Жағымсыз иіс, лас ауадан қашан құтыламыз?
Қазақстан Республикасы экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды басқару бағдарламасын жасақтауы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ешбір аймақта, соның ішінде Атырау облысында да бұл бағдарлама әзірленген жоқ. Аталған бағдарлама 2021 жылғы 9 тамыздағы аталған министрліктің «Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» №318 бұйрығы негізінде дайындалуы керек екен. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті.
АЛПАУЫТ КОМПАНИЯЛАРҒА ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ
Журналистерді толғандырған мәселенің бірі – өңірдегі алпауыт компаниялардың атмосфералық ауаны жиі-жиі ластап, экологиялық заңдылық талаптарын бұзуы еді. Сауалға жауап берген Зүлфия Болатқызы елімізде қабылданған Экологиялық кодекске енгізілген арнайы заң нормасына сәйкес, енді экологиялық талаптарды бір жылдың ішінде жүйелі түрде бұзған шетелдік және отандық табиғат пайдаланушы компаниялар қатаң жауапкершілікке тартылады.
Яғни, бір жылдың ішінде бірнеше рет ауаға зиянды қалдықтарды шығарған зауыт қожайындарын құзырлы органдар тиісті жауапкершілікке тарта отырып, олардың экологиялық рұқсатын алып қоюға және сол арқылы жұмысын белгілі бір мерзімге тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл ретте министр өткен жылғы Атырау мұнай өңдеу зауытында орын алған жағдайды еске түсірді. Онда өндіріс орны үш рет алауды ашық ауада жаққаны үшін соттың шешімімен кінәлі деп танылып, жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Дәл осы тектес шараны егер заңдылық талаптарын қайта-қайта өрескел бұзса, онда ТШО, НКОК секілді шетелдік компанияларға да қолдануға болады.
Бұл айыппұл салса да айылын жимай отырған алпауыттарға ащы сабақ болса керек. Алпауыт компаниялар демекші, олар табиғатты пайдаланушы ретінде қоршаған ортаға келтірген зиянның орнын толтыруға да міндетті екен. Оның бір тетігі – көгалдандыру жұмыстары. Сол арқылы аймақты жасыл желекке бөлеуге болады.
Бұл жөнінде журналистердің сауалына жауап берген Экология министрі З.Сүлейменова өз жауабында айтты. Осы орайда компанияларды бұл жұмысқа міндеттейтін заңдылық талаптары да жоқ емес. Министрлік бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлім етті. Тек ТШО мен НКОК секілді ірі шетелдік компанияларға жасыл желек отырғызатын арнайы жер телімдерін беру керек. Осы жерде айта кетер жайт, жергілікті Жылыой жұртшылығының белсенді азаматтары кезінде «Теңізшевройл» ЖШС құрылған алғашқы жылдарданақ құзырлы органдарға шығып, Құлсары мен Теңіз кеніші аралығындағы жəне сол маңдағы елді мекендерге қатынайтын тасжолдардың бойына көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныс жасап келген-ді. Бірақ, ол кезіндегі компания жетекшілері мен жергілікті атқарушы орын тарапынан қолдау таппай қалды. Министрдің сөзінен кейін, бұл мəселе қайта жанданар деген ойдамыз.
АЙЫППҰЛ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Журналистерді табиғат пайдаланушы компанияларға салынып жатқан айыппұлдардың қайда жұмсалып жатқаны жəне аталған қаржының экологиялық ахуалды сауықтыруға неге бөлінбейтіні қызықтырды. Зүлфия Болатқызының айтуынша, бұл мəселе жаңа Экологиялық кодексті реформалау кезінде Мəжілісте талқыланып, бірнеше мəрте көтерілген.
Бірақ та, министр қабылданған Экологиялық кодекс талаптарына сəйкес, жергілікті əкімдіктер эмиссиялар үшін төленетін қаражатты толықтай өздері пайдалануға мүмкіндік алғанын атап өтті. Міне, осы эмиссиядан түсетін қыруар қаражатты табиғат қорғау іс-шараларына жұмсауына болады. Ол үшін облыстық əкімдік Экология министрлігімен келісе отырып, облыстық мəслихат арқылы табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарын бекітуі керек. Ол қоғам үшін ашық əрі жария түрде жүзеге асуы тиіс.
Министрдің мəлімдеуінше, Атырау аймағындағы жыл сайынғы эмиссиялардың жалпы түсімі ондаған млрд. теңгені құрайды. Бұл өңірдегі бүлінген экологиялық ахуалды сауықтыру үшін жеткілікті қаржы екені белгілі. Аудандардан, соның ішінде мұнайгаз өнімдерін бірнеше ондаған млн. тонналап орасан көп көлемде өндіріп отырған өндірісті өңірлерде қоршаған ортаны қорғау бөлімдерін ашу жөніндегі журналистердің ұсынысын құп алған министр Зүлфия Сүлейменова бұл мəселені алға қарай республикалық деңгейде əлі де пысықтай түсетінін жеткізді. Əзірге Жылыой секілді алып кен орны бар ауданға қазірдің өзінде облыстық экологиялық департаментінен бір маман бөлініп, жергілікті жердегі экологиялық жағдайды қадағалау үстінде.
Брифингте Атырау жұртшылығын қатты алаңдатып отырған Жайық өзенінің тағдырына ерекше маңыз берілді. Зүлфия Болатқызы бұл ретте Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық өзендерді пайдалану жөнінде екі бірдей комиссия құрылып, жұмыс жасап жатқанын жеткізді.
Оның бірі – өзен суын сақтау жөнінде болса, екіншісі Жайықтың экожүйесін қалпына келтіру бағытында жұмыс жасайды. Оның алғашқысы бойынша мемлекетаралық өзен суын екі жаққа тиімді етіп бөлу мəселесі реттеледі. Екіншісінде Жайық суының сапасын сақтау мақсатында оны зерттеу, экологиялық жүйесін қадағалау, қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен бірге министр осы мəселемен тікелей шұғылданып жүрген қоғам белсенділерімен де кездесіп, олардың ұсыныс-пікірімен санасып отыратынын жеткізді. Соның нəтижесінде өзеннің қазіргі жай-күйіне əсер етіп отырған экологиялық факторларды саралап, тиісті іс-шаралар жоспарын жасақтау мақсатында жұмысшы тобы құрылатынын хабарлады. Əрине, брифингте бұдан да өзге мəселелер қозғалды.
Ұзақ жылдар бойына мұнай-газ өндіріп, ластанған Атырауды экологиялық қауіпті аймаққа жатқызу, ауасын тазарту мəселелері, заңды түрде жəне заңсыз пайда болған қоқыс полигондары, олардың санитарлық талаптарға сəйкестігі, ондағы қалдықтарды сұрыптау, эмиссия тарифі жəне оны субсидиялау, аймақтағы су тапшылығы, соның ішінде тұщы су көздерінің жетіспеушілігі секілді өзекті проблемалар көтерілді.
Журналистер мен əлеуметтік желіден келген сауалдарға орай еліміздің Экология жəне табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова нақты деректерге сүйене отырып, тұшымды жауап берді.
Ербол ҚОШАҚАНОВ