Жайық өзеніндегі балық қырылуының алдын алу жұмыстары жүргізілуде
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаппай балық қырылу фактілерін болдырмау мақсатында маусым айынан бері жүйелі жұмыстар атқаруда.
Биыл көктемде Жайық өзеніне өр суының мол келуіне байланысты өзен арнасынан тасып, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында төтенше жағдай жарияланған болатын. Тасқын кезінде өте көп мөлшерде балық пен балық шабақтары жайылма сулар мен су арналарына тараған.
Маусым айынан бері инспекция мамандары Атырау облысының аумағындағы жайылма сулар мен «Соколок», «Теплый», «Приморский», «Моломокрый», «Сарыөзек», «Құрсай» арналары, сондай-ақ Атырау-Астрахань, Атырау-Доссор, Атырау-Индер, Атырау-Орал тас жолы бойындағы көлшіктерде мониторинг жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Шабақтардың қырылу қаупі туындаған жағдайда, оларды құтқару шаралары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарылып жатыр.
Инспекцияның ұйымдастыруымен 95 387 095 дана балық пен балық шабақтары құтқарылып, табиғи мекені Жайық және Қиғаш өзендеріне жіберілді. Құтқарылған шабақтардың орташа салмағы 14 граммды құрайды, бұл шамамен 1335 тонна балықты құрайды.
Құтқару жұмыстарына инспекция мамандары, жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы субъектілері, «Арнаулы Авто База» ЖШС қызметкерлері, еріктілер, Атырау облысы аумақтық қорғаныс бригадасының N92245, N5546 әскери бөлімдерінің сарбаздары мен «Ақжайық» табиғи резерватының қызметкерлері жұмылдырылды.
Атырау облысының тұрғындарына су арналары мен жайылма суларда тірі немесе өлі балықтарды анықтаған жағдайда, инспекцияға немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлау керектігі түсіндірілуде.
Қазіргі уақытта инспекция мамандары су айдындарында, жайылма суларда және су арналарына күнделікті бақылау жүргізіп, балық шабақтарын құтқару жұмыстарын жалғастыруда.
А.ЖҰМАШЕВ,
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы