Жарнама
Экология

Төтенше жағдай: өзендер тартылып барады

ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНДА ЖЕРГІЛІКТІ АУҚЫМДАҒЫ ТАБИҒИ
СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ. БҰЛ ШЕШІМ ҚИҒАШ
ЖӘНЕ ШОРА ӨЗЕНДЕРІНІҢ, ОЛАРДЫҢ АРНАЛАРЫ МЕН КАСПИЙ
ТЕҢІЗІНІҢ ЖЫЛ САЙЫН ТАЙЫЗДАНЫП, ГИДРОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫҢ
КҮРТ НАШАРЛАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАБЫЛДАНДЫ.


Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ернар Боранғалиевтің айтуынша, табиғаттың мұндай тосын мінезі аймақтағы әлеуметтік-
экономикалық жағдайға да, экологиялық
тепе-теңдікке де ауыр салмақ түсіріп отыр.
Балықтардың уылдырық шашуы мен көшу үдерісі бұзылып, бағалы түрлердің жойылу қаупі күшейді. Шекара және құқық қорғау органдары кемелерінің қозғалысы қиындап, шаруашылықтардың балық аулау мүмкіндігі жыл өткен сайын шектеліп барады. Арналар арқылы ауыл шаруашылығы алқаптарына су бармай, жайылымдар қурап, мал шаруашылығы
да зардап шегуде. Сол себепті ауданда арнайы жедел штаб құрылып, төтенше жағдайды жою
жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов жетекшілік етіп отыр. Қазір Қиғаш пен Шора өзендерінің 128 шақырымдық арнасына тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Татар-Телячье, Көкарна, Ягодный, Тухлый, Қызылжар, Бұзаусылан, Сұрхан, Қадыр, Көнеу, Баклан және Иголкин арналарының әрқайсысында жүйелі жұмыстар қолға алынбақшы. Бұған қоса, теңіз тамағындағы Жарқоса мен Ганюшкин арналары т е р е ң д е т і л і п , ұ з ы н д ы ғ ы 10 , 8 шақырымдық бөлікте кеме қозғалысы қалпына келуі тиіс. Алайда, табиғат жанашырларының айтуынша, қазір қолданылып отырған әдістердің тиімсіздігі көзге ұрып тұр. Үнемі өңірдің әлеуметтік-экологиялық мәселелеріне үн қосып жүретін табиғат жанашыры, Атырау қаласының тұрғыны Әмин Бисімов өткен жылдардағы тәжірибені еске түсірді. Оның айтуынша, кеңес дәуірінде ММС мекемесінде қолданылған «землеройка» атты арнайы машиналар топырақты құбырлар арқылы ондаған метрге лақтырып тастайтын. Ал бүгінгі экскаватор жұмысы одан әлдеқайда өнімсіз.
– Қазылған топырақ қайтадан өзенге құлап, істің берекесін қашырады. Қазанға қасықтап су құйғандай емес, заман шелектеп жұмыс жасайтын тәсілді талап етеді. Тек соны түсінетін басшылар болса жақсы-ау, — деп қынжылды ол.
Табиғат жанашырының сөзінше, шын мәнінде бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – заманауи техниканы пайдалану және арнайы мекемелерді қайта жасақтау. Миллиардтаған қаржыны өзен балшығын қопаруға жұмсамай, жаңа құрал-жабдық алуға бағыттау қажет. Өйткені Каспийге құятын Еділ мен Жайықтың салалары жыл сайын тазаруды қажет етеді.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сүйенсек, былтыр Қиғаш-Шортанбай гидробекетінде ең жоғары су деңгейі 379 сантиметр болса, биыл ол 338 сантиметрден әрі аспаған. Ал, қыркүйек айында су небәрі 150 сантиметр деңгейінде тұр. Шора өзені де дәл осындай күйге түскен. Былтырғы ең төменгі көрсеткіш 97 сантиметр болса, биыл 87 сантиметрге дейін құлдырапты. Арнасы да тайыздап барады. Кейбір нүктелерде орташа тереңдік бір жылдың ішінде 0,79-дан 0,68 сантиметрге дейін кеміп кеткен.
Каспий теңізіне құятын су арналарының жағдайы экологиядан бөлек, өңірлік қауіпсіздік пен экономиканың түйінді мәселесіне айналған. Қиғаштың ұзындығы – 158 шақырым, Шора өзенінің ұзындығы – 106 шақырым. Бірақ осынша үлкен арналардың тереңдігі жыл сайын тайыздап, табиғи тепе-теңдікті шайқалтумен қатар, халықтың тұрмысын да қиындатып барады.
Ауданда жарияланған төтенше жағдай – жай ғана табиғи құбылыстың салдары емес, өңірдің болашағына төнген тікелей қатер. Егер уақыт оздырмай батыл қадам жасалмаса, бұл тек бір ауданның емес, тұтас аймақтың экологиялық және әлеуметтік дағдарысына ұласуы мүмкін.
Қиғаш пен Шораны сақтап қалу – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Өзен арналары 30 жыл бойы тазаланбай, Ресейден келетін су көлемі де азайып отыр. Бұл – кешіктірмей шешуді қажет ететін мәселе. Тек жүйелі көзқарас, заманауи техника мен нақты әрекет қана аймақты тығырықтан шығара алады. Табиғи байлықты сақтап, болашақтың қамын ойлайтын уақыт келді. Өйткені, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық деңгейде көтеріп жүрген трансшекаралық өзендер жағдайы мен Каспий теңізінің экологиялық ахуалы шынында да тек Қазақстанның жеке мәселесі емес, Еуразия құрлығына ортақ проблема.

Алмас ҚАБДОЛ
Құрманғазы ауданы


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button