Жағымсыз иіс, сасық ауадан қашан құтыламыз?
Қолқаны қапқан жағымсыз иіс тұрғындардың мазасын қашырды. Көпшілік жүрек айну, бас айналу секілді улану белгілері байқалғанын айтып, шағымданып жатыр. Бұқараның былайша дабыл қағуы бекер емес екен. Сейсенбі күні таңертең атмосфера құрамындағы күкіртсутектің мөлшері қалыпты жағдайдан бірнеше есе асып кеткендігі белгілі болды. Жергілікті журналистер, қоғам белсенділері осы проблемаға орай экология департаментіне арызданған еді. Енді олар заңды түрде өздерінің наразылықтарын білдірмек ниетте. Мамандар сасық иістің «квадрат» булану алаңынан тарағанын айтады. Десек те, өндіріс ортасында отырған мұнайлы өңір халқының мұңы мұнымен шектеліп қалмасы анық.
«КВАДРАТТЫҢ» БҮГІНГІ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
Иә, мұнай компаниялары көптеп шоғырланған аймақтың экологиялық ахуалы сын көтермейді. Терезе ашып, таза ауамен тыныстаудың өзі арманға айналған атыраулықтар күрмеулі проблеманы ашық айтып та, жазып та жүр. Алайда, халықтың денсаулығынан бұрын пайда мен табысты алдыңғы кезекке қойған кезде көп мәселенің аяқсыз қалатыны өкінішті. Көпшілік сасық иістің Атырау мұнай өңдеу зауыты жағынан келетінін айтуда. Бірақ, АМӨЗ өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында зауыттың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, ауаға ешқандай лас қалдық шығармағанын ресми түрде жариялады.
Атырау облысы бойынша экология департаменті 28 наурыз күні орын алған жағдайға байланысты атмосфералық ауа сапасына бақылау жасап, мониторинг жұмыстарын жүргізді. Талдау қорытындысында белгілі болғандай, жел солтүстік-батыстан соққан. Атмосфералық ауа температурасы +13С, қысым 756, ылғалдылық 73% және желдің жылдамдығы 10 м/с құрады. Ал, Атырау қаласының оң жақ бөлігінде «Квадрат» булану алаңы орналасқан. Осыған орай, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Атырау облысы бойынша экология департаменті «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодарский речной порт» ЖШС өкілдерімен бірге алаңға барып, ауа сынамасын алды. Оның нәтижесінде, күкіртсутектің атмосфераға шамадан тыс тарағанын анықтады.
Бұл дерек бойынша департамент заң аясында шара қолдану үшін облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментіне хат жолдамақшы. Ал, «Квадраттың» бүгінгі жайы қалай? Атырау қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы , жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұхамбетәлиевтің айтуынша, «Квадрат» буландыру алаңы облыс орталығынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Өткен жылы конкурс қорытындысы бойынша «Павлодарский речной порт» ЖШС-і жеңімпаз деп танылған.
Былтыр республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа мердігер мекеме алаңға үш «Water Master» құрылғысын апарыпты. Яғни, су түбіндегі 94 мың текше метр топырақтан шамамен 1 400 метр жерге бөгет салынып, алты биоплато суару арнасы жырылған. 163 076 текше метр топырақ төгіліп, ұзындығы метрді құрайтын қорғаныш бөгеттері тұрғызылған. Жалпы көлемі 209 мың текше метр болатын лас шөгінді тұнбалары алынып, тазартылды. Биыл 1,5 млн. текше метр болатын лас шөгінді тұнбаны алып, тазарту, 115 мың текше метрді құрайтын технологиялық алаңдар құру жоспарланған», дейді Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұхамбетәлиев.
СЕНІМ МЕН КҮДІК
«Бір қызым бір қызымнан сорақы» демекші, қолаңса иістің «көкесін» Атырау мұнай өңдеу зауытына барғанда сездік. Лас ауаның кеудені тарылтқаны соншалық, біраз уақытқа дейін өткір иістен тыныс жолдарын тазарта алмай дел-сал болдық. Бұл жолы зауыт мамандары қоғамдық экологиялық кеңес мүшелерін «Tazalyq» жобасы аясындағы жабық типтегі ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын жаңғыртудың I кезеңімен таныстырған еді. Жалпы, өндірістен шыққан ағынды суларды тазартуға бағытталған жоба жайында бұған дейін де жазған едік. Бүгінде механикалық тазарту қондырғысын жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталып, іске қосылыпты.
Қазір қондырғының сағатына 1000 текше метр сарқынды суды тазартуға мүмкіндігі жетеді. Қайта жаңғырту жұмыстары 2021 жылы ескі механикалық тазарту қондырғыларын, оның ішінде қосымша тұнба тоғандарын, мұнайбөлгіш пен жерасты коммуникацияларын демонтаждаудан басталды. Ашық типтегі механикалық тазарту қондырғыларының орнына механикалық сусыздандыру ғимараты, мұнай шламдарына арналған резервуарлар, екі сорғы станциясы, құм ұстағышы бар тұндырғыш, трансформаторлық қосалқы станция және көбікпен сөндіру блогы салынған.
Бүгінде механикалық тазарту қондырғыларын жаңғыртудың ІІ кезеңі шеңберінде ағынды суларды орташалау және флотация блоктарын салу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысандар жыл соңында аяқталмақ.
– Ағынды сулар алдымен механикалық тазалау қондырғысынан өтеді. Яғни, судан мұнай қалдықтары бөлінеді. Содан кейін биологиялық әдіспен тазартылады. Егер ол нормаға сай болса булану алаңына жіберіледі. Болашақта осы судың 15 пайызын өндіріске қайтарып, техникалық су ретінде қолданамыз деген жоспарымыз бар. Бүгінде бізге Жайықтан жылына 11 млн. текше метр су алуға лимит берілді. Қазір нақты 8 милллион текше метр су пайдаланып отырмыз, — деді Атырау мұнай өңдеу зауыты су тазарту өндірісінің бастығы Қанат Сағызбаев.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін «Еуропалық қайта құру және даму банкінен» 80 млн. АҚШ доллар несие алынған. Яғни, күні бүгінде осы 34 млрд. теңгенің 15 млрд. теңгесі–механикалық тазарту қондырғысын қайта жаңғыртуға, 5 млрд. теңгесі – булану алаңына, қалғаны 2006 жылы іске қосылған биологиялық тазарту қондырғысын жаңартуға жұмсалмақшы. Рас, зауыт мамандары тазалау қондырғылары жаңартылғаннан кейін булау алаңына жіберілетін ағынды сулардың тазаратынын, оның нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемі азаятынын айтады. Бірақ, қазірдің өзінде бірнеше әдіспен тазаланатын судың бетінде мұнай қалдықтарының қалқып жүруі сенімнен гөрі күдікті көбірек ұялатады. Мұнайлы өлкенің экологиялық мәселелерін жиі көтеріп жүрген қоғам белсендісі Арман Хайруллин зауытта өткен экологиялық кеңесте бірнеше мәселені ортаға салды.
Р.S: Өңір экологиясына алаңдаған табиғат жанашырлары мен қала тұрғындары ауаға шығарылып жатқан зиянды қалдықтардың кесірін айтып дабыл қағуда. Алайда, әзірге оны естір құлақ болмай тұр. Айтпақшы, облыс әкімдігінің жанынан қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссия құрылатын болды. Олар аймақ экологиясына қатысты іс-шаралардың орындалысын тыңдап, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұсыныстарды орталық мемлекеттік органдарға жеткізбекші.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген автор