Жарнама
Экология

ЯДРОЛЫҚ ҚУАТТАРДЫ – БЕЙБІТ МАҚСАТҚА!

 

— Тілепқазы Жұмағазыұлы, Қазақстан тәрізді өзге мемлекеттер де ядролық қарудан бас тартуы мүмкін бе?

— Алдымен, ядролық қуатты қолдану аясына тоқталып көрелік. Қазір дүние жүзінде энергетикалық қуаттарды шығару үшін негізінен көмірсутегі шикізаты кеңінен пайдаланылып келеді. Бірақ мұнай мен газ қоры шексіз емес. Ерте ме, кеш пе оның да сарқылатындығы жөнінде әлем ғалымдары дабыл қағуда. Ал, жаңа кен орындарын іздестіру, кейін оларды қатарға қосу, қоршаған ортаға қауіпсіз игеру қыруар қаражатты қажет етеді. Қаншама жаңа технология қолданылғанымен, тосын жайлар жиі кездеседі. Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінің өнімін әлі ала алмай отырғанымыз – соның дәлелі.

Оның үстіне, көмірсутегі шикізатын өндіру қоршаған ортаға да кері әсерін тигізеді. Мұнай мен газды қаншалықты көп өндірсек, табиғатқа да соншалықты көп зиян келтіреміз. Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнына қатысты жиі сын айтылатыны да сондықтан.

Міне, осы тұрғыдан таразылағанда ядролық қуаттарды көбірек пайдаланған жөн екендігі күмәнсіз. Ол, сайып келгенде, мұнай мен газды қолдану арқылы алынған энергетикалық қуаттардан әрі әлденеше есе арзанға да түседі, әрі экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Бұл — ядролық қуаттарды бейбіт мақсатқа пайдалануға қатысты айтылған тұжырымдар. Әрине, аса сақтық қажеттігі, технологиялық процесте ешқандай ауытқушылық болмауы шарт. Әйтпесе, әлемнің әр түкпірінде орын алған оқыс оқиғалар мыңдаған адамның өмірін қиды. Міне, осы ретте, яғни экономикалық тұрғыдан тиімді энергия көзі болғандықтан, бүгінде ядролық қуаттарға ие мемлекеттер одан жаппай бас тарта қоймас. Бірақ оны тек бейбіт мақсатта пайдалануы тиіс. Бұл үрдістен атом энергиясын шағаруға шикізаты мол Қазақстан да шет қалмауы ықтимал. Бүгінде оны бейбіт мақсатта тұтыну мүмкіндігі талқылануда.

Әйтсе де, мәселенің мәнісі — ядролық қуаттарды жаппай қырып-жоятын қару ретінде пайдаланудан бас тартуда. Сол сынақтардан зардап шеккендер аз ба? Тек қана Семей полигонында болған жарылыстардан жүздеген адам көз жұмды. Тіпті, соның салқыны қазір де сезілуде. Қазақстан, Маршалл аралдары, Жапония мен Алжирде сынақ салдарынан тарайтын сәулелердің залалы 15 млн. бейбіт тұрғынды шарпыған. Егер қолында құдіретті қаруы бар елдер тоқтамға келмесе, онда зардап шегушілер саны да өсе түспек.

 Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция әуелден ядролық қаруға ие. Соңғы онжылдықта олардың қатарына Үндістан, Пәкістан мен Солтүстік Корея қосылды. Иран бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасын жүзеге асырмақшы. Демек, мұндай қуатты қаруға қол жеткізген мемлекеттер саны артып отырғанда олардың бұдан бас тартуы да мүмкін емес.

— «Невада-Семей» қозғалысы да осындай сын шақта өмірге келді емес пе?

— Ол сонау 1989 жылғы 28 ақпанда құрылды. Биыл тура ширек ғасыр толып отыр. Алдымыздағы 29 тамызда ядролық сынақтардан аса көп зардап шеккен Семей жерінде үлкен шара жоспарланған. Ал, осы қозғалыс аясында алғашқы сәтте-ақ екі миллионнан аса қазақстандық ядролық сынақтарға қарсы үндеуге қол қойған-ды. Әлем халқы елең етіп, назарын қазақ жеріне аударды. Ондаған мемлекетте бейбіт шерулер өтті. Бәрі де біздің бастамамызды қолдады.

Олжас Сүлейменов сол кезде-ақ «Үн-түнсіз ақырзаманды күтіп отыра беруге қақымыз жоқ. Біз бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін күресуге үйренгенбіз. Енді бейбітшілік үшін әркім өз жерінде күресуі керек екенін түсіндік. Сондықтан, осы «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын құрдық» деген-ді.

Бүгінде әлемдегі бес ірі ядролық полигонның бәрі де үнсіз. Семей сынақ алаңы жабылған. Ал, Жаңа жердегі, Муруоа атолласындағы, Лобнор жанындағы және Невададағы полигондарға мораторий жарияланған. Бірақ соңғы төртеуіндегі жұмыстар кез келген сәтте қайтадан жандануы да мүмкін.

— «Невада-Семей» қозғалысы Елбасы тарапынан да лайықты қолдауға ие болып отыр ғой.

— Әрине, Мемлекет басшысының да, «Невада-Семей» қозғалысының да мақсаты – адамзатты жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан арылту. Ендеше, мүдделес жандар бірін-бірі қолдайды емес пе? Нұрсұлтан Әбішұлының өзі кезінде «Ғалымдар, жазушылар, қызметкерлер, жұмысшылар және басқа көптеген түрлі жастағы адамдарды біріктірген бұл қозғалыс Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі басқа да сынақ полигондарының қызметін тоқтату үшін күреске зор үлес қосты. Олжас Сүлейменовтің ядролық сынақтарды тоқтатуға сіңірген жеке еңбегі өте зор» деген-ді. Президенттен артық кім мұндай баға бере алар?.

Алдыңғы жылғы 29 тамызда Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты конференцияда Елбасы «АТОМ» жобасын жария етті. Оның мақсаты – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларының атом бомбасынан қалай зардап шеккенін адамзат есіне салу, сынақтар салдарынан зардап шеккен 15 млн. адамның тағдырына әлем жұртшылығының назарын аудару. Сондықтан, ядролық қаруды сынақтан өткізу өз алдына, оны сақтаудың да аса қатерлі екендігі белгілі.

— Біздің өңірде де талай сынақ жүргізілді емес пе?

— Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының шекаралас өңірлерінде бірнеше сынақ алаңы бар. Олар – Азғыр мен Мемлекеттік орталық полигондар. Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын да соған жатқызуға болады. Бұлар бір-біріне өте жақын, негізінен Нарын құмында орналасқан. Қазіргі қолдағы деректерге қарағанда, Нарында 29 ядролық жарылыс жасалған. Солардың 18-і жер астында, ал 11-і әуеде болған. Сонымен қатар, 1966-1979 жылдар аралығында Азғырдың жерасты тас тұздары қабаттарында үлкен көлемде көпмақсатты технологиялық қуыстар жасақтау үшін ядролық қару пайдаланылған.

Осы уақытта барлығы он ұңғымада 161-1491 метр тереңдік аралығында 17 жарылыс жасалды. Соның салдарынан жалпы көлемі 1,2 текше метрге жуық тоғыз қуыс пен тереңдігі 30, диаметрі 500 метрлік шұңқыр пайда болды. Солардың бәрі жерасты суларымен байланысқан. Әрі көлемі 20 мың текше метрлік жаңбыр мен еріген қарды жинақтайтын жасанды көл жасақталған.

Бұл ядролық жарылыстардың өңірге тигізген зардабы сол – бірнеше күннен кейін-ақ жер бетіне зиянды әсері біліне бастауы. Атмосфераға көп көлемде газ таралды. Сол маңдағы жақын елді мекен тұрғындары түрлі дертке шалдықты. Залалды екендігін білмегендіктен сынақ алаңдарындағы зымыран қалдықтарын үйлеріне тасып алып, шаруашылығына пайдаланған адамдар да кездесті. Өйткені, кезінде жергілікті тұрғындар арасында түсінік жұмыстары жүргізілмеді, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеді.

— Бүгінде жұртшылық ядролық қарулардың зияндылығы жөнінде жеткілікті дәрежеде хабардар деп ойлайсыз ба?

— Мүмкін ақпараттық тұрғыда әлі де түсінік жұмыстарын белсенді жүргізу керек те шығар, бірақ «Невада-Семей» қозғалысының өмірге келуі бұл бағыттағы олқылықтардың орнын толтыруға көп көмегін тигізді. Өйткені, қозғалыстың негізгі қызметтерінің бірі – қоршаған орта мен адам денсаулығына теріс әсер ететін зиянды өндірістер туралы мәліметтер жинақтау. Онымен кез келген қазақстандық таныса алады. Сол сынақ аймақтарында тұрған жандардың денсаулығын ұдайы зерттеп отырған жөн. Бүгінде сынақ жұмыстары тоқтатылғанымен, зардаптары толық жойылмағаны да мәлім. Әлі де болса арамызда сол жарылыстар салдарынан жәрдемге зәру, көмекке мұқтаж адамдар бар. Солар өз проблемасымен жеке қалмаулары қажет.

Сөз соңында айтарым, алдымыздағы 29 тамызда Шығыс Қазақстан облысында «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдығына арналған үлкен халықаралық жиын өтеді. Қазақстанның бастамасымен бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының карарымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» болып жарияланғаны белгілі. Семей қаласының Түйемойнақ аралында өтетін сол басқосуға әлемнің әр түкпірінен бес мың шамалы адамның келуі күтілуде. Атыраудан да бірнеше алдам барады. Ғалымдар мен мамандардың қатысуымен ғылыми конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылады. Соның бәрінде атом энергиясын, ядролық қаруларды тек қана бейбіт мақсатқа қолдану жайы айтылады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button