғанда өте дұрыс. Ал, қарапайым ауыл тұрғындары мұның пайдасын қашан көретіні әзірге белгісіз. Өйткені, қазір су алтынға пара-пар.
Өз тілшіміз