ЖҰТАР АУАМЫЗ ЖҰПАР БОЛСЫН!..
Сотқа жүгінудің сыры
Жыл басынан бері облыстық экология департаменті сотқа 58 талап арыз жолдаған. Соның әрбір бесіншісі қанағаттандырусыз қалып отыр. Бұған аталған құрылым инспекторларының тексеруді дұрыс жүргізбегендігі, экологиялық заңдылықты бұзушыны анықтай алмағандығы себепші екен.
Облыстық прокуратураның соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқармасының бастығы Бағытжан Қалиев осыған орай нақты дәйектер келтірді. Мысалы, экология департаменті «Теңізшевройл» ЖШС-нен 89 миллион теңге залалды өндіруге әрекеттенеді. Алайда, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап арызды қанағаттандырмапты. Мәселенің мәнісін алқалы жиында прокурор былайша түсіндірді:
— Экология кодексінің талаптарына сәйкес, қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау «тура әдіспен» айқындалады. «Жанама әдіс» тура әдісті қолдану мүмкін болмайтын жағдайларда ғана қолданылады. Алайда, мемлекеттік экологиялық инспекторлар көбінде алғашқысын емес, негізсіз соңғысын (яғни, «жанама әдіс») пайдаланады. Нәтижесінде, сотта дау туындап жатады, — деді прокурор.
Сотта анықталғаны, былтырғы жылдың 30 маусым күні ТШО-ның Т-10 ұңғымасынан мұнай төгіледі. Бұл туралы талап қоюшыға (экология департаментіне) 2 шілдеде хабарланған. Алпауыт кәсіпорын өзінің күшімен ұңғыманың жанындағы ластанған жерді тазалауды қолға алып, оны 31 шілде күні аяқтайды. Содан бері арада бір жыл уақыт өтеді. Солай болғанымен, экология департаменті кейін «Теңізшевройлды» сотқа береді. Ал, сот биылғы 13 қыркүйегіндегі шешімімен, жоғарыда айтылғандай, арызды қанағаттандырмаған. Өйткені, өндіріс ошағы, залалдың орнын өзі жойған болатын. Заңның сақталуын қадағалаушы орын өкілдері соттың тиісті заңдылықтарға сай шешім алғанын айтып отыр. «Бонатти» компаниясына қатысты да осындай олқылық бар.
Мәлімет неге ала-құла?
Алқалы жиында негізгі әңгіме «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның төңірегінде өрбіді. Бұған ерекше себеп те бар еді. Облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаевтың пікірінше, аталған кәсіпорыннан экология департаменті алдыменен 324 миллион теңгені даулайды. Экономикалық соттың шешімімен талап арыз қанағаттандырылады да. Алайда, көп ұзамай облыстық апелляциялық сот алқасы әлгі шешімнің күшін жойған. Мемлекет пайдасына өндірілетін ақшаның көлемі 324-тен 2 миллион теңгеге бір-ақ түскен. Мұның себебі неде? Жер мен көктей айырмашылықтың шығуына не себеп? Прокуратураның басқарма басшысы Б.Қалиевтың айтуынша, осындай олқылықтың туындауына департаменттің мамандары кінәлі. Олар алғашқыда жаңылысып, қате дерек ұсынған.
Облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов бұл жағдайды өзгеше түсіндірді. «Ембімұнайгазды» тексеру кезінде ауаға жіберілетін лас қалдықтар шығарындыларының нақты көлемі көрсетілген. Сол бойынша кәсіпорынға 324 млн. теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Соттың алғашқы отырысында экологтар жеңіп шыққанымен, келесі жақ қайтадан шағымданған. Бұл кезде мұнай компаниясы алғашқыдан тіптен өзгеше дерек ұсынған көрінеді. Қорытындысында, айыппұл қайтара есептеліп, ол 2 миллион теңгеге төмендеген. Департамент басшысы осыншама түсіндіріп баққанымен, прокурорлар «мәселені қайтадан тексереміз» деп шешті. Өйткені, айыппұлдың салған жерден 162 есеге кемуі құзырлы орындардың күдігін туғызып отыр.
Міндет көп, талап аз
Департамент басшысы Ербол Қуанов заңның олқы тұстарына айрықша тоқталды. Табиғат пайдаланушылар оны өздерінің ыңғайына қарай шебер пайдаланатынға ұқсайды. Ірі кәсіпорындар көлденең жағдай туралы департаментке хабарлауға асықпайды екен. «Оларды осы үшін жауапкершілікке тартуға дәрменсізбіз» дегенді айтты департамент басшысы.
Алқа мәжілісінде қоршаған ортаға жауапты мекеменің проблемалары да аз еместігі белгілі болып қалды. Соның алғашқысы — кадр мәселесі.
— Біздің құрылымға адамдар көп келе бермейді. Өйткені, мемлекеттік қызметтің жалақысы аздығы белгілі. Мемлекеттік инспекторлар тәжірибе жинақтағаннан соң, шетелдік компанияларға кетіп жатады. Қазіргі күнде бізде бес бос жұмыс орны бар, — деді Ербол Бисенұлы.
Мемлекеттік инспекторларға департамент басшылығы тарапынан талаптың нашарлығы да прокурорлардың назарынан тыс қалмады. Олар тексерген жерлерінен материалын жинақтап әкелетінін естідік. Дегенмен, «мамандардың жұмысының нәтижесі қандай, не бітіріп, не тындырды?» деген сауалдар тиісті басшылықтың тарапынан қойылмайтыны байқалды. Сонымен қатар, аталған департамент өкілдері су астында қалған, экологияға үлкен зардап әкелетін ұңғымаларға қатысты нақты нәтижеге қол жеткізе алмағандығы белгілі болды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, осы себептен мәселені облыс басшысының өзі қолға алып, Елбасының алдына қойған. Соның нәтижесінде ғана бүгінде ауқымды жұмыстар қолға алынуда.
Алқа мәжілісінде қоршаған ортаны жақсарту мақсатында облыстық экология департаменті белсендірек қарекет етуі қажеттігіне назар аударылды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.